ЖЕДЕЛ ҚЫЗМЕТТІҢ ЖҮГІ ЖЕҢІЛ ЕМЕС

Жедел қызмет пен қауырт еңбек төтенше оқиғалар туындаған кезде қауіптің алдын алатыны, тосқауыл болатыны белгілі. Бұқара халық та осындай жағдайда төтеншеліктерден көмек күтеді. Ол үшін жедел қызметтің дер кезінде ұйымдастырылуы, азаматтардың біліктілігі, іскерлігі мен қызметтердің  материалдық-техникалық жағдайының жарақталуы маңызды. Мемлекет басшысы ел азаматтарының қауіпсіздігі үшін қызмет ететін Төтенше жағдайлар министрлігінің жарақталуына ерекше көңіл бөліп отыр. Техникалық жабдықталу деңгейі мен қызметкерлердің кәсібилігі өсіп, іс-әрекеттердің жеделдігі мен үйлесімділігі артуда. Азаматтық қорғаныс және төтенше жағдайлардан қорғау саласында оқыту үшін қазіргі заманғы технология қолданылады. Халықты ақпараттандыру және хабардар ету әдістері жетілдірілген.
Өткен жылғы 11 айдың қорытындысы бойынша, алдыңғы жылмен салыстырғанда, төтенше жағдайлардың санын /89/ 10,9 пайызға, адамдардың қаза болуын /58/ 13,2 пайызға, зардап шегуін /91/ 25,9 пайызға азайтуға қол жеткізілді.
Шұғыл ден қою қызметтерінің үйлесімді және жедел іс-әрекеттері оқу-жаттығулар барысында тұрақты түрде пысықталады. Төтенше жағдайлар жөніндегі ведомствоаралық мемлекеттік комиссия отырыстары, Қызылорда облысы әкімдігі және оған қарасты қала, аудан әкімдігі басшылықтарымен төтенше жағдайлар жөніндегі комиссиялар жұмыс істейді.
Төтенше жағдайдың барлық жүйесі үшін аса маңызды оқиғалардың бірі,  «Азаматтық қорғау туралы» Заң жобасының бірінші оқылымда мақұлдануы болды. Аталмыш жобада төтенше жағдайлардың алдын алу мәселесі бірінші орында тұр. Онда үлкен экономикалық шығыны бар күтпеген табиғи құбылыстардың өсуі, елдің айтарлықтай аумағының сейсмикалық қауіпті аймақта орналасуы, Қазақстанның өнеркәсіптік әлеуетінің, оның ішінде қауіпті технологиялары бар өндірістер есебінен өсуі қамтылды. Сондай-ақ, заң жобасы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою,  азаматтық қорғаныс, өнеркәсіптік және өрт қауіпсіздігі, мемлекеттік материалдық резервтер, апаттар медицинасы саласында мемлекеттік саясатты іске асырудың құқықтық тетіктерін ретке келтіреді. Заң жобасының негізгі мақсаты Қазақстанда азаматтық қорғауды басқарудың бірыңғай жүйесін құру болып табылады.
Сондай-ақ, бизнеске әкімшілік қысым көрсетушілікті айтарлықтай азайту, рұқсат беру құжаттар санын, жоспарлы және жоспардан тыс тексерулерді азайту бойынша жұмыс жалғасуда. Қазіргі уақытта ТЖМ-ның өртке байланысты рұқсат беру құжаттары 4 есеге дейін азайды. Үкіметтің тапсырмасына сәйкес ТЖМ-ның 7 мемлекеттік қызметі, өрт және өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында, халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы көрсетіледі. Сонымен қатар, өрт қауіпсіздігі бойынша тексеріс санын азайтуға мүмкіндік беретін қауіп-қатерлерді басқару жүйесі енгізілуде. Нәтижесінде, жүргізілген тексерулердің саны өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 46 пайызға, өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында 2 есеге азайды.
Мемлекет басшысы мен Үкіметінің халық қоныстанған аумақтардағы өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін тұрақты назарда ұстап, олардың кешенді шешіміне көрсеткен қолдаулары арқасында өрт сөндіру деполары салынуда. Қазіргі кезде, облыс бойынша 13 өрт сөндіру депосы, 2 жеке бекет бар.  Биылғы жылға Арал ауданы мен Байқоңыр қаласынан өрт сөндіру деполарын салу, оған қоса Жаңақорған және Сырдария ауданындағы өрт сөндіру бөлімдерін күрделі жөндеуден өткізу жоспарлануда. Қазіргі күні өрт сөндірушілер түгелімен 100 пайыз жауынгерлік киімдермен қамтамасыз етілген. Бұл ретте облыстағы өрт сөндіру бөлімдері ҚР ТЖМ тарапынан материалдық-техникалық құрал-жабдықтармен жабдықталған.
Мүдделі мемлекеттік органдармен бірге ТЖМ тарапынан  «Қазақстан Республикасының халқы мен мемлекеттік органдарын хабардар ету жүйесін жаңарту» жобасы әзірленді. Елдің барлық аумағында «112» бірыңғай құтқару телефон нөмірі енгізілді. Облыс бойынша «Тыңдаңыздар, бәріңе!» дабылын беру үшін барлығы 30 электросирена (16-сы қалада, 14-і аудандарда) жұмыс жасайды. Дабыл «Қазақтелеком» АҚ телекоммуникация дирекциясы арқылы беріледі. Сондай-ақ, халыққа төтенше жағдайлар туралы жедел ақпараттар аса маңыздылығына сәйкес ұялы байланыс операторлары арқылы SMS-хабарламалары таратылады.
Елбасы Қазақстан халқына Жолдауында күшті әлеуметтік саясат қана қоғамдық тұрақтылық пен келісімді қамтамасыз ететінін атап өтті. Министрліктің төтенше жағдайлардағы шұғыл медициналық қызмет жүйесінде жүргізген түбегейлі өзгертулері көзге көрінер әлеуметтік серпін берді. Ел аумағында «Денсаулық пойыздары» өз жұмысын жалғастыруда. Көпшілік туған ауылдарынан шықпай-ақ, біліктілігі жоғары мамандардан бірінші сыныптық медициналық көмек алды. Өткен кезеңде медициналық пойыз Қызылорда облысының шалғай жатқан 17 бекетінде тұратын 4506 тұрғынды тексеруден өткізді, оның 877-сі балалар. 33925 диагностикалық ем-шара жүргізіліп, 75 шағын амбулаториялық ота жасалды. Осы пойыз Қызылорда облысының да барлық шалғай елді мекендерінде болып, шілде айында көпшілікке қызмет  етті.
Медициналық шұғыл әрекет ету бригадасының жедел көмегі 2013 жылдың 11 айында 71 рет шақыртуға шыққан. Оның ішінде 44 адамға алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, үш адам ауруханаға жатқызылған. 
Денсаулық сақтау саласын дамытудың «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, жолдардағы жарақаттар мен өлім-жітімді азайту, жол-көлік оқиғалары кезінде зардап шеккендерге дер кезінде шұғыл медициналық көмек көрсету мақсатында облыста 2 күре жолдық медициналық бекет, биылғы жылы тағы да 1 күре жолдық медициналық бекет қолданысқа беріледі. Қазіргі таңда облыста 2 күре жолдық медициналық құтқару пункттері Қармақшы  ауданы Байқоңыр-Қызылорда автожолы бойында, Иіркөл елді мекені тұсынан және Шиелі ауданының «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автожолы бойынан Бәйгеқұм тұсынан 0,3 гектар жер телімдері алынып, құрылысы жүріп жатыр. Аталмыш бекеттерге  дәрігер, фельдшер, құтқарушы, жүргізушілер алынды. Оларға Астана қаласынан құтқару және медициналық жабдықтардан тұратын реанимобильдер алынды. ҚР Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде халыққа қызмет көрсетуге арналған «Ми-8» және «Еврокоптер–ЕС-145» тікұшақтары пайдаланылып келеді. Санитарлық авиация 54 рет көкке көтеріліп, шалғай жатқан жерлерде қиындыққа тап болған азаматтарды құтқарды.
Облыс бойынша Көкшетау техникалық институтына 15 түлек емтихан тапсырып, оқуға қабылданса, Белоруссия Республикасының төтенше жағдай саласындағы біліктілікті арттыру институтында 11 адам, Қарағанды, Өскемен, Көкшетау қалаларында 16 адам облыстық төтенше жағдайлар саласы тарапынан  білімін жетілдірді. 
Халыққа ТЖМ қызметкерлерінің атқарып отырған жұмысын жариялау мақсатында 2013 жылдың 9 шілдесінде «Хабар» телеарнасынан 20 минуттық «Жалын жұтқан жастық шақ» атты арнайы хабар берілді. «Қауіпсіздік әліппесі» брошюрасы көпшілікке қауіпсіздік талаптарын білу мақсатында ұйымдастырылды.
Наурыз айынан бері департамент жанынан «Сыр құтқарушысы» журналы жарық көре бастады. Айына бір рет жарық көретін журналда құтқарушылардың өмірі мен саладағы атқарылып жатқан жұмыстар, қауіпсіздікті сақтау ережелері жарияланып келеді. Сондай-ақ, наурыз айынан бастап «Қазақстан - Қызылорда» телеарнасынан эфирге «112 - Құтқарушы» бағдарламасы шығып жатыр.
Өткен жылдың қарашасында жергілікті «Қоғам ТВ» арнасынан тікелей эфирге департамент бастығы С.Өмірзақов шығып, «Мезгіл мәселесі» бағдарламасында тұрғындардың хабарға шалған маңызды  қоңырауларына жауап берді.
Жоғарыда атап көрсетілген іс-шаралардың барлығы да төтенше жағдайлардың алдын алуға және оны жоюға бағытталып отыр.  «Елге қызмет – абырой, міндет!» деген қағида қауырт қызметтің басты мақсаты.
Айгүл НҰРМАНОВА, 
Қызылорда облысы ТЖД баспасөз қызметі жетекшісі.

АҚПАРАТ 07 қаңтар 2014 г. 942 0