Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың «100 нақты қадам» – Ұлт Жоспарының 80-қадамында айтылғандай, еліміздің денсаулық сақтау саласының қызметі Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі негізінде іске асырылып жатыр. Халық денсаулығын жақсарту мақсатында енгізіліп жатқан реформалардың барлығы сала жұмысында өз нәтижесін беріп келеді. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі арқылы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ (әрі қарай Қор) құрылды. 2017 жылдың маусым айында осы аталған қордың филиалдары еліміздің әрбір облыстарында ресми түрде ашылды және шілде айынан бастап жұмыс берушілер мен кәсіпкерлер, азаматтық құқықтық шарт арқылы жұмыс атқаратындардан аударымдар мен жарналар тұрақты аударылып отыр. Аударылған аудырымдар мен жарналар Ұлттық банкте сақталады және Қордың ресми сайтында ашық көрсетіледі.
Қазіргі таңда қордың жұмысы ІІІ кезеңмен атқарылып жатыр.
І кезең – тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі (ТМККК) шеңберінде қызмет көрсетуден үміткер денсаулық сақтау субъектілерінің дерекқоры қалыптастырылды. Аталған дерекқорға 2018 жылдың ТМККК шеңберінде медициналық көмек көрсететін ұйым өзінің өтінімі арқылы тіркелді. Осыған сәйкес қазіргі кезде Қызылорда облысы бойынша 78 медциналық ұйым тіркелді, оның 34-і мемлекеттік негізде, ал 44-і жеке медициналық көмек көрсететін ұйым. Жеке меншік клиникалар да, мемлекеттік емдеу мекемелері де бюджет қаржысын орналастыруға мынадай категориялар бойынша қатысады: стационарлық көмек, емханалық көмек, жедел жәрдем, диагностикалық көмектер көрсететін және қызметтің жекелеген түрлерін көрсететін қосымша атқарушылар (зертханалар т.б.) болып табылады. Өткен жылмен салыстырғанда (ТМККК) шеңберінде қызмет көрсетуден үміткер жеке медициналық ұйымдар саны екі еседей артығырақ. Яғни, жеке меншік клиникалар Қордың бастамасын қолдап, медициналық қызметтерді орналастыруға құжат өткізу жұмыстарына белсенді түрде қатысып жатыр деген сөз. Сондай-ақ, биыл тұңғыш рет процеске ірі-ірі жеке меншік компаниялар қатысып отыр. Бұл да халық арасында беделі бар медицина орталықтарының науқанға деген қызығушылығы артқанын білдіреді.
ІІ кезең – «Тұрғындарды алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымына тіркеу науқаны» 15 қыркүйек пен 15 қараша аралығында жүргізілді. Бұл науқанда халық өз өтінішімен таңдаған емханасына барып тіркелуге мүмкіндік алды. Бұл шара бойынша емханалық негізде көмек көрсететін дерекқорда тіркелген медициналық ұйымдарда және халық арасында Қор филиалынының мамандарымен бірге түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Осы науқанға арнайылап шығарылған видеороликтер мен хабарландырулардың барлығы емхналық негізде қызмет көрсететін медициналық ұйымдардың интернет ресурстарында, облыстық телеарналарда, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ-да (халыққа қызмет көрсету орталығы) және облыстық БАҚ құралдары арқылы тұрғындарға қол жетімді негізде түсініктер берілді. Тәртіп бойынша емханаға тіркелу құқығын пайдаланбаған азаматтар автоматты түрде тұрғылықты жеріндегі денсаулық сақтау нысанына тіркеледі. Тұрғындар өзінің қай емханаға тіркелгенін e-gov.kz порталы арқылы немесе Халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы кеңесшілерден анықтап біле алады. Бұл туралы нақты баяндайтын нұсқаулықтар мен инфографикаларды Қордың ресми сайтынан алуға болады. Еліміз бойынша алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарына 18 млн астам адам тіркелген. Биылғы науқанның басты артықшылығы – емханаға тіркелу мүмкіндігін пайдаланғандар санының 300 мыңнан асуы. Бұл соңғы жылдардағы көрсеткіштен екі есе артық деуге болады. Яғни, халықтың науқанға деген қызығушылығы артып келеді деген сөз. Емхана тіркеген пациенттерінің санына қарай ақша алады. Біз жақын болашақта осы жүйені жетілдіруді жоспарлап отырмыз.
ІІІ кезең – Қор республикалық және аумақтық комиссия мүшелерін бекітті. Республикалық комиссия мүшелері жоғары стационарлық көмек және республикалық деңгейдегі медициналық ұйымдардың өтінімдерін қарап, мемлекеттік тапсырыс негізіндегі ТМККК орналастырады. Аумақтық комиссия мүшелігінде Қор филиалы, Облыстық денсаулық сақтау басқармасы, «Атамекен» ҚР ҰКП, «Республикалық медициналық палата», Денсаулық сақтау қызметкерлерінің салалық кәсіподағы мен медициналық қоғамдық бірлестіктер болып табылады және олар стационарлық көмек, емханалық көмек, жедел жәрдем, диагностикалық көмектер мен т.б. медициналық көмектерді көрсететін медициналық ұйымдарды таңдаудан өткізеді. Қор ағымдағы жылдың 13 қараша мен 20 қараша аралығында «Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі қызметтерін берушіні таңдау рәсімін өткізу туралы» өтінімдерді қабылдау жөнінде хабарламасы Қордың fms.kz сайтында және Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасының сайтына шықты. Дерекқорға тіркелген 68 медициналық ұйым нақтыланған құжаттары арқылы өз өтінімдерін берді. Осы уақытта комиссия мүшелері Қор филиалына түскен өтінімдерді желтоқсан айының ортасына дейін қарайды. Медицина ұйымдарын бірнеше көрсеткіш бойынша бағалау жоспарланып отыр. Олардың арасында кадрлар құрамы мен материалдық-техникалық жабдықталу деңгейі, соңғы 3 жылда атқарған қызметіне қатысты негізгі көрсеткіштер, расталған, негізі бар шағымдар т.б. көрсеткіштер бар. Қарау нәтижесінде қандай медицина ұйымдарының тиісті деңгейде қызмет көрсете алатыны анықталады. Осы орайда нақты айта кететін жайт мемлекеттік медициналық ұйымдарға да, жеке меншік ауруханалар мен емханаларға да теңдей жағдай жасалып отыр.
Абылайхан РАХЫМОВ,
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры»
КЕАҚ Қызылорда облысы бойынша
филиалының бас сарапшысы.