...Мырзабай ахун – елге діни білім беріп, өзіне дарыған қасиетімен сахилық, әулиелік, емшілік етумен қатар, Сыр өңірінде алғашқы болып ілім-білім негізін қалаушылардың бірі. Сондай-ақ, ол күн сәулесі түсуінің құпияларын пайдалана отырып, «Пірман арығы», «Жоламан арығы» және өзге көптеген су жолдарын қаздырып, егін салдырады. Сол арықтар күні бүгінге дейін елдің игілігіне жарап отыр.
Редакциямызға келіп, өзінің ой-пікірін бөліскен қала тұрғыны Т.Байсұғұлов есімді азаматтың айтуынша, бүгінде Мырзабай ахун бабамыздың жатқан орны қараусыз қалып, көне мазар құлау қаупінде тұр. Мешіт үйіне электр жарығы да жеткізілмеген. Сондай-ақ, осы мәселе жөнінде жоғары тұрған құзырлы орындарға хат жолдағанын айтады. Дегенмен, Т.Байсұғұловқа Жалағаш ауданы әкімінің орынбасарының жазбаша берген жауабында:
«ҚР Бюджет кодексіне сәйкес аудандық бюджеттен мешіттерді күрделі жөндеу жұмыстарына қаржы бөлуге жол берілмейді. Сол себепті алдын ала тізімге алынған қала құрылысы және сәулет ескерткіші түріне жатқызылатын Мырзабай ахун мешітіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін демеушілерге ұсыныстар енгізілуде» деп жазылған. Сондай-ақ, осыған дейін «Егінші» ЖШС демеушілігімен мешіт алдынан көлденең жатқан арыққа көпір салынып, айналасына қоршаулар орнатылып, аяқ жолы біршама тегістелгені, тазалық жұмыстары тұрақты жүргізіліп тұратыны айтылған.
Суретке назар аударсақ, тарихи орынның мемлекет қорғауына алынғаны жөнінде тақтайша орнатылған. Дәл бүгінгі таңдағы рухани жаңғыру саясатының мақсаты да осындай киелі орындарды ұрпақтан ұрпаққа ұлағаттап жеткізу емес пе?! Оқырман осылай дейді...
Ғ.ӘБІЛДА.