Қызылорда қаласына Ресейдің Белгород облысынан арнайы делегация келді. Делегация өкілдері облыс әкімдігінің мәжіліс залында «Жобаларды басқару негіздері» атты тақырыпта семинар өткізді. Семинарға облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма, департамент басшылары, өңірлік инспекциялар мен аудан әкімдігінің өкілдері қатысты. Шараны облыс әкімінің орынбасары Евгений Ким ашып, оның маңыздылығы жөнінде кеңінен айтып берді.
Мұнан кейін делегация жетекшісі, Белгород облысы губернаторының орынбасары Ольга Павлова жобалық басқарудың тиімділігі жайында нақты тұжырымдар жасады. Ол семинарда Белгород қаласы жайында жасалған бейнероликті көпшілік назарына ұсынды. Онда облыстың экономикалық, өндірістік, ауылшаруашылық және әлеуметтік салалардың қарқынды дамып келе жатқаны көрсетілген. Себебі, мемлекеттік басқару жүйесіне осы тәжірибені енгізген Белгород облысының 7 жыл ішінде аталған салалары айтарлықтай жақсарып, көш басындағы өңірлер қатарына енді. Сонымен бірге жобалық басқару мемлекеттік билік органдары қызметінің тиімді тетігіне айналғанын атады. Жобаның жергілікті жерлерде жүзеге асырылуының тиімді жолдарын да назардан тыс қалдырмады.
Екі күнге жалғасқан семинардың мақсаты тәжірибе алмасумен қатар мемлекеттік органдарда жобалық басқару жүйесінің тиімділігін көрсету болып табылады.
Семинарда одан әрі сөз алған Белгород облысының ішкі және кадрлық саясат департаменті жобалық-сараптама басқармасының басшысы Ирина Кириллова аталған тәжірибе туралы айта келе, бұл жобаның мемлекет алдындағы мақсат пен тапсырмаларды игерудегі тиімділігі зор екенін айтты.
Жалпы, биылғы жылдан бастап Ресей Федерациясы Белгород облысының тәжірибесін қолдана отырып, жаңа мемлекеттік басқару моделі ретінде «Жобалық басқаруды» енгізу бойынша өңірде жұмыстар жүзеге асырылуда.
Сара АДАЙБАЕВА.