Қызылорда облысы – мұнай өндіруден озық көрсеткіштерге ие жетекші аймақ. Осы өңір аумағында орын теуіп, бұл күндері мұнай өндіруден бөлек қоғамға пайдалы игілікті істерімен де көзге түскен «Қазгермұнай» компаниясы халықаралық нарықта да өз абыройын айқындап үлгерген ұжым қатарынан саналады. Кеше ғана компания мұнайшылар мерекесі қарсаңында думанды іс-шара ұйымдастырып, қызметкерлердің еңбектерін еледі.
Мекеме басшылары мен жұмысшылары әуелі Нұралы кен орнында бас қосты. Одан кейінгі сапар «Ақшабұлақ» кен орнында жалғасын тауып, сол жерде мұнайшылар күні мерекесін атап өтті. Жер қойнауынан қара алтынды қазып шығарып, оны кәдеге жаратып, ел игілігі жолында пайдаға асыру тіпті де оңай шаруа емес. Облыстағы маңдайалды кәсіпорынның бірі – «Қазгермұнай» компаниясы өзінің көмірсутек шикізатын барлау, өңдеу, шығару және өткізу қыз-меттерін Қызылорда облысының Оңтүстік Торғай ойпатында жүзеге асыруда. Міне, дәл сол ойпаттың жанына жиылған басшылық үздік мамандарға мақтау қағаздарын табыстап, естелік сыйлықтар берді.
ҚР Энергетика министрлігі, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ, Қызылорда облысы әкімдігі және құрылтайшы «Қазмұнайгаз» БӨ» АҚ, «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ «Құрмет» грамоталары және Алғыс хаттарымен үздік сала қызметкерлері марапатталды.
Квач Борис жетекші инженер-электрик 20 жылға жуық уақыт мұнай саласында қызмет етіп келеді. Бүгін ҚР Энергетика министрлігі тарапынан ерекше марапатқа ие болып, еңсесі көтеріліп отыр. «Еңбегіңнің лайықты бағаланғанының өзі үлкен бақыт», – дейді ол. Мұндай марапат қызметкердің шаршамай, талмай алға ұмтылуына үлкен дем бермек.
Тілеубаев Бекзат, «Ақсай» кен орнының мұнай және газ өндіру операторы: «Әрине, компанияның арнайы жиын жасап, құттықтауы бұл маған ғана емес, бүкіл ұжымға зор ынта сыйлайды. Біз өзіміз үшін емес, еліміз үшін еңбек етіп жатырмыз деп есептейміз. Өйткені, біз шығарған мұнай сұрыпталып сан мемлекетке тарап жатыр», – дейді ол.
Жиын барысында компания басшылары сөз сөйлеп, айтулы мерекемен құттықтады. Ол мұнайшылардың қоғам өмірінде алар орны ерекше екенін атап өтіп, үнемі қайнаған жұмыс қазанында жүретін еңбеккерлердің еңбегі лайықты бағалану керектігін баса айтты. «Қызметкерлерге қосымша күш беріп, оларды моральдық және материалдық тұрғыдан қолдауға біз әрқашан дайынбыз», – деді компания басшысының бірінші орынбасары Есен Қайыржанұлы.
Жиын соңы концерттік бағдарламаға ұласты. Мерекеге арнайы келген эстрада жұлдыздары ән салып, көпшіліктің көңілін көтерді. Ал компания келер жылы өзінің 25 жылдық мерейтойын салтанатты түрде атап өтпек.