АРАЛ: СЕНІМ СЫЙЛАҒАН СЕРПІН

Кеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Арал ауданына жасаған жұмыс сапарында бірқатар әлеуметтік нысандардың ашылу салтанатына қатысып, кәсіпкерлікті дамыту бойынша көшпелі мәжіліс өткізді.

Аудандағы Сексеуіл кентінде үл­­кен өзгеріс бар. Әсіресе, соңғы жыл­дары әлеуметтік, мәдени, спорт­­тық нысандардың салынуы кент­­тің келешегі жарқын боларын айғақтай түскендей. Мұндағы жаңа ғимараттар қатарына енді спорттық денешынықтыру және сауықтыру ке­шені қосылды. Жергілікті бюд­жеттен қаржыландырылған жобаның жалпы құны 363 млн теңгеден асады.

Аумақты нысанды «Асанас–Дар» ЖШС құрылысшылары салды. Силикат кірпішпен өріліп, сэндвич қасбетпен қапталған  спорттық нысанның ауласы абаттандырылған. Енді мұнда Сексеуіл спортшылары бокс пен күрестің 3 түрі бойынша жаттыға алады.

Оның ашылу рәсімінде сөз сөй­леген аймақ басшысы заманауи кешенде жаттығу ауыл баласы үшін де қолжетімді болуы керектігін атап өтті.

– Бұл нысан – облыс бюджеті есе­бі­нен салынған аудандағы тұңғыш спорт кешені. Дәл осындай нысандар алдағы уақытта облыс бойынша бар­лық тіректі елді мекендерде, соның ішінде, ауданға қарасты Жақсықылыш кенті, Шижаға елді мекенінде, Арал қаласында салы­нады деп жос­парлануда, – деді облыс әкімі.

Аймақ басшысы кент инфра­құры­лымын арттыру жалғаса  беретінін де айтып өтті. Қазір 11 мың тұрғыны бар Сексеуілді газдандыру жобасы дайын тұр. 

Кент халқының тағы бір қуанышы – осыдан бір ай бұрын ашылған «Қарақат» ойын-сауық орталығы. Жеке кәсіпкер Мейрамбек Таласов 150 млн теңгеге салған әлеуметтік нысанда 10 сауда дүкені, балалар ойын-сауық орталығы бар. Екінші қабатында 44 сауда нүктесі жұмыс істейді. Балаларға арналған бөлігіне аттракциондар, батуттар қойылған.  Сауда орталығында 10 адам тұрақты жұмыспен қамтылуда.  Нысан жұмысымен танысқан аймақ басшысы  ел игілігі үшін еңбек еткен кәсіпкер жұмысына сәттілік тіледі.

Осы күні Шижаға ауылында ауызсу құбыры іске қосылды. Бұл – «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында таза ауызсуға қосылған теңіз төскейіндегі бесінші елді мекен. Бұл мәселені түбегейлі шешу мақсатында өткен жылы «Жол картасы» қабылданып, 7 ауыл орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылды. Облыс әкімі шалғайдағы елді мекендердің де мәселесін шешу бағытында жобалар жасалып жатқандығын жеткізді.

– Облыста ауызсумен қамтамасыз ету республика бойынша 97% көрсетіп, жоғары деңгейге жетті. Енді бірер жылда аудан түгел таза сумен қам­тылады.  САРАТС жобасының екін­ші кезеңі бойынша 8 компонент іске асырылады. Бұл жоба балық шаруа­шылығын дамытуға үлкен сеп­тігін тигізетін болады. Алыс аудан сана­латын Аралға да газ келді. Бүгін сіздерге су келсе, көп ұзамай газ да жетеді, – деді облыс әкімі.

Екі жарым мыңнан астам түтіні бар ауылдың барлық үйіне ауызсу жүйесі жеткізілді. Есептегіш құралдары орна­тылды. Құрылыс жұмыстарының сапа­сын тұрғындар өздері бақылады.

Жалпы, ауылда әлеуметтік мәсе­лелер оң шешімін тауып келеді. Көше­лер жарықтандырылып, жолдар жаңғыртылуда. 

Облыс   басшысының төраға­лы­ғы­­мен осы күні аудан әкімдігінде кәсіпкерлік саласының дамуына арналған көшпелі мәжіліс өтті.    Он­да теңізді аймақ эко­номикасын дамытудың нәтижелері туралы аудан әкімі Мұхтар Оразбаев баяндама жа­сады.

 «2017-2019 жылдарға арналған «Жол картасы» бойынша ауқымды жобалар қамтылып отыр. Осы күнге дейін жалпы құны 114 млрд теңге болатын 84 жобаның 39-ы жүзеге асқан. Биыл ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, өндіріс салалары бойынша межеленген іс жүзеге асырылып, ел игілігі жо­лындағы жұмыстар жалғасын таппақ.

Биыл мемлекеттік грант алу үшін ауданнан 86 кәсіпкер өтінім беріп, кон­курстық комиссия оның 23-ін мақұлдаған.   Ал өңірлік инвестициялық орталық тарапынан жыл басынан бері жалпы құны 166,3 млн теңге болатын 34 жоба үшін шағын несие берілген.

Көшпелі мәжілісті қорытын­ды­лаған аймақ басшысы кәсіпкерлікті дамыту бағытында облыста атқарылып жатқан жұмыстарды бір саралап, кәсіпкерлердің мұндай мүмкіндікті қалт жібермеу керектігін қадап айтты.

– Биыл облыста «Жаппай кә­сіп­­­керлікті қолдау жылы» жария­ланғанын жақсы білесіздер. Бұл үшін тиісті Жол картасы әзірленіп,  барлық қаржыландыру көздерінен 32 млрд теңге жинақталды. Одан бөлек, шағын бизнес субъектілерінің стартап жобаларына қайтарымсыз грант­тар беріп, оларға қолдау көрсету үшін облыстық бюджеттен 200 млн теңге бөлінді.  Мұндай қаржыны бас­қа облыстар бөліп отырған жоқ.   Ел жағдайын шын ниетімен көтеріп жүрген азаматтарды қолдаймыз. Кәсіп­керлікке жаппай қолдау керек. Бұл бірінші мәселеге айналуы тиіс, – деді облыс басшысы.

Мәжіліс соңында бірқатар сала  басшыларына  тапсырмалар жүктелді.

Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ,

«Сыр бойы».

Арал ауданы.

Әлеумет 10 маусым 2018 г. 2 758 0