Елімізде жүргізіліп жатқан рухани жаңғыру шараларының аясында Жалағаш ауданында Есет батыр Көкіұлының 350 жылдық мерейтойы республикалық деңгейде аталып өтті. Соның бір жарқын көрінісі – Ақарық ауылына Есет батырдың есімі беріліп, ауыл орталығына батырдың естелік бьюсті орнатылды. Еңбекшілер даңқын дәріптеген дәстүрлі «Алтын күз» мерекесі де осы ауылда болып өтті. Мерекелік шарада бірнеше киіз үй тігіліп, Есет баба рухына арнап ас берілді. Алыс-жақыннан келген қонақтарға сый-құрмет көрсетілді.
Иә, жылдағы қарқынмен аудан диқандары биыл да ауқымды тірліктің үлгісін танытып, абырой биігінен көрінді. Атап айтар болсақ, аудан көлемінде егілген 22 465 гектар күріштің әр гектарынан орташа 57,6 центнерден өнім алынды. Оның ішінде Бұқарбай батыр ауылындағы Сапар Мыханов басқаратын «Байтабын» шаруашылық серіктестігі көш басынан табылды.
Мерекелік салтанатта аудан әкімі Талғат Дүйсебаев сөз сөйлеп, жиылған көпшілікті «Алтын күз» мерекесімен құттықтап, еңбек озаттарына лайықты марапаттаулар мен бағалы сыйлықтар табыс етті. Олардың қатарында ауыл шаруашылығы саласының еңбеккерлерімен бірге сала жұмысын ақпараттандыруға үлесін қосқан аймақтық БАҚ өкілдері де болды.
Ғ. ҚОЗЫБЕКҚЫЗЫ.