ӘРІПТЕСТІК ЖАҢА ЖОБАЛАРҒА ЖОЛ АШАДЫ

Мемлекеттік энергия мекемесі таратқан мәліметтер бойынша, 2016 жылы Қытайда көмір тұтыну мөлшері 9,4 пайызға, шикі мұнай өндірісі 7,3 пайызға кеміген. Күн нұрынан электр қуатын өндіру мөлшері 69 пайызға, жел энергиясы өндірісі 29,4 пайызға өскен. Соңғы он жылда жаңартылатын энергияны тұтыну да 2 пайыздан 20,5 пайызға өсіпті. 2011 жылы электромобильдердің өндірісі 10000 дана болса, Қытай ІІМ Жол-қатынас департаментінің 13 тамызда таратқан мәліметіне қарағанда, жаңа энергиялы көліктердің саны 1080000 данаға жеткен екен.
Қытай жаңа энергия өндірісін ашу, дамыту жағында шетелдерге көп мөлшерде инвестиция салған ел ретінде де алдыңғы орында тұр. Han neng корпорациясы Германияның Solibro АҚШ-тың Miasole, GSE, Alta Devices компаниясы секілді төрт компаниясын сатып алып, барлық жаңа технологиялары мен бай тәжірибелерін біріктіре отырып, жаңа зерттеулерін бастап кетті. 2016 жылы Han neng корпорациясы күн энергиялы батареялардың бес түрін жасауда әлемдік рекорд орнатты. Қазір бұл кәсіпорын жұмсақ, майысқақ күн пленкаларын өндіруде әлемнің жетекші кәсіпорнына айналды. 2017 жылдың наурызында Қытайдың JinKe энергия компаниясы Әбу Дабиде салынатын «әлемдегі ірі күн энергиясы станциясын» салуға мердігер компания ретінде келісімге отырды. «Бір белдеу, бір жол» жобасы аясында шетелдердегі электр энергиясына мұқтаж өңірлерге қажетті станциялар салып беруде де белсенділік танытып келеді.
Жел энергиясы өндірісі де Қытайда қарқынды дамып келе жатыр. Теңіздегі және құрлықтағы жел-электр станцияларында өндірілген электр қуаты да күн санап артып отыр. Гансу провин¬ция¬сындағы Хы ши дәлізіне орналасқан әлемдегі ең ірі жел-электр станциясы жылына 5000 киловатт ток өндіре алады. Қытайда ірі өндіріс орындарында өндірілген электр қуатына қоса, отбасыларға арналған шағын құрылғылар өндірісі де көптеп қолданысқа еніп жатыр. Қалалардың экологиясын жақсарту үшін электр қуатымен қозғалатын автобустарды да көптеп өндіруде. Жалпы электр қуатының 1/4 жаңа энергияның өндірісінен келіп отыр. Қытай – жаңа энергия көздерін ашу, дамытуға мемлекеттік деңгейде назар аударып отырған елдердің бірі. Климат жөніндегі «Париж келісіміне» мүше ел ретінде, қоршаған ортаға таралатын зиянды газдардың мөлшерін жыл сайын азайтуды мемлекеттік деңгейде жүзеге асырып, көптеген кәсіпорындарды жапты немесе жабдықтарын жаңарту талабын қойды. Осының нәтижесінде ірі қалаларда «көк аспанды» көре алатын жағдай кездесе бастады.
Жаңа энергия көздерін дамытудағы қытайлық жобалардың қай-қайсысы да көлемінің кеңдігі, өндіріс қуаты мен озық технологиясы жағында әлемдегі көшбасшы ел ретінде мойындалып үлгерді. Себебі 1 милллиард 400 миллионға жуық халқы бар алып елде энергияға сұраныстың өзі-ақ жылдам дамуды талап етуде. Бұған ауыр дәрежеде ластанған экологияның халық денсаулығына тигізіп жатқан зияны да Қытай билігін ойландырып отыр.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, Қытай – жаңа энергия саласын ашу, дамытуда шетелдерге инвестиция салуда қыруар жұмыстар атқарып келе жатқан ел. Жан-жақтылы экономикалық қатынастардың нәтижесінде шығыстағы алып көршіміз біздің елге де ауқымды жобаларын ұсынып отыр. Бұл негізінен Қытай кәсіпорындарының атсалысуымен орындалып жатқан, өндіріс орындары мен орта, шағын өндіріс пен тұрмысқа қажетті жаңа энергия өндіруші жабдықтар кешенін құрайды. Солардың ішіндегі көлемді бір жоба – қазақ жерінде бой көтеретін сабаннан электр қуатын өндіретін кәсіпорын.
2017 жылдың сәуір айында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметовтың қатысуымен өткен халықарылық басқосуда қытайлық Macau Legend Development Ltd компаниясы Қазақстан жерінде құны 300 млн АҚШ долларын құрайтын сабанды қайта өңдеу кәсіпорнын құратындығы туралы хабарланған еді. Бұл кәсіпорын құрылысының арқасында 500-ге жуық қазақстандық жаңа жұмыс орнымен қамтылады екен. Барлық қаржылық салымдарды қытайлық тарап инвестициялайтын жоба, қуаттылығы жылына 10 млн тоннаны құрайтын сұйық және қатты органикалық тыңайтқыштарды өңдіруге мүмкіншілік тудырмақ. Сонымен қоса, зауытта көлемі 5 мың текше метрді құрайтын метан газын өндірсе, сол арқылы 120 млн кВт электр қуатын, 70 мың тонна биологиялық лигнинді Қытай, Еуропа елдеріне экспорттауға мүмкіндік туады. Сонымен қатар, зауыт күнделікті 20 мың тонна сапалы қағаз өңдеуге қажетті целлюлоза шикізатын шығара алады. Осымен қатар шикізат пен табиғи байлықтарға аса бай Қазақстан елі де Қытай компанияларымен әріптестік орнатып жатыр.
Осы жылдың басында БАҚ-тарда «Қазақстан Қытай үшін ядролық отын өндіретіндігі» хабарланған еді. Қазақстан ең ірі уран өндіруші мемлекет болғандықтан, шикізатты өндіру Қытай мен Қазақстанның бірлескен кәсіпорындары арқылы 2019 жылға қарай жүзеге асырылады. Қазіргі таңда Үлбі-ФА бірлескен кәсіпорны Қазақстанда уранды өңдейтін зауыт салып жатыр. Ақпарат құралдарының хабарлауынша, Қазақстан уранды октаксид және түйіршіктелген триуран түрінде экспорттайды. Ал Қытайдың электр станцияларына экспортталған уран тағы да өңдеуді қажет етеді. Бірлескен кәсіпорынның «Қазатомпром» мемлекеттік компаниясы мен қытайлық General Nuclear Power Group компаниясынан айырмашылығы ядролық отынды пайдалануға толық дайындап шығаратын болады. Осындай ауқымды жобалармен қоса, тұрмысқа қажетті шағын күн нұры және жел-электр станциясы құрылғылары да көрші елден тасымалданып жатыр. Қытаймен арадағы әріптестіктің аясында қолға алынып жатқан жобалардың ішіндегі электромобиль өндірісі Қазақстан үшін тың бастамалардың бірі деуге болады. Қостанайдағы автомобиль өндіретін кәсіпорынмен бірлесіп, құрастырылатын «JAC iEV6S» электромобилі алдағы уақытта Қазақстан арқылы көрші елдердің нарығына шығады деген болжамдар айтылып жатыр. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Жолдауында да аталған көлік туралы айтып өтті. Қытай тарапымен жасалған уағдаластық туралы айта кеткен Елбасы «қазір 6 жоба жүзеге асырыла бастады, ал 2 жоба іске қосылды. Соның бірі – гибридтік және толықтай электрлі JAC автомобильдерін ірі құрылғылардан құрастыратын зауыт. Қажетті инфрақұрылым қалыптастыру жайын ескеріп, экспортқа бағдарланған электромобиль өндірісін одан әрі дамыту мәселесін пысықтауды тапсырамын», – деген болатын. Елбасының назарына іліккен бұл көліктің бірнеше нұсқасы «ЭКСПО – 2017» көрмесіндегі Қытай павильонына қойылды.
Иә, ХХІ ғасыр адамзат баласы үшін дамудың жаңа көкжиегін ашатын дәуір болып табылады. Бұл орайда қазақстандық кәсіпкерлердің Қытаймен әріптестік байланысы көптеген мүмкіндіктерге жол ашады.
Ж.ӘЛМАХАН.
Әлеумет 30 қыркүйек 2017 г. 789 0