« Қазан 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | |
7 | 8 | 9 | 10 | 11 | 12 | 13 |
14 | 15 | 16 | 17 | 18 | 19 | 20 |
21 | 22 | 23 | 24 | 25 | 26 | 27 |
28 | 29 | 30 | 31 |
Жан мен тәннің салауатты, сергек әрі ширақ болуы үшін спортты өміріңіздің мәніне айналдырғаныңыз жөн. Ауру-сырқау, шаршап-шалдығу сынды мәселелер өміріңізде жиілеп кетсе оның емі еңбек. Тарқатып айтқанда, дененің көп қозғалыста болғаны сан түрлі сырқаттан сізді құтқара алады. Ой еңбегінен бөлек, маңдай терді шығарып, бір мезет қолға күрек ұстағанның өзінде орасан пайда жатыр. Ал, тұрақты түрде спортпен шұғылданар болсаңыз нұр үстіне нұр. Белгілі бір спорт түрі адамды семіздік, стресс, қан аздық т.б толып жатқан аурулардан айықтырады. Бұл спорт мамандарының кеңесі.
Жақында Қызылорда қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Асылжан Жаманқұловпен тілдесудің сәті түсті. Ол бөлімнің 2018 жылдың 5 айында атқарылған жұмыстар туралы түгелдей айтып берді. Қала халқының саны көп болғанына қарамастан қызылордалықтардың спортпен қамтылуы аудандардан әлдеқайда жоғары екен. Бұқаралық спорт облыс орталығында жүйелі жолға қойылған. Соның нәтижесі ме екен, бөлім басшысының айтуы бойынша, қалалықтардың спортқа деген көзқарастары ерекше. Сонымен қатар, спортты жанына серік еткен қызылордалықтар жеңіс тұғырына жиі шығып тұрады.
Бұқаралық спорт түрлерімен жүйелі айналысу - үлкен спортқа алғашқы баспалдақ және салауатты өмір салтын қалыптастыру, нашақорлық сияқты әлеуметтік зиянды әдеттерден аулақ болып, қоғамдық тәртіпті бұзушылық пен қылмыстың алдын алудың тиімді құралының бірі. Қазіргі таңда, Қызылорда қаласында спортпен шұғылданушылар санының орнықты өсу үрдісі осы кеселдердің жолын кеспек.
Бөлім басшысын бұқаралық спорт және салауаттылықты серік еткен сырбойылықтардың санын білу мақсатында сұхбатқа шақырдық. Өткенге көз жүгіртіп, болашақты бағамдай келе: "2017 жылы қаламызда бұқаралық спортпен шұғылданушылар саны 6313 адамға артып, көрсеткіш 80965 адаммен 27,7 пайызға орындалды. Қалалық, аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімдері арасында дене шынықтыру-сауықтыру, спорттық бұқаралық жұмыстарды жолға қоюға бағытталған облыстық байқаудың 2017 жылғы қорытындысы бойынша Қызылорда қаласы І орынды жеңіп алды. Бөлім бұқаралық спорттық іс-шараларының күнтізбелік жоспарына сәйкес ағымдағы жылдың 5 айлығында дене шынықтыру мекемелерімен, спорт мектептері және спорт клубтарымен бірлесіп қазіргі күнге дейін 58 спорттық іс-шаралар өткізді. Облыстық біріншіліктер алдында 8 оқу-жаттығу жиындарын өткізіліп, 31 әр түрлі деңгейдегі облыстық жарыстар ұйымдастырылды. Қазіргі таңда қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің қолдауымен Қызылорда қаласының футбол федерациясымен бірлесе қала тұрғындары арасында шағын футбол лигасы ұйымдастырылып, қарқынды дамуда. Топ-топқа бөлінген лигада жалпы 40 команда қатысуда. Бұнымен тоқтап қалмай, алдағы уақытта жазғы және қысқы маусымдар жүйелі түрде өткізіледі, - деп, сөзін түйіндеді А.Жаманқұлов.
Расымен спорт бөлімінің өткізген шараларын көз көріп жүр. Бұқаралық спорттың қарыштап дамуына және қала тұрғындарын жаппай спортқа тарту мақсатында түрлі деңгейде спорттық іс-шаралар өтуде. Соның бірі тұрғындар арасында қоғамдық бірлестіктермен және жастар ресурстық орталықтармен бірлесе, қала көшелері арасымен қайырымдылық марафоны және веложарыстар қалалықтардың көңілінен шыққан-ды. Ендігі кезекте күзге дейін екі апта веломарафон, екі апта жүгіру жарыстары дәстүрлі түрде өткізіліп тұрмақ. Жалқаулықтан жаны ада жандар осылайша өз өмірлерін ұзартуға бір қадам болса да қарекет қылуда. Бұл - спорт деген ұлт талғамайтын өнердің жетістігі.
Спорт нысандары ел игілігінде...
Бұқаралық спортты дамытудың алғы шарттарының бірі - ол спорттық ғимараттарының қол жетімділігі. Қызылорда қаласында тұрғындардың дене шынықтыру және спортпен шұғылдануына арналған 610 спорттық нысан бар. Оның ішінде: 3 стадион (Ғ.Мұратбаев атындағы орталық стадион, қосалқы стадион, локомотив), 7 спорттық кешен, 108 спорт зал, 6 бассейн (Евразия СК, Сейхун СК, №264 мектеп, Жан-АЙ, Арай паркі, Ақмешіт сауықтыру кешені), 1 хоккей корты, 2 ату тирі, 8 теннис корты, 85 қосымша салынған және лайықтандырылған ғимараттар, 388 қарапайым спорт алаңы, 1 жеңілатлетикалық манеж ел игілігіне қызмет жасап тұр.
Балалар мен оқушылардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында 2017 жылы жеке кәсіпкердің өз қаражатымен "Арай" мөлтек ауданында футбол манежі пайдалануға берілген. Сонымен қатар, қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімі демеушілер тарта отырып, қаланың және Тасбөгет кентінің орталық алаңдарына, М.Ералиева атындағы мәдениет үйі мен Мерей мөлтек ауданы №16 үйдің алдына стрит-воркаут алаңдары салынған. Қала көркіне де өзіндік септігін тигізіп тұрған мұндай алаңқайлар кез келген тұрғын үшін ыңғайлы. Бұдан әрі бұқаралық спортты дамыту және спорт алаңдарды көбейту мақсатында бюджеттен 80 млн.теңге қаражат бөлініп, қаламыздың мөлтек аудандарында 20 дене жаттығуларына арналған алаңдар салынған. Бұл бұқаралық спорттың кең етек жаюына оң ықпал жасап отыр.
"Қайнар" спорт клубы қоғамдық бірлестігі қалада және қалаға қарасты 9 елді мекенде (3920 адаммен) тұрғындар мен жастар арасында бос уақытты тиімді өткізу мақсатында сауықтыру, дене шынықтыру жұмыстарын жүргізуде. Сонымен қатар, "Евразия" спорт кешенінде, "Мұз айдыны" спорт кешенінде және М.Ералиева атындағы мәдениет үйінің спорт залында бекітілген кестеге сәйкес 320 қала тұрғынына жыл соңына дейін күнделікті тегін спорт түрлерімен шұғылдануын қамтамасыз етіп келеді.
Тағы бір айта кетерлік жаңалық, Қызылорда қаласында Бейбарыс Сұлтан көшесі №198 мекен-жайда "Қайнар-Бұлақ" спорттық-сауықтыру орталығы ашылды. Аталған спорт кешенінде спорттың 15 түрінен жаттығулар жүргізіледі. Спорттық обьектіге 115 млн.теңге жұмсалыпты. Дегенмен оның игілігін қала тұрғындары көріп келеді. Сондай-ақ, балалар мен жасөспірімдер спорт мектептер желісін ұлғайту және шұғылданушылар санын арттыру барысында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында үстіміздегі жылы Қызылорда қаласы Мерей мөлтек ауданында дене шынықтыру-сауықтыру кешенін жалға беру жобасы іске қосылып, жоба аясында 1200-ге тарта баланы спортпен қамту жүзеге асырылған. Ал, ағымдағы жылы Еуропалық стандартқа сай жалпы құны 100 млн.теңгені құрайтын Мерей мөлтек ауданы №20 Е үй алдына 4 шағын футбол алаңы және Еңбек №75 мекен-жайында 2 шағын футбол алаңы қолданысқа берілгеніне тұрғындар дән риза болған-ды. Қалада спорт инфрақұрлымы қарқынды дамып, алдағы уақытта көптеген спорт нысандарын ел игілігіне беру өз жалғасын таба бермек. Халық барды бар деп бағалайды. Ендігі кезекте қыстық ойындарға арналған нысандар көптеп салынса деген бұйымтай да бар. Себебі осы бағытта өзге облыс қатарынан қалып қоймауымыз қажет.
Ұлттық спорт ұлт мақтанышы
Қалалық дене шынықтыру және спорт бөліміне тікелей бағыныстағы "Қажымұқан" спорт клубында бұқаралық спортты дамытып, жастарды ұлттық спортқа тарту мақсатында әртүрлі спорттық үйірмелер ашылып, қазіргі таңда спорт клубында мыңға жуық тұрғын спортпен шұғылдануда.
Қаламызда ұлттық спорт түрлері қарқынды даму үрдісі байқалады. Соның дәлелі жастар арасында қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен Қызылорда қаласы әкімінің жүлдесі үшін Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы қазақ күресінен дәстүрлі республикалық ашық турнир 6-шы рет өткізілді. Бұл турнирге еліміздің бүкіл облысынан және өңіріміздегі аудандардан 180 спортшы келіп қатысты. Турнирдің жеңімпаз жүлдегерлері қазақ күресінен Ұлттық құрама сапына кіру мүмкіндігіне ие болды.
Бұдан әрі ұлттық спортымызды дәріптеу және дамыту мақсатында жоғарғы деңгейдегі жарыстар өз жалғасын табуда. Атап айтсақ, тоғызыншы мәрте ұйымдастырылған айтулы бәсеке "Алтын белбеу" жарысы Н.Ә.Назарбаевтың "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" бағдарламалық мақаласындағы міндеттерді жүзеге асыруға бағытталған.
Боз кілемдегі балуандар үш кезең бойынша төрт жас деңгейінде сынға түсті. Бірінші кезеңі әр ауылдық аймақтарда наурыз айында өткізіліп, оған 6839 спортшы қатысқан. Екінші кезеңі аудандық, қалалық жарыстар сәуірде ұйымдастырылып, оған 1511 спортшы бақ сынасса, үшінші кезеңі - облыстық соңғы сайысқа 250 балуан төл өнерімізді дамытуға атсалысты. Үш кезең бойынша барлығына 8600 спортшы сынға түскен. Түйе палуан сайысына 15 спортшы қатысты. Олардың арасында Нұрым Сәлімгереев "Сыр Барысы" атанып, "Алтын белбеу" белдігі табысталғаны Сыр жұртшылығына белгілі. "Сыр Арланы" қызылордалық Мақсат Исақабыловқа беріліп, "Сыр Сұңқары" атағы қызылордалық Жасұлан Досымовқа бұйырды.
Сондай-ақ, 9 мамыр Ұлы Жеңіс күніне орай орталық Ипподромда ұлттық спорттың 4 түрінен (бәйге, теңге ілу, көкпар, жамбы ату) жарыстар өткізілді. Бәйгенің жеңімпаздары автокөлік кілтін иемденді.
Осындай шаралардың жалғасы ретінде қаламызда 4 жылда бір келетін Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев атындағы жүлде үшін VI Халық спорты ойындары өткізіледі. Аталмыш спартакидада 13 спорт түрінен спортшылар бақ сынайды. Қазіргі кезде жарысқа қызу дайындық жүруде. Қаламыздан барлығы 164 спортшы қатысады деп күтілуде. Осындай ұлттық спортқа деген бетбұрыс дәстүрімізді дәріптеп, өткенімізді жаңғыртуға қызмет жасайды.
Жеңіс - жетістіктердің жемісі
Қай салада да нәтиже басты орында. Спортшылардың нәтижесі ол - жеңістер. Осы тұста, жоғары жетістіктерге тоқтала кетсек. 2018 жылы облысымыздың басты жетістіктерінің бірі Пхёнчхан қаласында (Оңтүстік Корея) өткен ХХІІІ қысқы Олимпиада ойындарына Қызылорда облысынан мәнерлеп сырғанаудан Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегі спорт шебері, қызылордалық қыз Элизабет Тұрсынбаева қатысты. Бұл мүмкіндікті спортшы 2017 жылғы 29 наурызда Хельсинкиде (Финляндия) өткен Әлем чемпионатында (қысқа және еркін бағдарлама қорытындысы бойынша 191,99 ұпаймен 8 орын) иеленген еді. Элизабет Тұрсынбаева қыздар арасындағы жекелей сырғанау бойынша Қазақстан спортының тарихында алғаш рет екі жолдаманы жеңіп алды.
Ал, Назерке Нұрғали Албанияның Дюррес қаласында өткен шахматтан 15 жасқа дейінгі оқушылар арасындағы әлем чемпионатында жеңімпаз атанды. Назерке швейцар жүйесі бойынша классика түрінен 9 турдан 8 ұпай жинап, жеңімпаз тұғырынан көрінді. Албанияда оқушылар арасындағы әлем чемпионатына 40 елден 420 спортшы жүлделерді сарапқа салды.
Қала спортшылары спорттың барлық түрлерінен жетістіктен кемде емес екені қуантады. Ресей мемлекеті Санкт Петербург қаласында өткізілген жастар арасындағы Әлем чемпионатында Қызылорда қаласының дене шынықтыру және спорт бөліміне қарасты "Қажымұқан Мұңайтпасұлы" атындағы спорт клубының спортшысы Әділсерік Ғани І орынды жеңіп алды және елордамыз Астанада өткен грепплингтен Азия чемпионатында Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы спорт клубының спортшылары Руслан Мұстафа Азия чемпионы атанса, Диана Садвакасова күміс жүлдені иеленді. Сочи қаласында аралас жекпе-жектен өткен Әлем чемпионатында панкратионнан Саламат Қалжанов және Әділсерік Ғани ІІІ орындарды иемденіп, Сыр спортының деңгейін бір көтеріп тастаған болатын.
Өзбекстан мемлекетінің астанасы Ташкент қаласында өткен Азия кубогында қызылордалық споршылар 3 жүлдені қоржынға салды. Ерлер арасында 50 кг салмақ дәрежесінде Нұрдәулет Аманқосов күміс жүлдені иемденсе, қыздар арасында 52 кг салмақ дәрежесінде Анель Мұхан және 40 кг салмақ дәрежесінде Құндыз Жылқыбай қола медальды иемденді. Бұл жетістіктермен тоқталып қалмай, қала спортшылары жоғарғы жетістікке жетуін жалғастыруда. Атап айтсақ, 2018 жылы Жапония мемлекеті Окинава қаласында каратэдодан өткен Азия чемпионатында жерлесіміз, жоғары спорт шеберлігі мектебінің спортшысы Мөлдір Жаңбырбай 50 кг салмақ дәрежесінде жеңіске жетті.
Қызылордалық спортшылар жыл көлемінде Сыр спортын алға сүйреп, оның дамуына, биік белестерден көрінуіне барын салып келеді. Шашасына шаң жұқтырмай, жеңіс мәресіне бірінші жететін жүйріктер Қызылордада жетерлік. Олар әлі талай көк туымызды желбіретіп, жеңіс тұғырларынан бой көрсете беретініне сеніміміз мол.
Айдар САЙЛАУОВ
« Қазан 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | |
7 | 8 | 9 | 10 | 11 | 12 | 13 |
14 | 15 | 16 | 17 | 18 | 19 | 20 |
21 | 22 | 23 | 24 | 25 | 26 | 27 |
28 | 29 | 30 | 31 |