ЖАҺАНДЫҚ БӘСЕКЕДЕ БІЛІМДІЛЕР ОЗАДЫ

Қазіргі таңда шетелде жүрген қазақстандықтар аз емес. Олардың басым бөлігін сол елдерде білім алып жатқан жастарымыз құрайды. Олар барған елдерінен алған әсерлері туралы әлеуметтік желілерге, түрлі басылымдарға жазып, теледидардан сұхбат беріп жатады. Сонда бір аңғарғаным, жастарымыз шетелдіктердің кітап және газет-журнал оқуға деген қызығушылығына, жастарының білімге деген құштарлығына таңданыс білдіреді. Әсіресе, сессия кезінде кітапханаларда бос орын болмайтынын айрықша айтады.

Құдай-ау, деймін мен, кезінде ең оқырманы көп, тұрғындары кітап пен мерзімдік басылымдарды сүйгіш ел санатында едік қой. Біздің ұрпақ кітап жастанып өскені ақиқат.  Алайда, бүгінгі нарық билеген заманда дүйім жұрт рухани қажеттіліктен гөрі, тән қажеттілігін өтеу үшін материалдық дүниеге көбірек көңіл бөліп кетті. Осы тұста адамдар бұрынғыдай кітап оқу дағдысынан айырылып бара жатқаны байқалады.  Жастардың кітап оқуға деген қызығушылығы тым төмен. Олардың арасында да кітап оқуды жақсы көретіндер бар, бірақ үлесі аздау.

Америкалық «NOP  World» компа­ниясы жуырда ең оқымысты елдердің ондығын атады. Көш басында – Үндістан. Үнділер аптасына 10,7 сағат уақытын кітап, газет-журнал оқуға арнайды екен. Екінші орынға жайғасқан Тайланд елінің адамдары 9,5 сағатын оқуға ден қояды. Аптасына 8 сағат уақытын оқуға арнайтын қытайлықтар үшінші орында.

Сонымен қатар, оқуға көбірек көңіл бөлетін мемлекеттер қатарына Филиппин (7,6 сағат), Египет (7,5 сағат), Чехия (7 сағат), Ресей (7,1 сағат), Швеция (6,9 сағат), Франция (6,9 сағат), Сауд Арабиясы (6,8 сағат), Венгрия (6,8 сағат) және Гонконг (6,7 сағат) еніп отыр. Аталған мемлекеттердің қай-қайсысы да оқуды тұлға мәдениетінің негізгі көрсеткіштерінің бірі деп біледі. Ақпараттық технологиялардың қарыштап дамуы бұл мемлекеттерде мерзімді басылымдар мен әдеби кітаптарды оқырмансыз қалдырған жоқ. Жұмыс күнін газет-журналдардың жаңа нөмірімен бастайтын, қоғамдық көліктегі, мейрамханадағы бос уақытында бірден басылымдарға шұқшиятын, кітабын заманауи гаджеттерге айырбастағысы келмейтін қауымды олар біздегідей ескіліктің табынушысына баламайды. Керісінше, жоғары мәдениеттің өкілі деп құрмет тұтады. Өкінішке қарай, оқу мәдениеті дамыған елдердің қатарында Қазақстанның бұл рейтинг бойынша аптасына оқуға небәрі төрт сағат қана жұмсайтын мемлекет ретінде белгіленіпті. Ал жаһандық бәсекеге кезінде бізге бұл салада төменгі деңгейде қалуға әсте болмайды. Ол үшін не істеу керек?

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында білімді, көзі ашық, көкірегі ояу болуға ұмтылу – біздің қанымызда бар қасиет екенін атап көрсетті. Бүгінгі жаңа атаулы ертең-ақ ескіге айналатын, жүрісі жылдам дәуірге аяқ басқан кезеңде кәсібін неғұрлым қиналмай, жеңіл өзгертуге қабілетті, аса білімдар адамдар ғана табысқа жететінін айтты.

Елбасы мақаласының білімге арнаған тұсын келтіріп өтелік. «Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді» делінген. Осыған орай, қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар бойынша «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын қолға алынатынын мәлімдеді.

Оның мәні мынада. Біріншіден, тарих, саясаттану, әлеуметтану, философия, психология, мәдениеттану және филология ғылымдары бойынша студенттерге толыққанды білім беруге қажетті барлық жағдай жасалынуы тиіс. Зиялы қауым өкілдері еліміздің жоғары оқу орындарындағы гуманитарлық кафедраларды қайта қалпына келтіру арқылы мемлекеттің қолдауына ие болады. Бізге инженерлер мен дәрігерлер ғана емес, қазіргі заманды және болашақты терең түсіне алатын білімді адамдар да ауадай қажет. Екіншіден, алдағы бірнеше жылда гуманитарлық білімнің барлық бағыттары бойынша әлемдегі ең жақсы 100 оқулықты әртүрлі тілдерден қазақ тіліне аударып, жастарға дүние жүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік жасап, 2018-2019 оқу жылының өзінде студенттерді осы оқулықтармен оқыта бастау жоспарланып отыр. Үшіншіден, ол үшін қазіргі аудармамен айналысатын құрылымдар негізінде мемлекеттік емес Ұлттық аударма бюросын құру керек. Ол Үкіметтің тапсырысы бойынша 2017 жылдың жазынан тиісті жұмыстарға кірісе бергені жөн.

Президент бұл бағдарлама бойынша қол жеткізетін жетістіктерді атап көрсетті. Ең алдымен, жүз мыңдаған студентке жаңа сапалық деңгейде білім бере бастаймыз. Бұл – білім саласындағы жаһандық бәсекеге неғұрлым бейімделген мамандарды даярлау деген сөз. Оған қоса, жаңа мамандар ашықтық, прагматизм мен бәсекелік қабілет сияқты сананы жаңғыртудың негізгі қағидаларын қоғамда орнықтыратын басты күшке айналады. Осылайша, болашақтың негізі білім ордаларының аудиторияларында қаланады. Біздің әлеуметтік және гуманитарлық біліміміз ұзақ жылдар бойы бір ғана ілімнің аясында шектеліп, дүниеге бір ғана көзқараспен қарауға мәжбүр болдық. Әлемнің үздік 100 оқулығының қазақ тілінде шығуы 5-6 жылдан кейін-ақ жемісін бере бастайды. Сол себепті, уақыт ұттырмай, ең заманауи, таңдаулы үлгілерді алып, олардың қазақ тіліндегі аудармасын жасауымыз керек. Бұл – мемлекеттің міндеті.

Елбасымыз ұсынған «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы уақыт талабынан туындап отыр. Жаһандық деңгейде бәсекеге қабілетті боламыз десек, әлемдік деңгейдегі ең озық оқулықтардан, ғылыми әдебиеттерден білім алған абзал. Егер қазақ тілін дамытамыз, білім мен ғылым тіліне айналдырамыз десек, шет тілдеріндегі оқулықтар мен ғылыми әдебиеттердегі маңызды ақпаратты өз тілімізде сөйлете білуіміз қажет. Шынайы рухани жаңғыру сол кезде жүзеге асады. Елбасымыз жақсы бастама көтеріп, ғылыми қауымдастыққа бағыт-бағдар берді. Енді осы игі бастамаға бүкіл ел болып қолдау жасап, әрі қарай дамыту аса маңызды.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.

Әлеумет 27 шілде 2017 г. 872 0