ӘЛЕМ МОЙЫНДАҒАН КӨРМЕ

Қазіргі кезде бүкіл әлемде энергия тапшылығына сай «жасыл» экономикадан баламалы энергия көздерін алуға бет бұра бастады. Бұл дегеніміз бүкіл әлемді шикізатқа тәуелділіктен арылту болып табылады. Көрме кешенінің жүрегіне айналған, алып шар тәрізді ғимарат «Нұр Әлем» деп аталады, биіктігі – 100 метр, диаметрі – 80 метр, 8 қабаттан тұратын ұлттық павильон әрбір көрмеге келушіні өзіне шақырып тұрады. Сфераның төменгі табанында 5 мың шаршы метр аумақта орналасқан ұлттық павильон «Қазақстанмен танысу» және «Жасампаздық энергиясы» атты екі басты та¬қырыпты қамтиды. Мұнда Қазақстанның өткен тарихынан бастап болашағы туралы мәліметтер қамтылған және жоғары қарай павильонның әр қабаты ғарыш, күн, биомасса, жел, су және кинетикалық энергияға арналған. Ал сегізінші қабат «Астана – болашақтың қаласы-2050» экспозициясына арнайы бөлінген.
Ғарыш, күн энергиялары орналасқан қабатқа кіргенде әр адам өзін айға, күнге барып саяхат жасағандай әсер алады, осы уақытқа дейін теледидардан көріп, естіген әлемімізді көзбен көргендей болдық және түрлі шөптер мен дақылдардан адамзатқа қажетті баламалы шикізатты, мысалы, жанармай тектес сұйықтық алуға болатынын білдік, болашақта күннің қуатымен машиналарды жүргізуге болатындығына көз жеткіздік. Құдды бір өзімді ертегі әлеміне кіріп кеткендей сезіндім. Сфераны айнала орналасқан шет елдің павильондарын бір күнде аралап, танысу мүмкін емес. Алайда өзім естіп, біліп жүрген Қытай, Өзбекстан, Жапония, Тайланд, Катар, Түркия, Франция, Германия, АҚШ, Щвейцария, т.б. бірнеше мемлекеттің бағдарламаларымен қатар, көрмеге дайындаған дүниелерімен таныс болдым.
Көрмеге барып келген қызметкерлермен мекемеде өткізілген «ЭКСПО-2017-Ұлт мақтанышы» атты кездесу кешінде қызмет алушылар мен ұжымдастарыма көрген білгенімді слайд арқылы көрсетіп, әнгімелеп бердім. Кез келген жақсы бастама сынсыз болмайды, дегенмен де, осы уақытқа дейінгі сын айтып келген тұлғаларымыздың пікірі өзгеретіндігі сөзсіз. Әрбір қазақ елінің азаматы өз елінің жетістігімен мақтануы тиіс. Көрме аяқталғаннан кейін еліміздің құрметі артып, мәртебесі қазіргі таңдағы деңгейден де жоғарылап, тың өзгерістерге аяқ басып, кәсіпкерлік дамып, жаһандық дағдарыстан шығуға септігін тигізеді деп ойлаймын. Көрмені өз көзімен көрген әрбір азаматтың танымдық деңгейі өсіп, өмірге деген қөзқарастары өзгереді. Сондықтан мүмкіндігінше көрмені көруге кеңес беремін.

Гүлжанат ТӨЛЕГЕНОВА,
Қазалы арнаулы әлеуметтік
қызметтер көрсету орталығының заңгері.
Әлеумет 08 тамыз 2017 г. 966 0