СЫРБОЙЫЛЫҚТАР АУЫЗСУДАН ТАРЫҚПАЙДЫ

«Ауылдық елді мекендерді сапалы ауызсумен қамтамасыз ету үшін Үкімет бұл іске барлық қаражат көздерінен жыл сайын кем дегенде 100 миллиард теңге қарастыруы қажет». 

Елбасының биылғы Жолдауынан. 

Адам баласының тіршілігі үшін қажеттіліктер аз емес. Ал солардың ішіндегі ең маңыздысы – ауызсу. Еліміздің тұрғындарын тіршілік нәрімен қамтамасыз ету – мемлекеттің негізгі міндеттерінің бірі. Дәлірек айтқанда, қазақстандықтарды ауызсумен қамтамасыз ету мемлекеттік саясаттың басты әлеуметтік бағыттарының бірі болып саналады.  Осы мақсатта Қазақстанда  ауқымды жұмыстар атқарылып келеді.

Адам денсаулығы ауызсудың сапасына тікелей тәуелді. Осыған байланысты ауызсуға мемлекеттік санитарлық талаптар қойылады. «Қазақстандағы сапалы ауызсумен қамтамасыз ету мәселесі – халықтың денсаулығын сақтаудың аса маңызды міндеті. Сондықтан бұл біздің басымдығымыз болмақ», – деп  Мемлекет басшысы Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында атап өткен болатын. Мұнымен қоса Елбасы жерасты суларының әлеуетін кеңінен пайдалану, сумен қамтудың жаңа желілерін салу кезінде де жүйелі қағидатты қолдану керектігін тапсырды.

Қазақстанда халықты ауызсумен қамтамасыз ету ісінің өзіне тән ерекшеліктері бар. Жер аумағы жөнінен әлемде тоғызыншы орынға ие Қазақстанда елді мекендер арасы алшақ орналасқандықтан, ауызсумен қамтамасыз етудің өзіндік қиындықтары да жеткілікті. Көп қаржы жұмсауға тура келеді.  Соған байланысты бұл бағытта мемлекеттік бағдарламалар аясында мол көлемде қаржы бөлініп келеді. Оны біздің облыста жасалып жатқан жұмыстардан анық байқауға болады. Олай болса, соңғы он жыл көлемінде жүзеге асырылған жұмыстарға шолу жасап өтелік. Бұл жөнінде облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы М. Усайн бізге мынадай деректерді ұсынған болатын.

Қызылорда облысында ауыз су саласын дамыту бойынша 2002-2010 жылдар аралығында республикалық «Ауызсу» салалық бағдарламасы іске асырылды. Аталған бағдарлама аясында негізінен аудан орталықтары мен ауылдық елді мекендердің сумен жабдықтау жүйелерін күрделі жөндеу, жаңғырту және топтық су құбырларының құрылысын салу жұмыстары жасалды. Нәтижесінде 1000 шақырымнан астам ауызсу құбырлары ауыстырылып,  топтық су құбырына қосылған елді мекендер саны көбейді.

Кейін 2011 жылы Елбасы Жолдауында «2020 жылы орталықтандырылған сумен қамтуға қол жеткізу қалаларда 100 процентті құрауы тиіс. Ал ауылдық жерлерде бұл көрсеткіш 2 есеге артып, 80 процентке жетуі керек» деген тапсырма қойды. Осы тапсырмаға сәйкес, 2011-2020 жылдарға арналған «Ақбұлақ» бағдарламасы қабылданды.

2015 жылдан бастап, бірқатар салалық бағдарламалар ықшамдалып, «2020 жылға дейінгі өңірлерді дамыту» бағдарламасына біріктіріліп, жалғасуда. Трансферт арқылы «Ақбұлақ» бағдарламасымен 2011-2015 жылдар аралығында республикалық және облыстық бюджеттен, барлығы 31,8 млрд.теңге бөлініп игерілді (Республикалық бюджет – 27,2 млрд теңге, облыстық бюджет – 4,6 млрд теңге). Жүргізілген жұмыстар нәтижесінде 38 елді мекеннің су жүйелері жаңарды.

Жалпы ауызсумен қамтамасыз ету бойынша республикалық бюджеттен бөлінетін қаржы екі көзден, яғни, трансферт арқылы Инвестициялар және даму министрлігі және тікелей Су ресурстары комитеті арқылы беріледі. Облыс әкімінің тікелей қолдауымен «Нұрлы жол» бағдарламасымен қайтарымды қаражат негізінде кредиттік қаржылар тарту, «Өңірлерді дамыту» және облыстық бюджет арқылы 2016-2017 жылдары 55 жобаға барлығы 13,6 млрд теңгеден аса қаржы бөлінді. Оның ішінде, республикалық бюджеттен 12,3 млрд теңге бөлінсе, облыстық бюджеттен бөлінгені 1,3 млрд теңгеден асты.

Бұл жұмыстарды нақтылай келсек, «Нұрлы жол» бағдарламасымен 2016-2017 жылы 41 жобаны іске асыруға 11,5 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде, 1,1 млрд теңге үнемделген қаржы есебінде бюджетке қайтарылды. Нәтижесінде 638 шақырым ауызсу және 7,8 кәріз желілері жаңартылды.

«2020 жылға дейін Өңірлерді дамыту» бағдарламасымен 2017 жылы республикалық бюджеттен 5 жобаның құрылыс жұмыстарына 855,8 млн теңге (РБ – 770,3 млн теңге, ОБ – 85,5 млн теңге) қаржы бөлініп, 828,1 млн теңге игерілді және үнемделген 27,7 млн теңге бюджетке қайтарылды. Жобада қаралған 71,7 шақырым су желілері жаңғыртылды. Ал облыстық бюджеттен 2017 жылы 9 жобаға 1 268,3 млн теңге бөлінді.

Статистикалық мәліметтер бойынша облыста қазір 744 мың халық тұратын 263 елді мекен бар. Оның ішінде үшеуі қалалық (Қызылорда, Арал, Қазалы – 307 мың адам) және 260 ауылдық (437 мың адам) елді мекен.

Бүгінгі күнге қалалық елді мекендер 100% ауызсумен жабдықталған. Биылғы жыл басынан бері мәслихат депутаттары және су мамандары бірлесіп, барлық аудандарда және Қызылорда қаласында кездесулер өткізіп, ауызсумен қамту мәселесін талқылады. Соның барысында орталықтандырылған су жүйесіне қосылатын елді мекен саны нақтыланды. Нәтижесінде 260 ауылдық елді мекендер бойынша ауызсумен қамтылу жағдайы төменгідей.

Ауылдық елді мекендердің 199-ы немесе 76,5% топтық су құбырлар («Арал-Сарыбұлақ» арқылы, «Октябрь», «Жиделі») мен таратушы су желісі бар скважиналар арқылы орталықтандырылған су жүйесіне қосылған. Оның ішінде  184 елді мекенге «Арал» «Қазсушар» РМК-ның «Арал» салынып жатқан кәсіпорындардың бірлескен дирекциясы филиалы қызмет көрсетуде. Халық санымен алғанда тұрғындардың 95 проценті орталық су жүйесінен ауызсу тұтынуда. Осы жерде ескере кетерлік жайт, Инвестициялар және даму министрлігінің орталықтандырылған су жүйесіне қосылған елді мекендерді есептеу критерийлеріне сәйкес, қалалық елді мекендер (Қызылорда, Арал, Қазалы) халық санымен, ал ауылдық жерлерде елді мекендер санымен есептеледі. Олай болса, Қызылорда облысының көрсеткіші республикалық көрсеткіштен әлдеқайда жоғары екенін аңғаруға болады. Республика бойынша бұл көрсеткіш ауыл санымен 56% және халық санымен 80% құрайды.

Облыстағы елді мекендердің 61-і немесе 23,5% (халық санының 3%) орталықтандырылмаған су көздерін пайдалануда, яғни, су тарату желісі жоқ оқшау скважиналар, тасымалдау, шахталық құдықтар арқылы ауыз су тұтынуда. Осы 61 ауылдық елді мекеннің 51-і немесе 20% (халық санымен 13 мың адам немесе 3 %) тікелей скважинадан,  бесеуі немесе 1,9% (27 адам) шахталық құдық арқылы, қалған бесеуі немесе 1,9% (213 адам) ауызсуды тасымалдау арқылы пайдалануда.

Айтары жоқ, тұрғындарды ауызсумен қамтамасыз ету бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды. Соның нәтижесінде қазіргі таңда өңіріміздегі көптеген елді мекендер сапалы жерасты су көзіне қосылған. Осындай ауыл бүлдіршіндері бүгінде суды шүмектен ағызып, мейірлене ішеді. Өйткені, үйді-үйге өлшеуіш құралымен қосылған тіршілік нәрінің сапасы өте жақсы. Бұған дейін талай жыл құдықтан тартып, тасымал суды пайдаланған ауыл тұрғындары қазір таза судың игілігін көріп отыр. Бұрын дариядан иін ағашпен су тасыған немесе фляга арқалап, су іздеген сырбойылықтар бүгінгі жағдайларына дән риза. Қазір олардың үйлерінде су ағып тұр. Осындай игіліктерге әлі қол жеткізе алмай жатқан ауылдар бойынша алдағы уақытта жұмыс жүргізіле беретін болады.

Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев облыстық мәслихат депутаттарымен кездесуінде аймақ халқының 95 проценті орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз етілгенін еске салып, бұл республикадағы үздік көрсеткіш екенін атап өткен болатын. Енді осы  көрсеткішті 100 процентке жеткізу міндеті тұр. Сондықтан осы саладағы атқарылатын жұмыстарды анықтау  мақсатында облыс басшысы тапсырмасына сәйкес, уақытша комиссия құрылды. Аудандық және облыстық мәлихат депутаттары мен арнаулы мамандардан құралған жұмыс тобы облыс елді мекендерін ауызсумен жабдықтау және сарқынды суларды бұру бойынша проблемалық мәселелерді зерттеумен айналысты.

Әлеумет 17 наурыз 2018 г. 1 640 0