Желтоқсанның алғашқы жұлдызы – Тұңғыш Президент күні. Бұл мейрамның негізі 1 желтоқсан күні өткен Президент сайлауы болды. Алғашқы бүкілхалықтық сайлау нәтижесінде Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті атанды. Мемлекет басшысы осы жылдың қазан айында облысымызға жұмыс сапарымен келген болатын. Мереке қарсаңында Президентпен кездескен құрылыс саласының мамандары, олардың алған әсерлері жайлы жазғанды жөн көрдік.
Елбасы сапар барысында Сырдария өзенінің сол жағалауындағы шығыстық үлгіде жаңғыруды көздеген жаңа қала жобасымен танысты. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Сырдария өзенінің сол жағалауынан бой көтеретін қала жайлы айтып, жүргізіліп жатқан құрылыстың маңызына тоқталды. Сонымен қатар, бұл жерге салынатын ғимараттардың макеті арқылы жаңа қаланың болашақ келбеті көрсетілді.
Аймақ басшысы қаланың бас жоспарына сәйкес, сол жағалаудың 1532 гектарын игеру көзделіп отырғанын, оның Елордаға қарап бой түзеп келе жатқанын жеткізді.
Елбасы сол жағалауда атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын беріп, құрылысшылармен кездесті. Бұл жерде «Сәт-Сервис» ЖШС директоры Роза Иманова сөз сөйлеп, құрылысшылардың атынан ризашылығын білдірді.
– Аса құрметті Елбасы, сарабдал саясат ұстанып, еліміздің дамуына жарқын жол ашқаныңыз үшін сізге шексіз ризамыз. Туған елімізді гүлдендіру жолында аянбай еңбектенетінімізді жеткізгіміз келеді, – деді ол. Ал, қоғам қайраткері Бақберген Досманбетов «Болашақ» университетінің қалашығы салынатынын айтты.
Жалпы, Сырдарияның сол жағалауында «Болашақ» университетінің бүтін бір қалашығы бой көтереді. Атап айтқанда, 12 қабатты әкімшілік ғимарат, оқу корпустары, Студенттер сарайы, клиникалық құралдармен жабдықталған медициналық колледждің және «Болашақ» колледжінің ғимараты, балабақша, дендросаябақ пен мегаорталық орналасатын болады. Бұл жобалардың барлығы жүзеге асқан жағдайда «Болашақ» университетінің қалашығы сол жағалаудың көрікті жерінің біріне айналады.
Мемлекет басшысы Астана секілді сол жағалауға құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан құрылысшыларға алғыс айтып, табысты болыңдар деген лебізін білдірді. Осындай жылы жүздесу барысында облыс басшысы Сыр елінің Астанадан үлгі алатынын жеткізді.
Жылы жүзді жүздесуден соң Республика Президентімен кездескен құрылысшылармен сұхбаттасқан едік. Солардың бірі – «Орион LTD» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Шалқар Жаңабергенов. Ол: «Мемлекет басшысымен дидарласқандардың қатарында мен де болдым. Президент сол жағалаудағы жұмыстармен танысып, Қызылорданың да Астана сияқты сол және оң жағалау болатынын айтып, бізге табыс тіледі. Сондай-ақ, мемлекеттік және жекеменшік әріптестік аясында жұмыстар жасаудың маңыздылығына назар аударды. Өз басым Елбасымен кездесуден ерекше әсер алдым. Президент өзі атап өткендей, Қызылорда да Астана сияқты ерекше қарқынмен дамып келеді. Қандай да бір нәтижеге жету үшін толассыз еңбек ету қажет. Мұны Сыр бойының құрылысшылары жақсы түсінеді» – деген ойымен бөлісті.
Мемлекет басшысы жұмысымен танысқан нысанның бірі – шыны зауыты. Біз Президент сапарынан соң бұл зауытқа да ат басын бұрдық. «Orda Glass LTD» ЖШС-ның құрылыс жөніндегі директоры Бегалы Тоқаев мұндағы жұмыстың оңтайланғанын жеткізді.
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев облысымызға сапары барысында шыны зауытының жұмысымен танысты. Мемлекет басшысымен кездесуден құрылысшылар ерекше әсер алды. Қазір зауыттағы құрылыс жұмыстары айтарлықтай алға жылжыды. Мұндағы жұмыс қарқыны да күшейе түсті, – деді ол.
Жалпы, жылдық қуаты 197 мың тонна өнім шығаруға жететін зауыт құрылысы 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде қолға алынған болатын. Бастамашысы – «Orda Glass LTD» ЖШС. Ағымдағы жылдың мамыр айында Пекин қаласында «Бір белдеу, бір жол» Халықаралық форумы өткені белгілі. Дәл осы форумда Қазақстан мен Қытай мемлекеттері басшыларының кездесуі аясында қытайлық «Чайна Триумф» компаниясы мен «Orda Glass LTD» серіктестігі арасында меморандум жасалды. Осыдан соң шілде айында құрылыс-монтаж жұмыстарын бірлесе атқару жөніндегі келісімге қол қойылды.
Қарап отырғанымыздай Мемлекет басшысымен кездескен әрбір адам ерекше әсерге бөленген. Бұдан Президент сапарының аймақ жұмысына қарқын бергенін көруге болады. Мұның өзі Елбасының елмен бірге екенін айғақтап тұр.
А.ЖҰМАДІЛДАҰЛЫ.