Тұмау және тыныс алу жолдарының жедел вирустық инфекциялары – бұл ауа-тамшы жолдарымен жұғатын әртүрлі инфекциялардың жиынтығы. Қазіргі таңда тұмау эпидемиясы кезінде адам өлімі жоқ. Бірақ көптеген адамдардың тұмауға деген салғырттықтарының нәтижесінде инфекцияның күшеюіне жол берілуде.
Бұл өз кезегінде тұмаудың тұрақты вирустарын туғызады. Сөйтіп ауа арқылы басқа адамдарға жұғады, жүрек- қан тамырлары жүйесі, бүйрек және басқа да мүшелер ауруларының асқынуына әкеледі. Тұмау өте құбылмалы және оның құрылымы өзгеріп отырады, осылай тұмау және вирустық инфекциялар жаңа толқынды болады. Ең алдымен «Ауырып ем іздегенше,ауырмайтын жол ізде» деген қағиданы ұмытпауларыңыз керек. «Сақтықта қорлық жоқ»- дегендей, әрбір адам өз денсаулығына жауап беруі тиіс.
Инкубациялық кезең бірнеше сағаттан 7 күнге дейін,орташа 2-3 күнді құрайды. Бірнеше сағат ішінде дене температурасы 39-40С дейін көтеріледі, әртүрлі дәрежедегі қалтырау, мерзімі қысқа, 3-5 күн. Әдеттегiдей аурудың басы өткiр, кенет интоксикация синдромынан басталады. Қалтырауы бар науқастарда (өте жылдам бiрнеше сағат ағымында) дене температурасы 39-40С көтеріледі, қалтырау қысқа және әртүрлі сипатқа ие, маңдай бөлімінің, әсіресе қабақ үсті аймағының ауырсынуы, бас айналу, тершеңдік, буындардың, сүйек-бұлшықеттерінің ауырсынуы тән, адинамия, жалпы әлсіздік үдей түседі. Тұмаудың ауыр ағымында ұйқының қашуы, көп ретті құсу, ес бұзылыстары, менингиалді белгілердің болуы тән. Оған тән белгілер: тамағының жыбырлауы, жұтынғанда ауырсынуы, мұрынның шырышты қабатының қызаруы және ісінуі, мұрынның бітелуі, мұрыннан су ағуы, дауысының қарлығуы, құрғақ, қысқа түрдегі жөтел. Аурудың алғашқы күнінен көз алмасының ауырсынуы, жас ағуы, жарыққа сезімталдығының жоғарылауы, конъюктивит анықталады. Тұмаумен ауыратын науқастардың сыртқы келбеті: беті ісінген, аздап қызарған, жүрек-қан тамыр жүйесі жағынан тахикардия мен гипотония байқалады.
Тұмаудың алдын алу жолдары:
сырқаттанғандарды ерте анықтап, оларды көпшiлiктен оқшаулау;
жеке бас гигиенасын сақтау;
сырқаттарға күтiм жасағанда медициналық маска тағып жүру;
бөлмелердi жүйелi түрде желдетiп, күнделiктi жиi ылғалдап жуып отырған жөн;
жөтелгенде немесе түшкiргенде мұрынды бет орамалмен, салфеткамен жабу керек; салфетка мен бет орамалды жиі ауыстырып отыру
сырқаттану кезеңiнде сұйықтықты, әсiресе лимон, бал, таңқурай, итмұрын қайнатпалары қосылған шәйдi, минералды суды көбiрек iшу қажет;
пияз, сарымсақ, қызыл бұрыш және де С витаминiне бай (орамжапырақ, қара қарақат, бүлдiрген, апельсин, болгар бұрышы) тағам өнiмдерiн тұтыныңыз.
әрбiр 2 сағат сайын мұрын шырышты қабаттарын оксалин майымен майлап отырыңыз;
ыстықты түсiретiн дәрiлер iшу;
үйге дәрiгер шақырту, кеңес алу;
.Тұмауға нақтылы диагноз қойып, науқасты оқшаулап, ауруханаларда не басқа тиісті мекемелерде карантин жарияланады. Алдын ала организмді шынықтыратын емдер жасап, спортпен шұғылданған дұрыс.
Қызылорда бойынша 2016 жылы тұмауды жұқтырып тіркелгендер саны жалпы барлығы 1821 адам тіркелген,оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар арасында 1220 жағдай, 15-17 жас аралығындағы жасөспірімдер арасында 63 жағдай аныталып, тіркелген.
Тұмау басталғанда адамның денесі дел-сал болып, көңіл-күйі нашарлайды және тағамға тәбеті шаппайды. Бір-екі күннен кейін дене қызуы көтеріледі, басы ауырады, бұлшық еттері сыздап, буын-буыны сырқырайды, мұрны бітеді, дауысы қарлығып, жөтеледі, тамағы қызарып, жұтынғанда ауырады, көзі қызарып жасаурайды. Адам дереу дәрігерге көрініп, емделсе, үш-бес күннен кейін дене қызу төмендеп, сауыға бастайды.
Зәуреш МАХАМБЕТОВА,
облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының маманы