ЕЛ АБЫРОЙЫ – ЕЛДІКТІҢ ЕНШІСІ

Сырдария аудандық мәслихатының депутаттық құрамы халықпен тығыз байланыс жасап, сайлаушылардың мұң-мұқтажы мен аманат-тілектерін арқалап, өз міндетіне мейлінше адал болуды басты назарда  ұстап келеді. Елді мекендерді аралап, ауылдардағы әлеуметтік мәдени-тұрмыстық мәселелерді шешуге нақты қадамдар жасалуда. Көкейтесті талап-тілектерді тез арада шешуге ұмтылу, кәсіпкерлікті дамыту, қысқа дайындық, көркейту-көгалдандыру секілді мәселелерді мезгілінде көтеріп, олар өз шешімін тауып отыр.

Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына, өсіп-өркендеуіне, оның ішінде егін, мал шаруашылығын дамытуда өзіндік үлестерін қосып келе жатқан халық қалаулыларының еңбектері айрықша.

Мәслихат сессиялары қарауына мәслихат депутаттарының ұсынысымен,  мәслихаттың жылдық жоспарына сәйкес аудан көлеміндегі ең көкейтесті де өткір әлеуметтік, экономикалық, мәдени-тұрмыстық мәселелер енгізіліп отырды. Осы кезеңге дейін мәслихаттың барлығы 14 сессиясы өткізілсе, 8-і кезекті, 6-ы кезектен тыс сессиялар болды.

Елбасы тұрақты түрде білім беру, денсаулық сақтау, халықты әлеуметтік қорғау, мәдениет пен спортты дамыту мәселелеріне басымдық беріп келеді. Сол себепті де мәслихат депутаттары осы салалардағы түйіні шешілмеген жайттарға назар аударып, сессиялардың күн тәртібіне ұсынып, тиісті шешімін табуына игі ықпал етеді.  

Сессияларда аудан бюджетінің қалып­тасуы, атқарылуы, саяси, экономикалық, әлеуметтік, мәдени дамуы, тиісті сала­лық бағдарламалардың  орындалуы жөнін­де мәселелер қаралды. Есепті мерзімде өткен сессияларда 129 шешім қабылданып, 26-шешім жалпыға бірдей маңызы бар, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына қатысты болғандықтан, облыстық әділет басқармасынан мемлекеттік тіркеуден өтіп, жергілікті басылым бетіне ресми түрде жарияланды.

Сол сияқты мәслихат сессияларында депутаттар мен тұрақты комиссиялардың ұсыныстарына сәйкес көкейтесті деген мәселелер қаралып, депутаттар талқысына салынып келеді. Депутаттардың сессияларда айтылған ұсыныс пікірлері мен сын ескертпелері атқарушы органдар тарапынан назарға ұсталып, олардың орындалуы тұрақты бақылауға алынған.

Атап айтсақ: мәслихаттың кезекті сессия­ларында: «Мемлекеттік жастар саясаты мен жастарға патриоттық тәрбие беру бағытындағы жұмыстар жайлы», «Ветеринария саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру барысы туралы», «Әлеуметтік нысандардағы мекемелердің қысқа дайындық барысы туралы», «Кіші және орта кәсіпкерлікті дамытудың жайы және оларды қолдау шаралары туралы», «Мәслихат хатшысының есебі туралы», «Білім беру саласының жайы және оны жақсарту шаралары туралы», «Салауатты өмір салтын қалыптастыру мен бұқаралық спортты дамытудағы жұмыстар туралы» мәселелер қаралып тиісті шешімдер қабылданды.

Аудан әкімі  Ғ.Қазантаевтың есебі екі рет тыңдалды. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуындағы және ауыл шаруашылығын өркендету, инвестиция тарту, шағын және орта бизнесті жандандыру, елді мекендерді көркейту-абаттандыру бағытындағы жұмыстарына депутаттар жоғары баға берді.

2017 жылға арналған аудандық бюджет 8 млрд теңге, оның ішінде кірістері 5,4 млрд теңге көлемінде нақтыланды. Осы жылдың қаңтар-тамызында аудан экономикасына 19,3 млрд теңге негізгі капиталға инвестиция тартылды, бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 3 есеге артып отыр.

Мәслихаттың екі тұрақты комиссия­сының бірлескен отырыстарында сессия күн тәртібіне енгізілген мәселелер сессия алдында қаралып, қаулы қабылданып, сессия қарауына ұсынылып, талқыланып отырды. Тұрақты комиссияның бірлескен отырыстарында «Аудандық бюджетке толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы», «Елді мекендердегі алаңдар мен көшелерге атау беру туралы», «Сырдария ауданының Құрметті азаматы атағын беру туралы», «Аудандық, округтік, учаскелік сайлау комиссияларының», «Аудан әкімдігі жаны­нан құрылған комиссиялардың құра­мына өзгерістер енгізу» және т.б мәселелер қаралды.

Аудан әкімдігі жанынан құрылған АНТ құрамымен аудандық мәслихат депу­таттары бірлесіп, ел аралап, өзекті де маңызды мәселелер бойынша тұрғын­дармен сұхбаттасып, Президент саяса­тын түсіндіріп, насихаттап отырады. Мысалға айтсақ, Жер кодексін түсін­діру мақсатында «Заңға тағзым» тақыры­бымен жергілікті құқық қорғау орган­дарымен, оның ішінде прокуратура қыз­меткерлерімен бірге ауылдарды ара­лап игілікті шаралар өткізді. Мұнымен қатар мәслихат депутаттары   былтырғы жылы атқарылған жұмыстары жайлы есептерін беріп, жергілікті тұрғындардың талап-тілектерін, ұсыныс-пікірлерін де жи­нақтап қайтты. Сондай-ақ аудандық мәслихат депутаттары ҚР Парламенті Сена­тының депутаттары Б.Еламанов, М.Бақтиярұлы, ҚР Парламентінің Мәжіліс депу­таттары Б.Смағұл, А.Ералиев, Ә.Сапарова, Г.Шипов­скихпен бірге елді мекен­дер­ді аралап, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы ішінде жеткен жетістіктері жөнінде әңгіме-кездесулер өткізіп, бірқатар әлеуметтік нысандарды аралады. Алдағы уақытта да аудандық мәслихат депутаттары облыстық және республикалық депутат әріптестерімен бірге ел аралап, тарихи маңызды мәселелер жөнінде халықпен ақылдасып, сұхбаттасып тұрады.

Мәслихат депутаттары мүмкіндігіне қарай мемлекеттік және кәсіптік мереке күндері ардагерлерге, әлеуметтік деңгейі төмен отбасыларына, материалдық көмек қажет ететін азаматтарға түрлі қайырымдылық шаралар мен демеушілік қолдаулар көрсетуде. «Мектепке жол» акциясына – барлық депутаттар өз округтері бойынша тұрмысы төмен көпбалалы отбасыларының мектепке баратын балаларын киіммен, оқу құралдарымен жабдықтауға көмектер жасады. 2016 жылы депутаттар тарапынан 1 млн 248 мың теңгеге, 2017 жылы 1,5 млн-дай теңгеге қайырымдылық, демеушілік көмек көрсетті.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру мақаласынан туындайтын қазақ тілін латын жазуына аудару тақырыбында отырысына мәслихат депутаттары, үкіметтік емес ұйым мүшелері, мәслихат аппаратының қызметкерлері қатысты. Шығып сөйлеу­шілер кент ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Келдібаев, аудандық мәслихат депу­таттары Б.Есназар, Е.Жақып латын әліпбиіне көшу уақыт талабы екендігіне тоқтала келе және осы мәселеге байланысты өз ой-пікірлерін айта келе, алда атқарылар жұмыстарға тоқталып өтті.

Баршаға ортақ міндет – Қазақстанды әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына қосу екені жұртшылыққа мәлім. Осы орайда Елбасының ұсынған бағдарламаларында көрсетілген міндеттерді орындау үшін бірлесіп жұмыс жасап, қазақ елінің абырой-беделін асқақтата түсу қажет. Мұны жақсы ұғынған  мәслихат депутаттары  білімі мен біліктілігін, бар күш-жігерін жұмсап, ел алдындағы міндеттерін адал атқарып келеді. Биылғы жылды да табысты әрі жемісті аяқтап шығу үшін аянбай тер төгу, ел мерейін өсіру – халық қалаулыларының ар-ожданына сын. Сол себепті заң жүзіндегі өздерінің мүмкіндіктері мен міндеттерін сарқа пайдаланып, ел абыройын көтеру жолында ерінбей-жалықпай еңбек ете беретін болады.

Е.ӘЖІКЕНОВ, 

Сырдария аудандық

мәслихатының хатшысы.

Әлеумет 30 қазан 2017 г. 818 0