« Қазан 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | |
7 | 8 | 9 | 10 | 11 | 12 | 13 |
14 | 15 | 16 | 17 | 18 | 19 | 20 |
21 | 22 | 23 | 24 | 25 | 26 | 27 |
28 | 29 | 30 | 31 |
Пайғамбар жасынан асқаннан кейін өткен өміріңді зерделей отырып, бүгінгі күндеріңді ой елегінен өткізіп, ауылдың тыныс- тіршілігіне көз жүгіртесің, жасалып жатқан игі істерге қуанып, бойың бір сергіп қалады. Әрине, біз жасымыз келгеннен кейін, кейінгі ұрпақтарымыздың дұрыс азамат болғанын тілейміз. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген ғой. Жаңақұрылыс ауылдық әкімшілігі жанынан құрылған Жастар ұйымының жарқын істерін көпшілікке айтуды жөн көріп, қолыма қалам алдым. Жақсы істерді айтпас бұрын, жас буынға тәрбиелік мәні бар сөздерді айтып кетуді мақұл көрдім.
Қазір отбасында ата-аналар жастарға үлкен кісілерге кездескенде өзің бұрын сәлем бер, кездескен адамдармен сәлемдесуді дағдыға айналдыр, олардың алдынан кесіп өтпе, алдына түспе, үлкендердің ықыласы мен батасын, ризалығын алуға тырыс, жұрт алдында әдепті бол, жақсы мінез-құлқыңмен өзгелерге өнегелі әсер қалдыр, көптің ортасында өзім білермендікке салынба, дөрекі мінез, дөң айбат көрсетпе, қайырымды, мейірімді, кішіпейіл, кешірімді, ата-анаң мен ел жұртыңа, отаныңа адал бол деген тәрбие сөздерін қайталап айтса деймін. Жас буын, жас шыбықтай иілгіш те, жазылғыш та болады, жақсы сөз, жақсы тәрбие алған бала дұрыс өседі, келешегі кемел болады.
Отбасында да өзіңе ұнамаған жан туралы балалардың көзінше әңгіме қылудың қажеті жоқ, жаман сөзді есітіп өскен бала, сол адамды жек көреді, онымен қоймай, қатар баласы болса, сонымен кектенеді, достығы ажырайды. Қайта жек көрген адамың болса да оның жақсы жағын айтып отырсаң, ол үлкен сауап және балаларыңа жақсы тәрбие деп білемін. Іштарлық, қызғаншақтық, көреалмаушылық опа бермейді. Әрине ақыл айтудан аулақпын, өмірден көрген-білгенімізді және үлкен абыз ақсақалдардан естігенімізді кейінгі ұрпақтарға айту – парызымыз. Осындай ұлағатты сөздерді есітіп, ата-аналарының қабақтарына кір шалдырмай ауылдың мақтанышына айналған ауыл жастарының ауылына жасаған игі-істерін тілге тиек етпекпін.
Жастар ауылдың тыныс- тіршілігіне, қандай жұмыстар болмасын, белсене араласып келеді. Әрине, біз оған алғысымызды айта отырып қуанамыз. Мысалы, ауыл ішінде әкімшілік ғимаратының алдында үлкен саябақ ашып, 180 түп тал егіп, жолаушыларға автобус күтетін жаңа аялдама салып берсе, өткен жылы, ауылға кіреберіс жерге, көрнекті арка орнатты, биыл ауыл ортасындағы паркке орналасқан Ұлы Отан соғысынан оралмағандарға қойылған ескерткішті заман талабына сәйкес жаңартып салуды жоспарлап отыр. Бұл айтылған нәрсенің бәрі қаражатсыз бітпейді. Жастар өздері қаржы жинап, әр жылда туған жеріне бір игі іс жасауды жоспарлаған. Биыл Наурыз мерекесінде ауыл жастары тағы да ұйымшылдық танытты. Жуырда өмірден өткен ата-бабаларға арнап орталық «Өтеш ахун мешітінде» ас берді. Жастардың осы жарқын істері көпке үлгі боларлықтай.
Сердалы ШАЛБАЕВ,
Жаңақұрылыс ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы.
Арал ауданы.
« Қазан 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | |
7 | 8 | 9 | 10 | 11 | 12 | 13 |
14 | 15 | 16 | 17 | 18 | 19 | 20 |
21 | 22 | 23 | 24 | 25 | 26 | 27 |
28 | 29 | 30 | 31 |