Скринингтік зерттеулер өткізудегі мақсат – ауруды ерте кезеңде анықтау, белгілі бір ауру түрлеріне шалдығу қаупі бар тұрғындардың мақсатты топтарын тексеру, аурулар туындататын қауіп-қатер факторларын анықтау.
Алғаш рет Қазақстанда 2009 жылы скринингтің үш түрі: артериялық гипертензия, сүт безі обыры және жатыр мойны обыры скринингі енгізілді. Қазір ол Ұлттық скринингтік бағдарламасы болып кеңейтіліп, 11 түрлі скрининг ел тұрғындарының 70%-ын қамтиды. Оның ішінде 6 скрининг түрі қатерлі ісік ауруларын ерте диагностикалауға бағытталған.
2016 жылы облысымыз бойынша скринингтік тексеруден қатерлі ісік ауруларының ерте сатысында 144 адам анықталды. Оның ішінде 44 әйелден сүт безі қатерлі ісігі, 6 әйелден жатыр мойны қатерлі ісігі, 27 адамнан өңеш және асқазан қатерлі ісігі, 54 ер адамнан қуық асты безі қатерлі ісігі, 12 адамнан тік және тоқ ішек қатерлі ісігі анықталып, қазіргі таңда тиісті ем – шараларын қабылдауда.
Қатерлі ісікпен алғашқы сатысында анықталған науқастардың сауығу мүмкіндігі жоғары. Осы тұста ұлттық скрининг бағдарламасының тиімділігі айқын көрінеді.
Қатерлі ісік ауруларының алдын алу мақсатында Дүниежүзілік обырға қарсы күрес күніне орай, облыс бойынша 2017 жылдың 1-10 ақпан аралығында дене белсенділігін арттыруға баса ден қоя отырып, «Біздің қолымыздан келеді! Менің қолымнан келеді!» ұранымен онкүндік жариялануда. Онкүндік барысында барлық емханаларда «Ашық есік күні» өткізіледі. Осыған байланысты адамның өзінің аймағындағы емханасының мамандардан кеңес алып, тегін тексеруден өтуіне мүмкіндігі мол.
Облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы