Қазақтың капиталы – төрт түлігі

Баптай білгеннің малы пұлды. Шаһар атаулыдан шалғай отырса да, тірлігін дөңгелетіп, мал өсіріп, бейнетіне көніп, зейнетін көріп отырған ағайын аз емес. Қармақшы ауданы, Иіркөл ауылындағы «Ертілеу» шаруа қожалығы солардың қатарында. Еңбектің көзін тапса, пайда табуға болатынын осындағы еңбек адамдарының тірлігінен байқауға болады. Қожалық иесі Бекболат Құрманаевпен тілдескенімізде де әрбір істе белгілі нәтижеге жету үшін оны дұрыс ұйымдастыра білу қажеттігіне көз жеткіздік. Сонымен қатар осы қасиетті бойына сіңіре білген кәсіпкердің әлі талай асуларды бағындырарына сенім білдірдік.

– Қазақтың капиталы – төрт түлігі. Біз де ризығымызды өрістегі мал мен шұрайлы жерден алып келеміз. Оның үстіне қазір мемлекет тарапынан қолдау артуда. Елбасы ауыл шаруашылығын дамытуға ерекше ден қойып отыр. Біздің өңірде де шаруаны өркендетуге мүмкіндік молайды. Тек еңбектің ебін табу, төрт түлікті өсіруге деген ықылас қажет. Жасыратыны жоқ, арамызда атакәсіпті ұмыт қалдырғандар бар. Бірақ, төрт түлік ұстау береке дер едім. Оның үстіне толассыз демеу әрбір шаруашылықтың жұмысын шалқытуға жол ашуда. «Сыбаға» мемлекеттік бағдарламасы – малды асылдандырамын деген шаруа адамына таптырмас көмек. Ол шағын және орта бизнес пен еліміздегі етті мал шаруашылығының үлесін арттырып отыр. Біздің де кәсібімізді кеңейтуге септесті, – дейді кәсіпкер.

Қазір «Ертілеуде» 221 сиыр, 345 бас қой-ешкі өсірілуде. «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы 9 млн теңге несие алған қожалық «Сыбаға» бағдарламасы арқылы өз сыбағасына қол жеткізген. Бастаған ісін аяқсыз қалдырмай, одан нәтиже шығара білген Б.Құрманаевтың алдағы күндердің еншісіне белгілеген бірнеше жоспары бар екен. Орайы келсе, басқа да кәсіптің көкжиегін кеңейтіп, ауылдастарын тұрақты жұмыспен қамтуды ойлайды. Шаруаның басын біріктіріп, ауыл-аймаққа үлгі боларлықтай еңбек етіп жатқан кәсіпкер өмірдегі бар қиындықты еңбек жеңетінін қаперден шығармақ емес. Оған оның атқарған ауқымды істері мен алдағы жоспарлары дәлел.


М.СНАДИНҚЫЗЫ.

Әлеумет 01 наурыз 2018 г. 770 0