«Тек дәрігердің ғана емес, жалпы қоршаған ортаның да сырқат жанға жағымды әсер қалдыруы кеселді жеңуге септігін тигізеді» дегенді оқығаным бар-ды.
Қазалы арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығына бас сұққаннан осы бір жылы сөздің ойға оралатыны анық. Аумақты ауладағы жайқала өскен жасыл желектің көркіне қарап суы қанық, күтімі келісті екенін аңғару қиын емес. Мәуесі араныңды ашқан алма, шие, өрік, самалмен тербелген алуан гүлдер «таза ауа жұтқаның, талай ғұмыр ұтқаның» қағидасымен үндесіп жатқандай.
Жаңабай Жәкенов басшылық жасайтын осынау іргелі мекеме 101 қызмет алушыға жеті бағытта арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетеді. Ұжымда жүзден астам адам еңбек етеді. Түсініктірек болуы үшін мұндағы негізгі жұмыс бағытына тоқтала кетсек. Орталық он сегіз жастан асқан қамқорлықты қажет ететін І-ІІ топтағы психикалық ауытқуы бар мүгедек жандарға үй жағдайына жақындатылған жасы мен денсаулық жағдайына бейімделген қызмет көрсетеді. Олар үшін күнделікті монша жағылып, жеке басының гигиеналық тазалығы, киім-кешектерінің уақытылы ауыстырылуы, тұрмысқа қажетті заттарының дұрыс пайдаланылуы жауапты мамандардың жіті қадағалауында болады. Бөлме сайын желдеткіш орнатылып, отандық телеарналарға қосылған теледидарлар қойылған. Жазғы мезгілде қызмет алушылардың бөлмелері бақылау арқылы кондиционермен салқындатылып, жақсы демалуына мүмкіндік жасалынған. Қысқы мезгілде бұл бөлмелердің жылуы 20-23 градуста сақталады. Жазы қапырық, қысы қытымыр Қазалыда мұндай ахуалдың орны бөлек екені белгілі.
Тәулігіне бекітілген ас мәзіріне сай бес мезгіл тамақ беріледі. Дәрігердің тағайындауымен ем-дом қабылдап, туыстарымен жүздесуге де мүмкіндік мол. Қызмет алушылармен үйірме жұмыстары жүргізіліп, мәдени шаралар өткізіліп тұрады. Осындай маңызы зор шараның бірі жуырда ұйымдастырылған «Экспо – ұлт мақтанышы» тақырыбындағы кездесу кеші болатын. Бұл күні елордамыз Астанадағы халықаралық көрмеге барып қайтқан бір топ қызметкерлер ұжым мүшелеріне өздері куә болған жайттарды слайд арқылы көретіп, әңгімелеп берді. Жоғары деңгейде өткен жүздесу көпшілік тарапынан жоғары бағаланды. Әлемдік деңгейдегі көрменің көрінісі шұрайлы тілмен жеткізілгенде залға жиналғандар құдды өздерін Астанада жүргендей сезінді.
Сондай-ақ, емдік дене шынықтыруға жауапты дәрігердің нұсқауымен қызмет алушылар апта сайын іріктеліп жіберіліп тұрады. Күнделікті таңертеңгілік бой жазу тұрақты дағдыға айналса, жеке және топтық емдік дене шынықтыру жаттығуына жүріп-тұруы қиындағандар, тыныс жолы жаттығуына, жүгіру алаңшасы (беговая дорожка), велотренажер құралдарымен жаттығу жасауға дәрігердің нұсқауы берілген қызмет алушылар қатысуда.
Тағдыры өзгеше жандардың жан-дүниесін шынайы ұғыну үшін әрбір қызмет алушымен тіл табыса білудің қажет екені өзінен-өзі түсінікті. Осы ретте орталықта қандай қызметтер атқарылуда деген сауалға жауап іздеген едік.
– Орталықта қызмет алушылардың білім деңгейін психологиялық тұрғыдан көтеру үшін атқарылатын жұмыстардың мақсаты мен міндеттерін әңгімелеу, жан-жақты қызығушылықтарын анықтайтын сауалнамалар жүргізіледі. Оған қоса танымдық сабағы өткізіліп, тақырыпқа сай өз ойлауы бойынша мінез-құлықтарының ерекшелігі анықталады. Осылайша оларға мінездеме беріледі. Мемлекет қамқорлығына жаңадан қабылданған қызмет алушыларға алғашқы психологиялық бақылау, психокоррекциялық жұмыс және ортаға бейімдеуге жеке жұмыс жүргізіліп, психологиялық кеңес беріледі,-дейді орталықтың директоры Жаңабай Жәкенов.
Жылдық жоспарға сәйкес, қызмет алушылармен психологиялық қалып¬тылық, тест алу барысында өзін-өзі ұстай білу, сабырлы болуына, қобалжымау, асықпауы жөнінде біраз түсініктер мен кеңестер айтылады. Әлеуметтік еңбекке баулуда қызмет алушылардың денсаулық жағдайы дәрігердің нұсқауымен ескеріліп, еңбек дағдыларын қалыптастыруға, әлеуметтік мәртебесін қалпына келтіруге мүмкіндік туғызатын қолжетімді кәсіптік дағдыларды үйретуде біршама қадамдар жасалды. Тігін машинасында 15 қызмет алушыға жұмыс жасау үйретіліп, басым бөлігі өз бетінше меңгеретін дәрежеге жетті. Ою салу, фрезер, ловзик құрылғысын қадағалаумен жұмыс жасайтындар бар. Еңбек нұсқаушыларымен бірлесіп «Жанқожа баба» кесенесінің макеті, Тәуелсіздік монументінің бейнесі, өзге де бұйымдар мінсіз жасалып көрмеге қойылды. Қызмет алушылармен «Үйренерім көп менің» атты қолөнер шеберлері сайысы өткізілді. Еңбекке баулу тұрғысында қызмет алушылардың қабілетіне, ой-өрісіне, жас ерекшелігіне қарай қолжетімді жұмыстар үйретіліп, көрсетілуде.
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.
Қазалы қаласы.