ПАТША АСЫ САНАЛҒАН ТАҒАМ

Бір замандарда Франция ханшайымы Мария-Антуанетта картоп гүлін шашына қыстырып жүрген екен. Бұл сол кездегі король сарайы қызметкерлерінің арасында сәнге айналады. Тіпті, король ХVІ Людовик қызметкерлеріне қала маңындағы бақшасына тек осы өсімдікті еккізеді. Онысымен қоймай егістік алқапқа ерекше құрамдағы күзет қойдырған көрінеді. Мұны сырттай бақылаған қарапайым халық патшаның асынан дәм татуға ынтызар болыпты.
Картоп – (немісше Kartoffel), түйнекті алқа, ақтүйнек-алқа тұқым-дасына жататын көпжылдық дақыл. Қазіргі таңда оның 150-ге жуық түрі белгілі. Негізгі отаны Оңтүстік және Орталық Американың таулы аймақтары саналады. Оңтүстік Америкадан Еуропаға 1560 жылдары әкелінген. Энциклопедиялық мәліметтерде осындай дерек келтіріледі. Дегенмен, мамандар оның ең алғаш өскен жерін Чили деп санайды. Алдымен Испанияға 1560 жылдары әкелінген картоп кейін Еуропа мен Азияға таралды деп қарастырылады. Ресейге ол І Пертдің ұсынуы бойынша 1765 жылы әкелінген.
Қазіргі заманда дүние жүзінің барлық елдерінде егіледі. Қазақстанның көптеген аймағында өсіріледі. Әсіресе, Сыр диқандары осы бақша дақылын өсіруде өзгелерден қалыс қалып жатқан жоқ.
Тоғыз айды қорытындылаған баспасөз мәслихатында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Бахыт Жаханов биыл картоп, көкөніс және бақша дақылдары 16,6 мың гектар жерге егілгенін, нәтижесінде 514,9 мың тонна астық жиналғанын айтқан болатын. Бұл жаман көрсеткіш емес. Тіпті, аймақта ауылшаруашылығы өнімдерінің экспорттық әлеуеті де артып келеді. Қазір ауыл шаруашылығы өнімдерін сату нарығын кеңейту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Тарқатып айтар болсақ, Қытайға жылына 5 мың тонна, Түркияға жылына 1 мың тонна және Иранға жылына 8 мың тонна күріш жіберу бойынша келіссөздер жүргізілген. Көп жылдардан бері қордаланып келген бақшалық дақылдар экспорты да қолға алынды. Нәтижесінде, биылғы жылы оның көлемі 8 есеге дейін артты. Сонымен қатар, үстіміздегі жылы Ресейге 110 тонна көкөніс, 5933 тонна бақша өнімдері экспортталған.
Жылда күзде қазып алып, ірілі-ұсағын бір-бірінен бөліп сұрыпталған картоптың құрамында C, B1, B2, B6, B9, PP, K дәрумендерінің бай көзі, кальций, темір, магний, натрий және фосфор бар. Бір ғажабы, оны «жей алмаймын» немесе «жақпайды» деп жемей қоятындарды кездестіру қиын. Себебі, қуырылған картопты жей алмайтындар қайнатып жатады. Әйтеуір, өздеріне қолайлы, ағзаларына зиянсыз етіп алады. Оны сауда орындарынан жылдың кез келген мезгілінде сатып алуға болады. Сақтауға да ерекше дайындық керек емес. Тек суыққа үсіп кетпейтіндей және құрғақ жерде сақтаса болады. Оны өзіміздің қазақы ұлттық тағамдарымыздың барлығына қосып жүрміз. Ет ассақ та, қуырдақ қуырсақ та қазір картопсыз дайындалмайды.
Диқандар қауымы картопты егу үшін одан ұрықтық өнім қалдырып жатады. Ғалым Құрманбек Бәкірұлымен сұхбаттардың бірінде «Қазір оның нағыз тұқымын егіп жүрген жоқ. Былтырғы картоптан ұрықтық өнім қалдырып, диқандар соны пайдаланады. Картоптың негізгі тұқымы сәбіздің ұрығынан да майда. Мысалы, 1 гектар жерге норма бойынша 3 тонна картоп кетсе, негізгі тұқымнан 100 грамм ғана жұмсалады екен. Одан алғашқы жылы майда түйнек шығады. Келер жылы әжептәуір өнім алуға болады», – деген болатын. Қарап отырсақ, ғалымның айтқан сөзінің жаны бар. Мұндай жұмыстарда диқандар ғалымдармен бірлесіп жұмыс жасаса, өнім де, пайда да еселеп өсері анық. Қандай жағдай болғанда да ғылымға сүйенгеннің еш артықтығы жоқ. Сонда бір кездері Еуропада патша асы саналған картопты өсірудің жаңа тың әдістеріне қол жеткізуге болады.

Азиз БАТЫРБЕКОВ.
Әлеумет 28 қараша 2017 г. 931 0