Өңірлік коммуникациялар орталығында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы А.Алдажаров, Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті облыс бойынша департаменті басшысы Т.Жолымбетов жыл қорытындысымен журналистерге арнап брифинг өткізді.
Елімізде қолданыстағы атаулы әлеуметтік көмек көрсету тетігі жетілдіріліп келеді. Келесі жылдан бастап 4 және одан жоғары 18 жасқа дейінгі балалары бар көпбалалы отбасыларға берілетін арнаулы мемлекеттік жәрдемақы, 18 жасқа дейінгі балаларға арналған мемлекеттік жәрдемақы, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек түрлері трансформацияланып, жаңа форматтағы «Атаулы әлеуметтік көмек» енгізіледі.
Басқарма басшысы жаңа тәсіл мен қолданыстағы жүйенің айырмашылығына тоқталды. Енді әлеуметтік көмек алу үшін еңбекке қабілетті жастағы табысы аз адамдар жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына міндетті түрде қатысады. Осы жағдайда ғана олар шартты ақшалай көмек алуға құқылы. Егер отбасында еңбекке қабілетті жастағы адам болмаса, оларға шартсыз әлеуметтік көмек беріледі.
«Сыр мейірімі» жобасы аясында жалғызбасты қарттарға, мүгедектерге, өзін-өзі күте алмайтын науқас және аз қамтылған азаматтарға күнделікті ыстық тамақ ұйымдастыру – үздіксіз жүзеге асып келе жатқан әлеуметтік жоба. Бірақ ыстық тамақ тарату мемлекеттік сатып алу конкурсы өткен соң кешігіп басталатын. Жыл сайын ауа райы салқын кезде бұл жоба тоқтатылып, сәуір айынан басталатын. Өткен жылы демеушілер арқылы тұрмысы төмен отбасыларды жыл басынан бастап ыстық тамақпен үзіліссіз қамтамасыз етуге қол жетті. Биыл да бұл мәселе шешімін тапты.
Халықтың әлжуаз топтарын әлеуметтік қолдауға бағытталған шаралардың бірі – облыс әкімінің гранты. Аз қамтылған отбасылардан шыққан студенттерге арналған облыс әкімінің гранты 497-ге жетті. Биылдан бастап осы студенттер білім алуды жалғастырады.
Басқарма басшысы мүмкіндігі шектеулі жандарға қамқорлық, мүгедектердің құқықтарын қорғау, мүгедектігі бар адамдарды оңалту, олардың денсаулығын жақсарту шаралары туралы айтты. Жаңа жұмыс орындарын құрудағы, азаматтардың тұрақты жұмысқа орналасуына жәрдемдесудегі жетістіктерге тоқталды. Осы жылдан басталатын «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасын түсіндіріп берді. Жаңа бағдарламаның басты мақсаты – жаппай оқыту және кәсіпкерлік арқылы нәтижелі жұмыспен қамту үшін кірістердің өсуіне жағдай жасау.
Осы жылдан бастап шетелдік жұмыс күшін тартуды рәсімдеу шаралары жеңілдетіледі. Енді квота жұмыс берушілердің сұранысын, аймақтардағы жұмыс күшіне деген сұранысты, жұмыссыз азаматтар санын, өткен жылғы шетел жұмыс күшін тарту тиімділігін бағалау мен еңбек ресурстары есебінен жұмыс күші сұранысын қанағаттандыруды ескере отырып, экономикалық қызмет түрлеріне қарай берілетін болады. Сонымен бірге, шетел жұмыс күшін тартуға келісім алу үшін жұмыс берушілер салық төлейтін болады. Оның көлемі шақырылған жұмыскердің санаты мен жұмыс істейтін саласына қарай сараланбақ.
Жаңа жылдан бастап барлық зейнетақы төлемдерінің мөлшері 9 пайызға, жәрдемақылар 7 пайызға көбейтілді. Елбасының Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған салтанатты жиналыста зейнетақы және жәрдемақы көлемін 20 пайызға көтеру туралы тапсырмасы орындала бастады. Зейнетақы мөлшері 1 шілдеден бастап 11 пайызға, бала тууына байланысты бір жолғы мемлекеттік жәрдемақы 20 пайызға арттырылады.
Өткен жылы алғашқы мүгедектікке шыққандардың басым бөлігін жұмысқа жарамды жастағылар құрады. Мүгедектікке себеп болған қан айналу жүйесі, қатерлі ісіктер, туберкулез аурулары. Балалар арасындағы алғаш мүгедектікке шығу көрсеткіші 669-дан 721-ге өсті. Негізгі себептері – туабітті кемістіктер, нерв жүйесінің аурулары, сүйек-буын аурулары.
Өткен жылы жоспарланған 8 әлеуметтік нысанның қызметіне, мүгедектерді әлеуметтік қорғау және арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету салаларындағы заңдылық талаптарының сәйкестігіне тексеру жүргізілді. Жүргізілген тексеру қорытындысы бойынша арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету саласындағы заңдылық талаптарын бұзу фактілері анықталды. Кемшіліктер үшін лауазымды тұлғаларға әкімшілік айыппұл салынды.
М.МЕРЕЙ.