
Жылдағы дәстүрге сай Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Астанадағы Тәуелсіздік сарайында ҚР Президентінің «Алтын сапа» және «Парыз-2013» сыйлығының жеңімпаздарын марапаттауға арналған салтанатты жиын өтті. Үш жүзден астам кәсіпорынның өкілдері қатысқан конкурста қызылордалық «Жанрос Дриллинг» компаниясы «Ең жүздік әлеуметтік жауапкершілікті кәсіпорын» номинациясының иегері атанып, қола жүлдені жеңіп алды.
Дамудың нарықтық жолын таңдаған ел егемендігінің елең-алаң шағында мұнай мен газ саласы экономикамыздың жетекші саласына айналды. Нақты кезеңде Қазақстанның мұнайы экономикалық өсімнің локомотивіне айналып отыр. Бүгінгі таңда ел дамуында шешуші рөл атқарып отырған жетекші салаға қызмет көрсетуші компаниялар да аз емес. Солардың бірі – «Жанрос Дриллинг» ЖШС.
«Жанрос» фирмасы қазақстандықтар нарықтық қатынасқа көше бастаған 90-жылдардың басында құрылды. Бәсекелестік жағдайында кез келген істің көзін тапқан жан ғана өз кәсібін өрге домалата алады. Алексей Мылтықбаевтың да кәсіпкерлік саласындағы жобалары сәтті болды. Оның басқаруындағы серіктестік өңірдегі ірі мұнай компаниясынан алғашқы тапсырысты 90 жылдардың соңында алған-ды. Осылайша, мұнай нарығына батыл енген компания кейінгі жылдар ішінде Құмкөлдегі көптеген кеніштерді игеруге, сондай-ақ Маңғыстау, Атырау облыстары мен Тараз, Алакөл, Өскемен қалаларында маңызды жобаларды жүзеге асыруға атсалысып, нәтижесінде еліміздегі осы саладағы жетекші компаниялардың біріне айналды. Енді, міне, компания басшылығына дәстүрлі «Парыз-2013» конкурсының беделді номинацияларының бірі беріліп отыр.

Компанияның өркендеп, жоғары жетістікке жетуінің сыры неде? «Бұл бірлігі берік ұжымдағы майталман мамандардың үздіксіз ізденісі мен толассыз еңбегінің арқасы», - дейді А.Мылтықбаев.
Кәсіпорын еліміз бен өз аймағымыздағы мұнай-газ өндіруші ірі компаниялармен бірлесіп бірқатар маңызды жобаларды табысты жүзеге асыруда. «Жанрос Дриллинг» ЖШС негізінен мұнай және газ кеніштерінде бұрғылау жұмыстарын атқару, яғни кеніштерді игеру ісімен айналысатынын жоғарыда атап өттік. Сонымен бірге мұндағы кәсіби мамандар мұнай скважиналарына күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізіп, оларға толыққанды сервистік қызмет көрсетеді. Атап айтқанда, компанияның білікті мамандары мұнай-газ скважиналарына жерасты жөндеу, компрессорлау, қышқылмен өңдеу және гидродинамикалық зерттеу және сынақ жұмыстарын да сапалы атқарады. Бұған қоса, кеніш басында қалашықтар, шаруашылық нысандары мен жолдар салу және мұнай тасымалдауды терең меңгерген.
Қазіргі таңда ел экономикасының қарыштап өсуімен бірге «Жанрос Дриллинг» компаниясы да даму, өсу үстінде деп нық айтуға болады.
А.Мылтықбаев компанияны басқару ісіне еуропалық үлгіні енгізген облысымыздағы іскер басшылардың бірі. Мұнда серіктестік тізгіні тәжірибелі мамандардың қолында. Бұл компанияда өз ісінің майталман шеберлері, тәжірибелі мамандар еңбек етеді. Мысалы, экономика ғылымдарының докторы Елена Махницкая – осы компанияның қаржы директоры және жаңа жобаларды қаржыландыру ісінің ұйымдастырушы-үйлестірушісі, тәжірибелі маман Тәңірқұл Құлбаев – компанияның бұрғылау жұмыстары жөніндегі директоры, ал Мырзабай Бисекеев күрделі өндіріс және мұнай скважиналарын жерасты жөндеу жұмыстары жөніндегі директор.

Серіктестік уақыт көші ілгері озған сайын мұнай скважиналарын бұрғылау ісімен шектелмей, жаңа жұмыс және оған көрсетілетін сервистік қызмет түрлерінің қатарын да арттырып келеді. Мұнда үздік бұрғылаушы бригадасындағы жұмысшыларды АҚШ, Еуропа және Ресей елдерінен шақыртылған майталман мамандар арнайы оқу курстарынан өткізіп тұрады. Осылайша, қызметкерлер мен жұмысшылардың жаңа, озық технологияны игеруіне ерекше мән беріледі. Нақты кезеңде компанияның өндірістік базасы мен түрлі кеніштерде жүзеге асырылып жатқан жобалар бойынша 1100 адам еңбек етеуде.
Айта кетейік, осы жылдар ішінде компанияның бұрғылаушы мамандары әрқайсысының тереңдігі 1 мың метрден 4 мың метрге дейінгі аралықтағы 256 мұнай скважинасын қазыпты. Мамандардың айтуынша, алдағы уақытта тереңдігі 7 мың метр болатын скважиналар қазу ісі қолға алынады.
Бірлігі берік ұжымды соңғы 20 жылдан бері басқарып келе жатқан Алексей Мылтықбаев іскерлік әлеміне кеңінен танылған тәжірибелі басшы ғана емес, сонымен бірге қамқор әке, асыл жар.
Компания қайырымдылық шараларынан да тыс қалған емес. мектептер мен интернаттар, сәбилер және қарттар үйіне үнемі қолдау көрсетіп отырады. Сонымен қатар, серіктестік мұнай кәсіпшілігінде қоршаған орта мен өндіріс қауіпсіздігін сақтау ісіне ерекше мән береді.
«Парыз-2013» конкурсының қола медалі, яғни «Ең үздік әлеуметтік жауапкершілікті кәсіпорын» номинациясы осы саладағы толассыз еңбектің жемісі. Біз өңірдің өркендеуіне үлес қосып жүрген компанияның жетістігіне бәрекелде дей отырып, Сыр жұртшылығына қуаныш хабарды жеткізуге асықтық.
Дәуіржан ЕЛУБАЕВ.