ҒЫЛЫМНЫҢ ЖАҢА ДӘУІРІ

Елбасы Н.Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Білімді, көзі ашық, көкірегі ояу болуға ұмтылу – біздің қанымызда бар қасиет» деп атап көрсеткен. Ата-бабаларымыз сонау көшіп-қонып жүрген заманында әр ауылда молдалар ұстап, балаларын оқытып сауатын ашып отырған.
Таяу күндерде халқымыздың мәңгілік арманы болған, сол жолда талай боздақтар құрбан болған ел Тәуелсіздігінің 26 жылдығын үлкен жетістіктермен атап өткелі отырмыз. Биылғы жылдың есте қалар ерекшелігі – Елордамыз Астана қаласында Халықаралық мамандандырылған ЭКСПО-2017 «Болашақ энергиясы» көрмесі өз жұмысын табыспен өткізді. Оның жұмысына Әлемдегі 100-ден аса мемлекет пен 10 шақты халықаралық ұйым қатысты. ЭКСПО-2017 көрмесі қойылған міндетті мүлтіксіз орындап, жасыл технологиялар және жаңартылатын энергия көздері бойынша үздік инновациялық жобаларды қызығушы компаниялар мен жеке тұлғаларға көрсетіп, еліміздің абыройын одан әрі асқақтатты. Көрмені ұйымдастыруда және өткізуде білімді ғалымдар мен білікті мамандардың еңбегі ерекше.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап білімге құштар жастарды әлемнің жетекші жоғары оқу орындарында оқытуға мүмкіндік беретін «Болашақ» бағдарламасы жүзеге асырылып, күні бүгінге дейін жалғасып келеді. Шет елдерде ғылымның сан саласы, бағыттары бойынша білім алып келген  ондаған мың жастар ел экономикасы мен мәдениетін арттырып, әлемдік деңгейге жеткізуге, елімізді дамыған 30 елдің қатарына қосуға атсалысып жүр.
Елімізде өте жоғары деңгейдегі бірқатар университеттер ашылуда, аймақтарда өзіндік орны бар университеттер жаңа заман талабына сай өздерінің стратегиялық даму жоспарларына үлкен жауапкершілікпен қарап тың өзгерістер жасауда. Сондай білім ордаларының бірі, жуырда құрылғанына 80 жыл толған Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті. Сыр бойындағы білім мен ғылымның ордасы ретінде университет аймаққа қажетті бәсекеге қабілетті мамандар даярлау ісіне ерекше көңіл бөліп келеді.
Университетте үздіксіз білім беру жүйесі бойынша көпсатылы оқыту жүргізіледі. Бакалавриат, магистратура және докторантура бағдарламалары бойынша білім беру қызметі 2017-2021 жылдарға арналған стратегиялық даму жоспарының алты бағыты бойынша жүзеге асырылуда.
Қазіргі таңда университеттің 7 факультетінде аймаққа қажетті білім, өнер, экономика, мұнай-газ ісі, құрылыс, қоршаған ортаны қорғау, ауыл шаруашылығы бағыттары бойынша бакалавриаттың – 60, магистратураның –30, докторантураның 9 мамандығында 4 мыңнан аса білім алушы оқиды. Білім алушыларға сапалы білім мен саналы тәрбие беру, оларды ғылымға баулу ісімен 30 ғылым докторы, 240 ғылым кандидаты, 15 философия докторы және 195 магистр айналысады.

И.ТАУТЕНОВ,
ҚМУ-дың ғылыми жұмыстар және
халықаралық байланыстар
жөніндегі проректоры.
Әлеумет 05 желтоксан 2017 г. 779 0