М.СЕМИНИКИНА: ӘКЕ АЛҒЫСЫН ЖЕТКІЗУ – ПЕРЗЕНТТІК ПАРЫЗЫМ

Екінші дүниежүзілік соғыс басталған соң арада екі айдай уақыт өткенде, яғни  1941 жылдың 12 тамызында Халық Комиссарлар Кеңесінің «Еділ бойы аудандарында тұратын немістерді көшіру туралы» қаулысы қабылданды. Ілгерідегі санақ бойынша КСРО-да 1,5 млн-ға жуық неміс тұрған еді. Жоспар бойынша сол жылдың соңына дейін Қазақстанға 500 мыңға жуық  немісті, оның 15 мыңын Қызылорда облысына көшіру белгіленді. Осы жарлықтың пәрменімен Мәскеу түбінде тұратын Шмидкелер  отбасы Қазалыға жер аударылып кете барды.
Менің сұхбаттасым Қызылорда қаласындағы №9 мектеп–гим­назияның мұғалімі Мария Райнгольдовна Семеникина  әкесі айтқан әңгімелерді жадында жаттап қалған. Тағдыр айдауымен туған жерінен жырақтаған жандардың тарихын бір адамдай біледі.    
– Біздің әулетімізге күштеп көшірудің зардабы қатты тиді. Әкем Райнгольд Шмидке мен оның 3 інісі отбасыларымен осында қоныс аударды. Бұйрық орындағыштар тауар таситын вагондармен әкелінген аш-жалаңаш адамдарды айдалаға тастап кетіпті. Жол азабына, аштыққа шыдамағандары діттеген  жерге жете алмай көз жұмған. Әдетте сабырлы, салмақты әкем өмірінің осы тұсы туралы айтқанда көзіне еріксіз жас алатын, – дейді ол.
Күштеп көшірудің азабынан аман қалғандар үшін жаңа ортада, беймәлім қоныста өмір үшін күрес басталды. Қамқор пейілін танытқан адамдардың тілін түсінбесе де, ниеті дұрыс екені бірден байқалды.
Шмидкелерді көпбалалы қазақ отбасы қамқорлығына алған. Соғыс басталған кездегі елдің жағдайы белгілі. Тұрмыстары тым жұтаң, көңілдері алаң. Бірақ қолындағы барын ортаға қоятын. Бір дастарханның басына бір-бірінің тілін түсінбейтін екі отбасы отыратын. Отанасы нанды теңдей бөліп,  шүпірлеген балаларына да, қонағына да жеткізетін. Ым-ишара арқылы түсініссе де, көңілінің тазалығы көзге көрініп тұрушы еді.
Сырттан келген немістер жергілікті халықпен бірге аштықты да, ағайын-туыстан айырылудың ауыртпалығын да бірге көрді.
– Әкем «егер қазақ халқы бауырмалдық пен жанашырлық танытпағанда, жер аударылған немістердің тағдыры не болар еді?!» деп көп айтатын. Қоныстанушылар адамдарды ұлтына, дініне қарап бөлместен, жақын тарту, қиналғанда қасынан табылып, демеу болу қазақтарға тән қасиет екенін тез ұқты. Сөйтіп жеңісті жақындату үшін жергілікті халықпен етене араласып еңбек етті. Тылда атқарған еңбегі үшін алған марапаттарға ие болды. Әкемнің өмірден өткеніне бірталай жыл болса да, Қазалыдағы кей кісілер оны әлі ұмытпаған, – дейді М.Семеникина.
Райнгольд Шмидке жарымен бірге 3 бала тәрбиелеп өсірді. Немістер тарихи Отанына қарай бет түзегенде «Менің Отаным – Қазақстан, осы жерде өсіп-өндім, адамдардың қамқорлығын көрдім, енді осы жерде қаламын» деген шешімін бірден айтыпты. Бұл отбасынан тараған балалар туған жердің  өркендеуіне өз үлестерін қосты.  
Тағдырлары Сыр елінде тоғысқан барлық ұлттар бүгінгі берекелі тіршілігі үшін қазақ халқына дән риза. Мария Семеникина да неміс этномәдени орталығы ұйымдастырған шараларда әкесінің әңгімелерін үнемі айтып отырады. Өйткені сол қуғын-сүргін жылдарды көзімен көргендердің естелігін, алғысын ендігі ұрпаққа жеткізетін алтын көпір өзі екенін біледі әрі әкенің алдындағы перзенттік парызым деп санайды.

М.МЕРЕЙ.
Әлеумет 03 наурыз 2018 г. 828 0