ЖЫЛУ ТАРИФІНІҢ ЖАЙЫ

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қазіргі таңдағы жылу тарифіне байланысты «Қызылорда жылуэлектрорталығы» МКК директорының міндетін атқарушы Р.Нұрмағанбетов және ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің облыс бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы Г.Өтегенова БАҚ өкілдеріне сұхбат берді.

Энергетикалық ресурстарды тиімді пайдалану мақсатында ҚР «Табиғи монополиялар туралы» Заңымен жылу қызметтерiн есептеу аспаптарын орнату міндеттемелері көзделген. Дәлірек айтсақ, тұтынушыларға коммуналдық қызметтерді есепке алу аспаптарын сатып алу және орнату  міндеттелген. Сонымен бірге, тұтынушылардың жылу энергиясын есепке алу аспаптарының болуы және құзырлы мекемемен жасалған шарттың талаптарына сәйкес оларды сатып алу мен орнатуға уақытылы және толық көлемде ақы төлеуге тиіс екендігі атап көрсетілген.

– «Қызылорда жылуэлектрорталығы» – облыс орталығын қажетті жылу және электр энергиясымен қамтамасыз ететін бірден-бір энергия көзі. Бүгінгі таңда қаланың әр жерінде шоғырланған 16 бу қазандығы және Оңтүстік бу қазандығының филиалы тұрақты жұмыс жасайды. Өздеріңізге белгілі, ағымдағы жылы 2017-2018 жылдардағы жылу беру маусымында «Қызылорда жылуэлектрорталығының» орталықтандырылған жылу жүйелеріне 694 көпқабатты тұрғын үй қосылған болатын. Сонымен қатар, 200-ден аса бюджеттік мекемелер және заңды тұлғалар орталықтандырылған жылу жүйесінің қызметін пайдаланады. Осы аталған тұтынушылар ортақ жылу энергиясын есептеу аспабының қызметі қолайлы әрі қаржылық жағынан тиімді екенін растап отыр,-дейді Р.Нұрмағанбетов. Сондай-ақ, аталған есепке алу аспаптарын орнатудың заңдылықтарын түсіндірді.

 Айта кетейік, ҚР Табиғи  монополияларды реттеу агенттігі төрағасының бұйрығымен  бекітілген  «Табиғи монополия субъектілерінің жылу энергиясымен жабдықтау жөніндегі реттеліп көрсетілетін қызметтеріне тарифтер немесе олардың шектi деңгейлерiн есептеу әдістемесінде» есептеу аспаптарының болуына немесе болмауына қарай жылу энергиясымен жабдықтау бойынша көрсетілетін қызметтеріне сараланған тарифтер енгізілген. Осыған байланысты ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті  қорғау комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаменті бұйрығына сәйкес, барлық тұтынушылар үшін жылу есептеу құралдарының болуына немесе болмауына қарай 2017 жылдың желтоқсан айының 22-ші жұлдызынан бастап төмендегідей уақытша өтемдік тарифтер енгізіліп отыр:

 Үйге ортақ жылу энергиясын есепке алу аспаптары бар тұрғындар үшін 1879,21 теңге, яғни 1 шаршы метрге шаққанда 60,62 теңге болса, ортақ жылу энергиясын есепке алу аспаптары жоқ тұрғындар үшін 3397,13 теңге, яғни 1 шаршы метрге шаққанда 109,57 теңге болып бекітілді.

Ал үйге ортақ жылу энергиясын есептеу аспаптарын орнатуға техникалық мүмкіндігі жоқ тозған, авариялық тұрғын үй-жайында, барак типтегі үйлерде тұратын және орналасқан тұрғындар үшін 2830,94 теңге, яғни 1 шаршы метрге шаққанда 91,31 теңгені құрайды.

Сондай-ақ, брифингте жоғарыда аталған мамандар журналистердің сауалдарына жан-жақты жауап берді.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы».

Әлеумет 13 қаңтар 2018 г. 779 0