ҚАЗАЛЫДА ҚҰРЫЛЫС ҚАНАТ ЖАЙДЫ

Қазалы қазір адам танымастай өзгерді. Көлемі де ертегі кейіпкеріндей сағат сайын өспегенмен, жылдан жылға  ұлғая түсуде. Бұрын шет аймақ аталатын бөліктерінен енді күрке соғар бос жер таппайсыз. Қайда қарасаңыз да, жанарыңызға зәулім үйлер, еңселі нысандар шалынады. Шатыры күнмен шағылысқан коттедждерге жұртшылықтың әбден еті үйренген. Қысқасы, Қазалыда құрылыс салу ғарыштық жылдамдықпен жүргізілуде десек, әсірелеу емес.
Жуырда кент тұрғындары зор қуанышқа бөленді. Аудан орталығындағы байырғы №170 мектептің ашылу рәсімі өткізілді. Бұған дейін ескі нысанда амалсыздың күйін кешкен мұғалімдер қауымының шаттығында шек жоқ. Жарық та әсем білім ордасында дәріс алатындарына шәкірттер де дән риза. Әсіресе, салауаттылық салтын серік қылған қауымның толғанысы тіпті ерекше. Жоқтан бар жасап келген ұстаздар заманауи спорт залды иеленгендеріне мәз-майрам. Мұның мәнісі де бар. Бокстан қос бірдей Азия чемпионын, Олимпиаданың қола жүлдегерін ұшырған қазалылық бапкерлердің бабы келіссе бағы жанатынына ешқандай күмән болмасы анық. 
Іле-шала шалғайдағы бірнеше ауылда дәрігерлік амбулаториялар ашылды. Үлкен жетістік. Елді мекендердегі ауруханалар жабылып, сарсаңға түскен дала перзенттері өшкендері жанып, өлгендері тірілгендей күйге түсті. Қашанда ақпейіл дағдысынан жаңылмайтын, кімге де тура сөйлеуден тайынбайтын ауылдағы ағайынның сәбише қуанғандарына біздің де көңіліміз бұзылды. Аршыған жұмыртқадай мінсіз емханалардың шынайы қожайындары табыларына имандай сендік. 
Ұлы ойшыл Аристотельдің «Мемлекет өмір сүруге мүмкіндікті қамтамасыз ету үшін емес, бақытты өмір сүруге мүмкіндікті қамтамасыз ету үшін құрылады» деген даналығын естуіңіз бар шығар. Бұл қағида қазалылықтарға да тонның ішкі бауындай жақын. Кент орталығындағы толымды тірліктер соны меңзейді. Мәселен, биылдың өзінде 14 көшеге асфальт, 4 көшеге қиыршық тас төселді. Оған қоса, 9 елді мекеннің көше жолдарына орташа жөндеу жүргізілді. Ал келесі жылы кенттің 36 көшесін орташа жөндеуден өткізу межеленуде. 
Аудан орталығында көңілді елең еткізер ғимараттар баршылық. Жанқожа батыр көшесімен жүрсеңіз, биік күмбезді, алтын айшықты, сән-салтанаты келіскен мешіт құрылысын жолықтырасыз. Маңайға имандылық нұрын себуге арналған нысан халқымыздың дарабоз ұлы, көзінің тірісінде  ерлігі аңызға айналған Жанқожа Нұрымбетұлының есімін иеленбекші. Санаулы күндерден соң мешіт ел игілігіне беріледі деп күтілуде. 2005 жылы іргетасы қаланған ғимараттың белгілі себептермен құрылысы уақытша тоқтап қалған еді. Бұл батыр бабасын ерекше қастерлейтін қабырғалы қауымның шымбайына аяздай батқан болатын. Алайда, жоққа жүйрік жете ме? Арада сынапша сырғып айлар, жылдар өтті. Міне, сол күрмеудің түйіні тарқатылатын шақ туды.  Мешіт құрылысы жалпыхалықтық шараға айналды. Ел ағалары үндеу тастады. Қалың бұқара бірауыздан қолдады. Нәтижесінде қомақты қаржы жиналды. Біреу тайын, біреу лағын, енді біреу қолындағы барын берді. Осылайша мешіттің жұмысы қайта жанданды. Қазіргі таңда Аллаһ үйінің құрылысын Жанқожа бабамыздың ұрпағы Сәбит Аралбаев басқаратын «Досбол Құрылыс» компаниясы жүргізуде. Орайы түскенде мешіттің негізгі демеушісі, бастамашысы ретінде жерлесіміз Дархан Бердалиевтің өлшеусіз үлес қосқанын  атап кетпеу әділетсіздік болар еді. Құрамында намазхана, асхана, оқу, неке қию залы, Құран оқу бөлмесі бар аумақты нысан көпшілік көкейінен табылатыны хақ. 
Жуырда өткен алқа мәжілісінде Қазалы ауданының әкімі Бақыт Жаханов құрылыс сапасына баса назар аудару керектігін сала басшыларына қадап тапсырды. Бұған іштей сүйсіндік те. Оған себеп те табылады. Жиында хабарлама жасаған құрылыс бөлімінің басшысы Жалғас Сүйеубаев биылғы жылы көптеген нысандардың іске қосылғанын шолып өтті. Десе де, Жалғас ініміз арендалық екі тұрғын үйдің  құрылысы толық аяқталғанымен, коммуналдық меншікке алынбағанына алаңдаушылық білдірді. Біздің түсінгеніміз, бұл үйлерді теңгерімге алу жөнінде тиісті бөлімге ұсыныс беріліпті. Бірақ алыс-беріс актісіне қол қойылмаған. Көңілге қарамайтын, салғыртты аямайтын қақаған қыста адам қоныстанбаған үйдің азып кетері және анық. Ендеше Жалғастың жанайқайы өте орынды. 
Сондай-ақ, кентте бой көтерген өзге арендалық тұрғын үйлердің салыну пәрмені бөтен емес. Төбесі жабылып, едені, есік-терезесі орнатылуда. Елді мекендердегі нысандар да аяқталуға жақын тұр. Жалпы, Қазалыда құрылыс қарқын алып келеді. 
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.
Қазалы ауданы.

АҚПАРАТ 07 қаңтар 2014 г. 911 0