АРДАГЕРЛЕР – БІРЛІКТІҢ ҰЙЫТҚЫСЫ

Еңбек жасындағы кезеңінде ерінбей еңбек еткен аға буын өкілдері «зейнетке шықтық, жасымыз келді» деп жантайып жатқан жоқ, әлі де белсенді әрекет үстінде. Облысымыздағы әрбір мекеме мен кәсіпорында, елді мекендер мен ауылдарда ардагерлер ұйымы өз жұмысын ұтымды жалғастырып келеді. Міне, өткен аптаның сәрсенбісінде Шиелі ауданында облыстық ардагерлер кеңесінің “Ардагерлер тәлімі – рухани жаңғыруымыздың қайнар көзі” атты семинары жоғары деңгейде өткізілді.
Облыстың әрбір ауданы мен облыс орталығынан келген делегаттар әуелгі  жұмысын  Бала би ауылындағы бастауыш ардагерлер ұйымының жұмысымен танысудан бастады. Және де жаңадан салынған №50 мектеп ғимаратын аралап, елмен кездесті. Осындағы ардагерлер ұйымының төрағасы Ұзақ Оразов атқарылған жұмыстар жөнінде мәлімдеме жасап, ауыл мектебімен байланыс барысын ортаға салды. Мектеп директоры Халықбек Әлтай басшылық жасайтын білім ордасының ұжымы да қонақтарды жылы қарсы алып, мектеп оқушыларының құттықтауларын тамашалатты.
Осыдан соң қонақтар Бәйгеқұм ауылына ат басын бұрды. Бұл жерде ауылдың мәдениет үйінде еңбек ардагерлері Арапбек Жанаев пен Каренеев Мейрамбек аталарының 80-ге толу мерейтойына куә болды. Ауылдың ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұсахан Дүйсенов сексеннің сеңгіріне шықса да әлі белсенді, нақты жұмыс үстінде өзін ширақ сезінетін және де көптің ісінен серпін алатындығын паш еткендей. Осы кісінің ұйымдастыруымен өткен шаралар өте жоғары деңгейде бағаланды. Әжелер ансамблінің де шашуы құп алынды. Мерейлі жастары аталып отырған қос қария өздеріне көрсетілген құрметке риза болып, алғыстарын білдірді. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Шаухаманов пен аудан әкімінің орынбасары Т.Жағыпбаров қарияларды құттықтап, сый-сияпат жасап, иықтарына шапан жапты. Келесі аялдама «Оқшы Ата» кесенесінде болды, мұнда аруақтарға құран бағышталды.
Семинар барысында Көкшоқы елді мекеніндегі спорт кешенінде аудан ардагерлері арасындағы спартакиа¬да тамашаланды. Ардагерлер арқан тарту, дойбы, шахмат, т.б. спорттық ойын түрлерінен сайысқа түсіп, жас та, лауазым да талғамайтын өнер түрінен бәсекеге түсті.
Осы күні «Көкшоқы» шағын ауданында Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері Ә.Палымбетовты еске алуға арналған ардагерлер арасындағы бильярдтан сайыс та қызу өтті. Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар тапсырылды. Ардагердің ұрпақтары демеушілік көрсетіп, қонақтарға түскі ас берді.  
Сонан соң «Ы.Жақаев ауылындағы күріш өсіру тарихы» мұржайымен танысқан делегаттарға осы сапар барысында аудандық ардагерлер үйінің жұмысымен таныстырылды. Шиелі аудандық ардагерлер кеңесі бүгінде 7071 зейнеткерді біріктіріп отыр. Семинар өз жұмысын аудандық мәдениет үйінде қорытындылады. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Оразымбетов атқарылған жұмыстар туралы  мәлімет берді. Облыстық ардагерлер кеңесінің алқасы семинар жұмысын өте жоғары деңгейде өтті деп бағалады.

Нұрмахан ЕЛТАЙ.
Шиелі ауданы.
Әлеумет 16 қыркүйек 2017 г. 1 074 0