ЗАҢ ЖОБАСЫНЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

Заң жобасы бұдан 20 жыл бұрын қабылданған «Адвокаттық қызмет туралы» Заң негізінде және қазіргі заман талабын ескеріліп әзірленген.
Жоба мемлекетпен кепілдендірілген заң көмегін көрсету, жеке кәсіп ететін заңгерлердің қызметі туралы кешенді нормаларды қамтиды. Заң жобасында «заң кеңесшісі» деп аталатын жеке кәсіп етуші заңгерлердің қызметі палатаға біріктірілмек. Заң кеңесшісі палаталарының көптігі   бәсекелестікті нығайтады. Заң жобасында Pro bono (пробоно) негізінде кешенді әлеуметтік заң көмегін көрсету, яғни халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарына  тегін заң көмегін көрсету тәсілі қарастырылған.    
Міндетті сақтандыру институты 2020 жылдан бастап қолданысқа енгізіліп, сапасыз заң көмегі көрсетілген жағдайда азаматтардың сақтандыру өтемақысын алу мүмкіндігі жүзеге асырылады. Сондай-ақ, сапасыз заң көмегі үшін адвокаттарды жауапкершілікке тарту механизмі жүйеленген, халықтың адвокаттық қызметке деген сұранысын қамтамасыз ету мақсатында бұл мамандыққа кіру тәртібі оңтайландырылмақшы.  Қазіргі таңда адвокатура Республикалық адвокаттар алқасы және 16 аумақтық адвокаттар алқаларынан 4500-ден астам  адвокаттарды қамтиды. Бұл орташа есеп бойынша бізде 1 адвокатқа 4000 азамат келсе, Италияда 260 азамат, Германияда – 500 азамат және Британияда 900 азаматтан келеді.  
Заң жобасында адвокат мамандығының қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында алғашқы мүшелікке кіру үшін төленетін жарнапұл мүлдем алып тасталады. Бұл адвокаттар санының көбеюіне әкеліп, бәсекелестікті арттырады және адвокаттардың  кәсіби біліктілігін көтеруге ынталандырады.  
Жобада адвокат қауымдастығының басқару органына тағайындалу мерзіміне шектеу қою ұсынылуда. Мысалы, бірнеше аумақтың адвокаттар алқасының төрағалары 20-30 жылдан астам лауазымда қызмет атқаруда. Басқару органдары құрамының ауыспалылығы адвокатура жүйесінің дамуы мен өркендеуіне зор үлес қосады және оның сайлау органы ретінде шынайылығы мен ықтималдығын қамтамасыз етеді.  
Заң жобасында республикалық адвокаттар алқасының Президиумын жасақтау механизмі де қайта қаралды. Оның құрамы әр адвокаттар алқасы өкілдерінің тең санынан құралып, басқару органдарына Астана, Алматы қалаларымен қатар барлық өңірлерден өкіл  ұсынылады. Сонымен қатар, республикалық адвокаттар алқасы мен облыстардағы алқалардың қаржы қызметінің ашықтығы да қарастырылып отыр.  
Адвокаттар қызметін оңтайландыру, заңгерлік көмекті жедел көрсетуді қамтамасыз ету мақсатында «Е-адвокатура» ақпараттық жүйесін қалыптастыру көзделіп отыр. Заң жобасымен адвокаттық кеңселердің қызмет ету механизмі қайта қаралды. Жобада адвокаттар келесі нысанның бірін таңдауға мүмкіндігі бар: заңгерлік консультация, жеке қызмет немесе адвокаттық кеңселерге бірігу. Заң жобасында адвокаттық кеңсе құрған адвокаттар арасында жай жазбаша серіктестік шартын жасау мүмкіндігі ұсынылады. Заң жобасының қабылдануы халыққа білікті мамандармен қолжетімді және сапалы заң көмегін көрсетуді қамтамасыз етеді.  

 С.БЕКХОЖА,
облыстық әділет департаменті  
орынбасарының міндетін атқарушы,      
Қазақстан Заңгерлер одағының мүшесі.
Әлеумет 18 қараша 2017 г. 848 0