1967 жылы 7 қараша күні Кеңестер Одағында Ұлы Октябрьдің 50 жылдығы кең көлемде аталып өтті. Жыл басында кейбір жаңадан салынатын құрылыстарға «Юбилейный объект» деген атақ беріліп, облыстық партия комитеті оларды 7 қарашаға пайдалануға беруді міндеттеді. Жаңадан келген жас маман маған осындай құрылыстарды жүргізудің сәті түсті.
1966 жылдың желтоқсан айында Қазақ химия-технологиялық институтының құрылыс инженерлігі факультетін бітірген мені жолдамамен Қызылорда қаласындағы «Риссовхозстрой» трестіне жіберді. Арада бір ай тиісті демалысымды өткізіп, 1967 жылдың ақпанында аталған трестке келдім. Трест Желтоқсан көшесінің аяғына орналасқан екен. Қызылордаға бірінші келуім. Күн суық, үстімдегі киімім жұқа, бас киімім жоқ, жалаңбаспын, аяқта студент кезімдегі туфлиім. Трестке келіп басқарушының қабылдау бөлмесінде отырып жылынып алдым. Трест басшысы – Гончаров Виктор Александрович түсі суық көрінгенмен, мені жылы қабылдады. Табалдырықтан жасқана аттаған маған «отырыңыз» дегендей ишара жасап, алдындағы көп орындықтың бірін нұсқады. Мен «здравствуйте» дедім де, қалтамнан су жаңа диплом мен жолдама қағазды алып оған ұсындым. Омырауымда жоғары оқу орнын бітіргендігімді білдіретін төсбелгі жарқырап тұр. Танысқаннан кейін Виктор Александрович облыста 10 совхоздың құрылысын салып жатқанын және Қызылорда қаласында біраз құрылыстардың басталатынын айтып өтті де: – Қалай, жұмысты совхоз құрылысынан бастайсың ба, әлде Қызылорда қаласындағы құрылыстарда қаласың ба? – деп жымиып күлді. Мен ойланбастан: – Реті келсе, қалада қалайын, – дедім.
– Бірден ескертіп қояйын, қалада саған бере қоятын үй жоқ, пәтер жалдап тұрасың! Бәріміз де қызметті өзің сияқты үйсіз-күйсіз бастағанбыз. Жұмысты жақсы істесең, кейін бір реті болар, – деп қабылдау бөлмесіндегі қызды шақырып: «кадр бөлімінің басшысын шақыр» деді. Кадр бөлімінің басшысына мына жігіт жолдамамен келіп отыр, қаладағы №12 ЖМК-ға жіберіп, бақылауға алыңыз! – деп тапсырды.
№12 ЖМК «Шанхай» жақта Әлия Молдағұлова көшесі, 1 үйде орналасқан екен. ЖМК басшысы Дайрабаев Қали Бұрханұлы орыс мінезді, қатал адамға ұқсады. Менімен құрылыс жөнінде біраз сөйлесті де, қалада «Юбилейный объект» атанған политехникумның 400 орындық жатақханасы және екі қабатты оқу-өндірістік ғимаратының құрылысын жүргізуге барасың, тапсыру мерзімі 1967 жылдың 7 қарашасы, – деп бірден кесіп айтты. Сонымен бұйрық берілді, осы күнгі Жа¬қаев көшесіндегі политехникумның 400 орындық жатақханасы және Желтоқсан көшесіндегі екі қабатты оқу-өндірістік ғимаратына құрылыс шебері болып орналастым.
Гончаров күнде таңертең жұмысты осы нысанды аралаудан бастауды әдетке айналдырды. Таңертең менен бар ақпаратты алып, ЖМК басшыларына тиіседі екен, мен «барды бар, жоқты жоқ», – деп шындығын айтатын едім. Бірде тас қалаушылар Иван Лазаренконың бригадасы кірпіш жоқтығынан бос уақыт өткізіп отырғанын, кес¬теден қалып келе жатқанымызды ашық айттым.
Көп ұзамай Дайрабаевты басқа жұмысқа ауыстырды да, орнына Образцов Николай Тимофеевичті тағайындады. Қали ағаның кеткенін мен қаламадым, тіл табысып қалып едік, ақылын айтатын, ұрыспайтын.
Жаңа басшы Н.Образцов та таңертең жұмысты осы біздің құрылысты аралаудан бастап жүрді. ЖМК-ның бас инженері Байкенов Сейіл ағамыз күндіз-түні құрылыс басында болды. Бар білгенін маған үйретуден жалыққан жоқ, ұстазым десем, артық болмас. Құрылыстың қарқынды жүруіне өз үлесін қосты.
Тамыз айында құрылысшылар күні аталып өтті, маған бір айлық ақшалай сыйлық берілді. Суретімді «Риссовхозстрой» тресті алдындағы «Наши маяки» деген стендіге іліп қойды. Аталған нысандар 1967 жылдың 7 қарашасы қарсаңында аяқталды, ал пайдалануға жыл аяғында берілді. Маған енді облыстық партия комитеті жанындағы медициналық училищенің ғимаратын бастау және Шумилов көшесіндегі тресттің 32 пәтерлік үйін аяқтау тапсырылды. Осылай менің алғашқы еңбек жолым қала құрылысын салудан басталды.
Бұл кезде «Риссовхозстрой» тресті жаңадан күріш совхоздарын ашу мақсатында 10 совхоз орталығын салуға кірісіп кеткен. Осы жылы №2 құрылыс-монтаж тресі деген атпен жаңа құрылыс басқармасы ашылды. Алғашқы басқарушысы болып Ержігіт Бозғұлов ағамыз тағайындалды. Жерді инженерлік жүйеге келтіру, совхоз орталықтарын құру қарқынды жүріп жатты, кейін құрылыстары біткен соң аталған 10 совхоз «Главриссовхозстройдан» облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының құзырына берілді.
Бұл кездері Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитеті облыста екінші тың – жаңадан қой өсіретін совхоздар ұйымдастыруды тапсырды. Ол үшін «Қызылқұм», «Қарақұм», «Арысқұм» жайылымдары игеріліп, облыста жаңадан 10 қой совхозы ашылды. Оны игеруге «Қызылордасельстрой» және «Облмежколхозстрой» мекемелері атсалысты. Осылайша облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына қарайтын 90 совхоз, 10 колхоз, 5 арнаулы шаруашылық жұмыс істеді.
Бұл облыс көлеміндегі атқарылған үлкен жұмыс еді. Осы жұмыстардың орындалуында ерен еңбектерімен көзге түскен ардагер құрылысшылар бүгінде ортамызда жүр. Олардың қатарына Нұрқыш Жанәбіл, Байкенов Сейіл, Рысбаев Серікбай, Көпірбаев Өмірзақ, Көшербаев Айтбай, Имандосов Самұрат, Морозов Виктор Степанович, Оразбаев Жеткерген, Мадияров Ақмұрат, Құрманғазиев Нысанбай, Баймаханов Қожахметті қосуға болады. Аталған азаматтардың басшылығымен салған әрбір құрылыстың өзіндік тарихы бар.
Қазіргі кезде облыс бойынша, оның ішінде Қызылорда қаласының жаңа келбеті қалыптасты, Сырдария өзенінің сол жағасын игеру қарқынды басталды. Облысымыз құрылыс қарқыны жөнінде республикада көш бастап тұр. Қалай мақтанбайсың?! Тек өткен жылы мектептер, балалар бақшасының құрылысынан басқа, Қызылорда қаласында тұрғын үйден 11 шағын аудан ашылып, халық игілігіне пайдалануға берілді. Бұдан 50 жыл бұрынғы құрылыс қарқынымен салыстырсаң, қаланың жаңа келбеті адам танымастай болып өзгерді.
Ал өзгерткен, аймақты жаңартқан құрыш қолды құрылысшылар!
Нұрлыбай ҰЛЫҚБАНҰЛЫ,
Қазақстанның құрметті құрылысшысы,
облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы
ардагерлер кеңесінің төрағасы.