ҚР Президентінің «Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдептілік нормаларын және мінез-құлық қағидаларын одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығымен мемлекеттік қызметшілердің «Әдеп» кодексі бекітілген. Кодексте мемлекеттік қызметшінің барлық мақсат-міндеті айқын көрсетілген. Мемлекеттік қызмет атқару қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенім білдіру болып табылады және мемлекеттік қызметшілердің моральдық-әдептілік бейнесіне жоғары талаптар қояды. Мемлекеттік қызметші барлық күш-жігерін, білімі мен тәжірибесін кәсіби қызметіне жұмсайды. Кодексте өзінің Отанына қалтқысыз әрі адал қызмет ету қажеттігі жазылған.
«Әдеп» кодексінде атап көрсетілген басты мәселелердің бірі басшылық қызметтегі тұлғаның қарамағындағы қызметшілермен қарым-қатынас кезінде меритократия қағидаттарын сақтауды қамтамасыз етуге, кадр мәселелерін шешу кезінде туыстық, жерлестік және жеке басына берілгендік белгілері бойынша артықшылық көрсетпеуге тиіс екендігі көрсетілген.
«Әдеп» кодексінің басты міндеті – сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға және қызметтік әдеп нормаларын бұзушылықтың, оның ішінде мемлекеттік қызметке кір келтіретін теріс қылықтардың профилактикасына бағытталған іс-шараларды әзірлеу, мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік әдепті сақтаудағы жауапкершілік деңгейін арттыруды қамтамасыз ету жөніндегі шаралар қабылдау.
Әдеп жөніндегі уәкіл – қызметтік әдеп нормаларының сақталуын және мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнама мен Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің «Әдеп» кодексін бұзушылықтардың профилактикасын қамтамасыз ету қызметін жүзеге асыратын, өз функциялары шегінде мемлекеттік қызметшілер мен азаматтарға кеңес беретін мемлекеттік қызметші. Әдеп жөніндегі уәкіл өзі жұмыс істейтін мемлекеттік органда мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп нормаларын бұзу фактілері бойынша жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарайды. Мемлекеттік қызметшілердің құқықтары мен заңды мүдделері бұзылған жағдайларда оларды қорғауға және қалпына келтіруге бағытталған шараларды қабылдап, басқа да функцияларды жүзеге асырады.
Елбасының биылғы жылғы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында халыққа мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын арттырып, жемқорлыққа қарсы күрестің еліміз үшін маңызы зор екенін атап өткен болатын. Жолдаудың 5 басымдығы институционалдық өзгерістерге, қауіпсіздікке және сыбайлас жемқорлықпен қарсы күреске бағытталған.
Мемлекеттік қызметшілердің қоғамда әдебін қалыптастыруды мақсат еткен «Әдеп» кодексі мемлекеттік қызметшінің имиджін қалыптастырмақ. Мемлекеттік қызметші әдептен озбай, әрдайым заңмен жұмыс істеуге міндетті.
Жанар ӘБЖӘМИ,
облыстық қазынашылық
департаментінің бөлім басшысы.