ЖІГЕРЛІ ЖҮРЕК ИЕЛЕРІ

Бүгінде мемлекет тарапынан әлеуметтік мәселелерге айрықша ден қойылып келеді. Облыста мүгедектерге анал¬ған оңалту орталығының ашылуы – соның бір дәлелі. Осыдан 5 жыл бұрын қолданысқа берілген орталық сырқатына шипа іздеп келген алты мың адамға демеу, жанына дауа болған. Мұндағы қызмет алушылардың алғыстан басқа айтары жоқ. Орталықта қажетті ем-домды жүргізу, бос уақытты тиімді өткізу қарастырылған. Үйретері көп үйірмелерге қатысуға мүмкіндік бар, қызыққа толы мәдени кештерде өнеріңді ортаға сала аласың.
Осы аптада да ұйыған ұжым “Үміт ұясына – 5 жыл” тақы¬ры¬бында мерейлі мереке ұйымдастырды. Салтанатты шараға облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқар¬масының басшысы Мұрат Ергешбаев, Талсуат ауылдық округіндегі осы әлеуметтік нысандардың ашылуына зор үлес қосқан сала ардагерлері Майдан Мәселеева мен Максим Геннадий қатысып, орталық жұмысына сәттілік тіледі. Олар сала дамуына септігін тигізуге тілектестік білдірді, әлеуметтік қорғау бағытында қажырлы еңбек етіп жүрген қызметкерлердің абыройы мен беделі қашанда арта беретінін жеткізді. Мұнан соң Сағатбек Сиюов, Данияр Ембергенов, Есет Дайрабаев секілді орталық қызмет алушылары мерекелік сый ұсынды. Көрермен оларды бір деммен қолпаштады. Өйткені, арбамен билеу – айрықша өнер. Бұл бидің тәртібі мен әдісі бөлек. Мүмкіндігі шектеулі жандар музыка¬ның ырғағына ілесе қимылдаумен қатар арбаны игеруі тиіс. Өзін іштей қайрауы, үлкен сахнаға деген дайындығы да маңызды. Бірақ ерік-жігері мол жандар мүмкіндіктің шектеулі болғанымен, рухтың асқақ екенін дәлелдеді.
Жезтаңдай әнші Диана Смағұл әсем әуен¬де¬рімен тыңдар¬манын елітті. Ал он саусағынан өнер тамған Рабиға Ыдырысова көпшілікті көзтартар дүниелерімен таныстырғанда таң¬дан¬басқа болмады. Ізденісі мол ісмер тігін үйірмесіне қатысу арқылы қалт етсе қолына ине алуды, не болмаса, ою ойып, кәдеге аспай қалған маталардан түрлі бұйым жасауды әдетке айналдырғанын көрсетті. Мазмұнды шара соңында орталықта танысып-табысқан, тағдыр тауқыметіне мойымай, өмірдің қатал сынынан тауы шағылмаған Ләззат Жаманбалаева мен Сапабек Меңлібаев жайлы бейнебаян ұсынылды. Өмірге деген құштарлықтың арқасында қиындықты өткерген жандар бақытқа бірге жетіпті. Оңалту шараларының нәтижесінде кресло қорапты біржола тастап, аяққа тұрған Ләззат жолдасымен жеке кәсіпті де тізгіндемек ниетте екен.
Осы мысалға қарап-ақ, төккен тердің, еткен еңбектің еш кетпейтінін байқайсың. Жігері жасымаған қайсар жандардың алдағы уақытта толайым табысқа жететініне де сенім мол. Іштей тек тепсе темір үзетін, он екі мүшесі сау адамдардың “екі қолға бір күрек таппай жүрміз” деп сыныққа сылтау іздемей, осы кісілерден үлгі алғанын қалайсың.

М.СНАДИН.
Әлеумет 16 қыркүйек 2017 г. 847 0