YЗДІК СПОРТШЫЛАР АНЫҚТАЛДЫ

Жылдағы дәстүр бойынша үздік спортшылар мен жаттықтырушылар, сала жұмысын жолға қоюда оң нәтиже көрсеткен  қалалық және аудандық  дене шынықтыру және спорт бөлімдері, балалар мен жасөспірімдер спорт мектептері анықталды. Осындай құрметке ие болғандар облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының алғыс хатымен марапатталды. 
Ауыр атлетикадан әлем чемпионатының күміс жүлдегері, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері Алмас Өтешов, жасөспірімдер арасында тұңғыш әлем чемпионы атағын қазақстандық балуан Бауыржан Жауынтаев, еркін күрестен  Әлем және Азия, чемпионаттарының қола жүлдегері  Дәулет Ниязбековтер «Жылдың үздік спортшылары» атанды. 
Үстіміздегі жылы Польшада өткен Әлем чемпионатында А.Өтешовтің жүлдегер атануына үлкен үлес қосқан ауыр атлетикадан Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Ержас Болтаев «Жылдың үздік бапкері» атағына лайықты деп танылды. Сондай-ақ, осындай құрметке дзюдодан жасөспірімдер арасында облыстың аға жаттықтырушысы, Жалаңтөс баһадүр атындағы спортта дарынды балаларға арналған облыстық мектеп-интернаттың дзюдо бөлімшесінде қызмет атқаратын маман Қален Қалиұлы да ие болды. Ол Б.Жауынтаевтың жеке бапкері саналады. Сонымен қатар, көгалдағы хоккейден Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, «Сырдария» клубының директоры Сұлтанбек Қобландиннің еңбегі де жоғары бағаланды. 

АҚПАРАТ 31 желтоксан 2013 г. 1 255 0