АТҚАРЫЛАР ЖҰМЫС АЗ ЕМЕС

Облыс әкімінің тапсырмасына сай құрылған Уақытша комиссияның төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Имамадин Оңғарбаев жұмыс тобының  аудандарды аралағанда біраз мәселелерді анықтағанын жеткізді. Сонымен бірге бұл проблемаларға кәсіпорын басшысы ретінде емес, комиссия жетекшісі тұрғысынан баға беріп отырғанын айтты.

Арал ауданы бойынша «Қосаман – Ақбасты» және «Жақсықылыш – Тоқабай – Абай» бағыттарында магистральды құбырды тарту және ішкі тарату жүйелерін салу бойынша жоба-сметалық құжаттары облыстық бюджет қаражаты есебінен жасалуда.  Шөміш елді мекені бойынша аудандық бюджет қаражаты есебінен жоба сметалық құжаттамалары дайындалмақ. Уақытша комиссия сондай-ақ аудан әкімшілігіне Аққұлақ, Көктем, Ерімбетжаға, Сазды, Ақеспе елді мекендеріне жоба сметалық құжаттамаларын дайындауды ұсынып отыр. Осы жерде бір анықтап өтерлік мәселе – облыс  аудандарындағы елді мекендердің су желілері «Арал» СЖКБД филиалы қарамағына өткенмен де, жергілікті жерде жүзеге асырылатын жұмыстар жобасын аудандар әкімшіліктері жасап беруі тиіс. Облыс әкімінің тапсырмасы осындай. Ел – ортақ, жер – ортақ, сондықтан жергілікті әкімшіліктер тыс қала алмайды.

Комиссия төрағасы «Арал-Сарбұлақ» топтық су құбырына жөндеу жасалғанда қаржы жетіспеушілігіне орай он жылға ғана есептелген құбыр салынғанын айтты. Одан бері бес жыл уақыт өтті, халық саны өсіп, су тұтыну көлемі арта түсуде. Екінші желі тарту қажеттігі туындаған жағдайда оған кем дегенде 10-15 млрд теңге қажет болады. Ал оның орнына Қазалыдан 80 шақырым қашықтықтағы Байқожа елді мекені тұсындағы «Ақкесек» су кешенінен магистральды су құбыры тартылса, бұл жағдайда мемлекеттің миллиардтаған қаржысы үнемделер еді.

Қазалы ауданы бойынша «Арал – Сарбұлақ» топтық су құбырына қосылған Жанқожа батыр, Бекарыстан би, Майдакөл ауылдарының және Байқожа оқшау ауызсумен жабдықтау жүйесі бойынша жасалған жобалық құжаттамалардың уақыты өтіп кетуіне байланысты аудан әкімшілігі тарапынан қайта жасалуы керек. Сол секілді Шәкен, Шилі, және Сарыбұлақ елді мекендеріне ауызсу жүйелерін тарту бойынша жоба-сметалық құжаттамаларын дайындауды қажет етеді.

Қармақшы ауданында оқшау ауызсу жүйелерімен қамтамасыз етілген Алдашбай ахун және Қармақшы елді мекендерінің ұңғымаларына қосымша бір-бір ұңғымадан қазу бойынша жоба сметалық құжаттамалары дайындалды. Осы жобаларды филиалдың инвестициялық бағдарламасына енгізу жоспарланып отыр. Ал Төретам және Ақай елді мекендеріндегі ауызсу жүйелері қыс мезгілінде қатып қалуы себепті оларды жаңғырту немесе кеңейту бойынша жоба  дайындау қажеттілігі туындауы мүмкін. Қазіргі күні құбыр бойындағы задвижкалар қатып қалған. Күн жылынбай оларды  қозғауға болмайды. Мұның бәрі кезінде сапасыз орындалған жұмыстың нәтижесі. Сондықтан екі  елді мекенге де қайта жоба жасау қажет.

Имамадин Зәкірұлы Төретам мен Ақай елді мекендері филиал қарамағына 1 қаңтарда өткенін айтты. Төретамда он екі мыңға, Ақайда бес мыңға жуық халық бар. Оларға суды ресейлік «Байқоңырэнерго» мекемесі беріп келеді. Мұндағылар судың 1 текше метрін 207 теңгеден босатуда. Байқоңыр беріп келе жатқан судың жыл өткен сайын тарифі қымбаттай беретін болады. Сол үшін  Ақкесек деген жердегі жер асты су қорынан 40 шақырымдық  құбыр тарту керек. Сонда Төретам мен Ақайды сапалы, әрі арзан және тұрақты ауызсумен қамтамасыз етуге қол жеткізіледі.

Жалағаш ауданында үш елді мекен – Жаңадария, Аққыр және Мақпалкөл ауылдары  бойынша жобалар дайындалды. Бұл жобаларды 2018-2019 жылдарға «Өңірлерді дамыту-2020» бағдарламасы аясында жүзеге асыру үшін бюджеттік өтінім ұсынылып, оның ішінде Мақпалкөл және Аққыр елді мекендері қолдау тауып отыр. Қолдау таппай қалған Жаңадария елді мекенін 2019 – 2021 жылдар жоспарына енгізуді қажет етеді. Сондай-ақ үздіксіз ауызсумен қамтамасыз ету үшін Аққұм, Аламесек, Мәдениет, Далдабай және Жаңақоныс елді мекендерінің ішкі су жүйелерін салу, кеңейту және әр үйге дейін кіргізу бойынша аудандық бюджет қаражаты есебінен жоба – сметалық құжаттамаларын жасату керек. Ол дайындалғаннан кейін құрылыс – монтаж жұмыстарын қаржыландыруға республикалық бюджетке ұсынуды қажет етеді.

Сырдария ауданы бойынша оқшау ауызсу жүйелерімен қамтамасыз етілген Жетікөл және Бесарық елді мекендерінің ауыз су жүйелері тозығы жеткен және кеңейтуді қажет етеді. Комиссия төрағасы Сырдария ауданы басқа аудандармен салыстырғанда ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша жоғары деңгейде екендігін атап кетті.

«Жиделі» топтық су құбырының бас су алу кешенінен Шиелі кентіне дейінгі магистральді құбырдың екінші жүйесін салу қажет. Бұл бойынша аудан әкімшілігі облыстық бюджет қаражаты есебінен жоба құжаттамалар дайындап жатыр. Оқшау ауызсу жүйелерімен қамтамасыз етілген елді мекендердің су жүйелері тозығы жеткен және кеңейтуді қажет етеді. Осы бағытта үш елді мекеннің – Ботабай, 1 Мамыр және Бірлестік ауылдары бойынша  жобалар дайындалды. Бұл жобаларды 2018-2019 жылдары «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жүзеге асыру үшін бюджеттік өтінім ұсынылды. 2018 жылдың наурыз айына дейін Тартоғай және Сұлутөбе (М.Шоқай) елді мекендерінің жобалары мемлекеттік сараптамадан өткізілетін болады.

Комиссия Жаңақорған ауданы бойынша бірқатар проблемалық жайттарды анықтады. Жаңақорған кентінде біраз тұтынушылар ауыз суды тасымалмен немесе сағатпен тұтынуға мәжбүр. Өйткені, кент толықтай таратушы жүйелермен қамтамасыз етілмеген, көптеген көшелердің ауызсумен жабдықтау жүйелері тозығы жеткен. Осы мәселені шешу үшін 2017 жылдан бастап «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында қаржыландырылып отырған Жаңақорған кентінің 4-ші кезең құрылысы жобасы жүргізіліп келеді. Алайда, бұл жоба толық аяқталғанымен, мәселе шешілмей қалып отыр. Себебі жоба бойынша 193 км таратушы жүйелердің құрылысын салу және 24 856 үйді ауызсумен қамтамасыз ету қарастырылған. Бірақ жоба бойынша сервистік жүйелер немесе қоғамдық су тарату колонкалары қарастырылмаған. Осыған байланысты ауызсу беру мүмкін емес. Осы мәселені шешу үшін филиал өз күшімен «Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы Жаңақорған кентінің тұрғын үйлеріне су құбырын жеткізу сервистік жүйесінің құрылысы» жобасын дайындау жұмыстарын жүргізуде. Оның сметалық құны жобамен 1 млрд теңге болады. Жоба жүзеге асырылғанда кенттің ауызсумен қамтамасыз ету мәселесі толық шешімін табатын болады.

Ал, «Жиделі» топтық су құбырына қосылған Жайылма, Сүттіқұдық. Төменарық, Қожамберді, Еңбек, Екпінді және Сунақата елді мекендері ауызсумен қамтылғанымен ішкі таратушы жүйелері толықтай тозығы жеткен және кеңейтуді қажет етеді. Осыған байланысты жоба-сметалық құжаттамаларын аудандық немесе облыстық бюджет қаражаты есебінен жасау мүмкіндігін қарастыру керек. Жоба-сметалық құжаттары дайындалғаннан кейін құрылыс жұмыстарын қаржыландыруға республикалық бюджетке ұсыну қажет. Бұл жұмыстар 2019-2020 жылдары атқарылады деп жоспарлануда. Қалған 28 елді мекен оқшау су көздерімен отыр, оларға жеткізілетін «Талап» және «Сырдария» топтық су құбыры құрылысы жүріп жатыр. Биыл «Сырдария» топтық су құбырына 16 елді мекен қосылады. Қалған 12 елді мекен 2018-2019 жылы қосылады. Өйткені, оған 3,5 млрд теңгедей қаржы керек. Ал биылға бөлініп отырғаны 1 млрд «Талап» су құбырынан 4 елді мекен су ішетін болады және ондағы бас тоғанның жұмысы бітеді. Осылайша Жаңақорған ауданының проблемасы шешіледі.

Қызылорда қаласына қарасты Белкөл кенті аумағында орналасқан сарқынды суды сүзгілеу алаңы құзыретті органдардың теңгерімінде болмаған. Аталған жағдайға байланысты cүзгілеу алаңын заңдастырып филиал теңгеріміне беруді қажет етеді. Талдыарал елді мекенінде 19 үй 2 қабатты үйлер орналасқан және жеке үйлер бар. Осында шоғырланған халықты үздіксіз ауызсумен қамтамасыз етуге, ауызсу жүйелерінің толықтай тозуына байланысты мүмкіндік болмай отыр. Осыған орай ауызсу жүйелерін салуға жоба-сметалық құжаттамаларын дайындауға және құрылысын жүргізуге қаражат көздерін қарастыруды қажет етеді.  Қалаға қарасты 13 елді мекеннің жобалық құжаттары түгелдей дайындалды. Осы жерде атап өтерлігі, Қызылорда қаласы жанындағы «Сабалақ» саяжай кешеніне келетін ауызсу жүйесі жобасы жасалып республикалық бюджетке ұсынылды. 

Көп қабатты тұрғын үйлерден шығатын сарқынды суды бұруға жүргізілген кәріз су жүйесінің шойын құбыры 1989 жылы пайдалануға берілген. Қазіргі таңда толықтай тозығы жету салдарынан көптеген ақаулар пайда болып, қайта қалпына келтіруге мүмкін болмады. Аталған жайттарға байланысты Талдыаралдағы 1989 жылы пайдалануға берілген кәріз су жүйесі толықтай қайта жаңғыртуды қажет етеді және жобада биологиялық тазалау станциясын ескеру қажет.

Аудан және облыстық мәслихат депутаттарынан құрылған жұмыс тобы, барлық аудандарды аралап, жағдаймен танысып көріп, халықпен кездесті.  Қызылорда облысы бойынша 24 сағат ауызсумен қамтамасыз етілген елді мекендердің ауызсу жүйелерін қайта жаңғырту, кеңейту және 24 сағат ауызсумен қамтамасыз етілмеген елді мекендердің ауызсу мәселесін түпкілікті шешу үшін «Қызылорда облысы елді мекендерін ауызсумен қамтамасыз етудің перспективалық даму жоспары» дайындалып, қажетті қаражат көлемі анықталды.  Жалпы қаражат көлемі – 30,3 млрд теңге. Оның ішінде жоба-сметалық құжаттамаларын дайындауға шамамен – 1,2 млрд теңге, құрылыс монтаж жұмыстарына шамамен 29,1 млрд теңге жұмсалады деген есеп бар.

Комиссия төрағасы «Арал» СЖКБД филиалының басты мақсаты, негізгі ұстанымы тұрғындарды 24 сағат бойы ауызсумен қамтамасыз ету екенін жеткізді. Ол үшін барлық елді мекенде ішкі су желілері болуы керек.

Сонымен бірге келесі мәселені атап өтті. Алты ай қыс кезінде белгілі бір мөлшерде су тұтынған елді мекендерде, кенттер мен қалаларда жазғы мезгілде оның көлемі 3-4 есе өсіп шыға келеді. Демек, жаз айларында ауызсуды аяқсу ретінде пайдаланып отыр деген сөз. Қазір жерасты суы жеткілікті, десе де,  болашақта ол азаймайды деп ешкім кепілдік бере алмайды. Сондықтан барлық елді мекендер аяқсу жолдарымен қамтамасыз етілуі қажет. Бұл өте күрделі мәселе, солай бола тұрса да, ол болашақта шешімін табуы тиіс. Комиссия төрағасы атап өткендей, біздің облыс халқы негізінен жерасты суын тұтынып отыр, сол себепті республикада сапалы ауызсу пайдалануда алғашқы үштіктен табылатынымызды да ескеру қажет.

Ал тарифтер уақыт ағымына байланысты өзгеріп отыруы ықтимал жағдай. 2021 жылға дейін ауызсумен қамтамасыз етуді 100 процентке жеткізу міндеті тұр. Бұл, әрине, проблема таусылады деген сөз емес. Халық санының өсуіне, жаңа тұрғын аудандар салынуына орай, сондай-ақ қазіргі қолданыстағы ауыз су құбырларының тозуына байланысты бұл саланың тіршілігі де жалғаса береді.

Әлеумет 17 наурыз 2018 г. 1 802 0