ТҮСІМДЕ ТЕҢІЗДІ КӨРЕТІНМІН

Арындаған уақыт неткен жылдам. Әне-міне дегенше пайғамбар жасына да келіппіз. Өткен күндердің елесіне көз жүгіртсең, санаңда ұмытылмастай әсер қалдырған көптеген жайттар жадыңа оралады. Өмір болған соң нендей оқиғалар орын алмайды десеңізші. Олардың ішінде қуанышты кезең де, жабырқаған сәттер де кездесетіні анық. Ал бүгінгі күннің ертеңгі тарихқа айналатыны тағы мәлім.
Сонау жетпісінші жылдары мен Кеңес әскері қатарына алынып әскери борышымды Германияда өтедім. Елден жырақ кету кім-кімге де оңайға соқпайтынын несіне жасырамыз. Оның үстіне мектеп қабырғасынан түлегеніне жыл жаңа толған ауыл баласының елге деген сағынышын тілмен айтып жеткізу мүмкін емес. Әскери қызметтің қыр-сырына, темірдей тәртібіне машықтана жүріп, қол қалт етсе ауылға хат жазамыз. Айдыны шалқыған туған жерімізге деген сағынышты сезімді қағаз-қаламмен өрнектейміз. Ол тұста Аралдың басынан бағы қаша қоймаған кез. Жанымдағы қызметтес достарыма қасиетті теңіздің келбет-көркін, дүйім жұртты паналатқан жомарттығын зор мақтанышпен жеткізетінмін.  Жанымдағы жолдастарым қызыға да сүйсіне тыңдаушы еді. Мен де осындай ұлы теңіздің перзенті екенімді бақыт санаушы едім.
Әскер қатарынан оралған соң біршама уақыт Қуаңдария балық зауытында жүргізуші болып еңбек еттім. Уақытпен санаспай жұмыс жасадық. Шаңырақ көтеріп, перзент сүйдім. Қуанышты күндер осылайша сырғып өте берді.
Кенет... Жалғыз мен ғана емес қабырғалы қауымның жан жарасына айналған дағдарысты кезең басталды. Бұл Арал теңізінің тартылып, түпсіз айдынның  шөлге айналған  қасіретті шағы болатын. Талай ашыққан жандар талғажау тауып, ажал тырнағынан құтылған  мейірбан Арал  енді өзі шалажансар кейіпке түсті. Балық аулау кәсібі мүлде тоқырап, жұмыссыз қалған жандар көбейді. Тіршілігі тоқтауға айналған теңіз беткейінен қабырғалы қауым амалсыздан үдере көшті. Солардың қатарында менің де отбасым бар еді. Талдықорған қаласына қоныс аударып, біршама уақыт осында тұрдым. Жұмыс та, басқа да болды. Десе де, теңіз перзентінің шалқар айдынды аңсайтыны рас екен.
Түсімізде теңізді көретінбіз. Ауылды қатты сағынатынбыз. Теңізіміз оралғасын, қуана елге ат басын бұрдық. Шүкір, қазіргі жағдайымыз жақсы. Балық саласында ұзақ жылдар еңбек жасап, зейнеткерлік демалысына шықтым. Нақты кезеңде ұл-қыздарымыздан немерелер сүйіп отырған жайымыз бар. «Туған жерге туыңды тік» деп тегін айтылмаған.
Шархан ОРЫНБАЕВ,
Арал ауданы.
Әлеумет 05 қазан 2017 г. 849 0