Қоғамдық орындарда тұмшаланған киім киюге шектеу қойылмақ

ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінде вице-министр Берік Арынның төрағалығымен  «Қазақстан Республикасының  кейбір заңнамалық актілеріне діни қызмет және діни бірлестіктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылау бойынша отырыс өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 
Аталған отырысқа Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының басшылық құрамы, имамдар, «Уақып» қайрымдылық қорының және Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының өкілдері мен дінтанушы ғалымдар қатысты. Дінтану сараптамасы басқармасының басшысы Мырзаев Балғабек заң жобасына енгізілетін жаңашылдықтарға тоқталды. Оның сөзінше, құжатта  шетелде діни білім алу, қоғамдық орындарда адамның бет-бейнесін тұмшалайтын киім түрлерін киюді шектеу, дін қызметіне мемлекеттік қызметкерлердің қатысуы, дін жоралғылары бойынша некені қиғызуға қатысты жаңа нормалар қабылданатын болады.   
 Бұдан бөлек, заң жобасы аясында деструктивті идеологиялық ағымдардың  киім түрлерін киюге шектеу қою, БАҚ-та оларды жарнамалауға және наным-сенімдерін таратуға тыйым салу, діни қызметке кәмелеттік жасқа толмағандарды тартқаны үшін жауапкершілікті күшейту қарастырылады.   Отырыс барысында қатысушылар дін мәселелері бойынша заңнамалық актілерге ензілетін түзетулердің маңыздылығына тоқталды. Олардың айтуынша, Заң жобасы діни экстремизм идеологияларының тарап кетуінің алдын алу бойынша жалпы мемлекеттік жүйені қалыптасыру және мемлекеттің зайырлы қағидаттарын күшейтуге негіз бола алады. Естеріңізге сала кетейік, аталған заң жобасының толық нұсқасы ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің ресми сайтында және «Электрондық үкімет» порталында жарияланған. 


Әлеумет 21 тамыз 2017 г. 1 434 0