АЛЫП ЗАУЫТТЫҢ АДЫМЫ

АЛЫП ЗАУЫТТЫҢ АДЫМЫЖаңақорған ауданы Кейден ауылының іргесінен бой көтерген   күкірт қышқылы зауыты Сыр өңіріндегі  аса ірі индустриялық-инновациялық жобаның бірінен саналады.  2006 жылы қазығы қағылып, құрылысы басталған аталмыш алып өндіріс орнының қаржылай қолдауын бірнеше  шетелдік инвесторлар қолға алғандығы да оның халықаралық маңызының зор екендігін білдірсе керек. Аталмыш ауқымды жобаға жапон елінің  «Марубени»,  «Тепко» және  Канаданың  «Uranіum One» корпорациялары қатысты. 
Зауыттың құрылысы құрамында Францияның «General Elektrіk» фирмасының турбогенераторлық қондырғысының орналастырылғандығы да оның пайдалылығын арттыра түсті деп ойлаймыз.  Өйткені, осы қондырғы арқылы арзан электр қуаты өндіріске, одан артылғаны жергілікті тұрғындарының тұтынуына да жаратылады. 
Қысқаша «СКЗ – U»  деп аталынатын  аталмыш өндіріс ошағын салуға бастапқыда 216 млн. АҚШ доллары жұмсалынады деп жобаланған болатын, ол, әрине, толықтай игеріліп, былтырғы жылдың желтоқсан айынан бастап, өндіріс орны өз өнімін бере бастады. Бұл жобаның алдын ала жоспарланғанындай болғандығын көрсетеді.  
Аталуынан белгілі болып отырғандай зауыт негізінен  жерасты байлығын өзге қоспалардан сілті қышқылы арқылы айырып алатын өнеркәсіп орындарының сұранысын қамтамасыз етуге тиіс. Ол үшін басты шикізат болып табылатын күкірт химиялық заты Атыраудан алдырылады. Шикізатты алдыру үшін алдын ала ол жақпен келісімшарт жасалынып, барлық дайындық жұмыстары қатар өрбітіліп келеді. «СКЗ – U» өз жоспарына сай  алдырылған шикізатты пайдалана отырып, тәулігіне 1500 тонна күкірт қышқылын өндіруге тиіс. Шығарылған өндірістік өнім Жаңақорған ауданындағы негізінен уран өндіретін «Байкен - U», «Қызылқұм» ЖШС-ларында және Шиелі ауданындағы №6 кен басқармасында қолданылады. 
Нақты кезеңде зауытта білікті мамандармен қатар, көптеген жергілікті тұрғындар еңбек етіп келеді. Осы шаруаның игілігі үшін зауыттың бас директоры Мәдіхан Бекжанов бас болып,  жергілікті жастардан өндіріске аса қажет мамандарды өз қаржысы есебінен оқытып, маман кадр дайындауға күш салып отыр. Зауыт жанынан тұрғын үй қалашығының және күн көзінен қуат алатын қондырғының салынуы ондағы қамқорлық аясының кеңи түскендігін білдіреді. Сонымен қатар, жергілікті тұрғындардың әлеуметтік қажеттілігіне де өз үлесін қосып отыратындығын атап айтқан жөн болар. Бұл секілді жұмыстардың жалғаса түсетіндігіне және де өндіріс орнының экологиялық залалсыз жұмыс жүргізіп, қажетті өнім өндіре беретіндігіне сенім мол. 
Ғани ЕСІМОВ,
«СКЗ – U» зауыты күрделі құрылыс бөлімінің бас маманы.

АҚПАРАТ 07 қаңтар 2014 г. 1 103 0