
Қызылорда қаласындағы «Жас-Нұр Шөмекей» мектепке дейінгі шағын орталығы қаладағы іргелі тәрбие орындарының бірі. Елбасының «Балапан» бағдарламасы аясында өмірге келген бұл балабақшада бүгінгі таңда сексеннен астам бала бар. Балабақша тек балаларға білім мен тәрбие беріп қоймайды, сонымен бірге қала деңгейінде түрлі қайырымдылық шараларға ұйытқы болып, өзге балғындарға қуаныш сыйлауды дәстүрге айналдырған. Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Талсуат ауылдық округінде орналасқан облыстық балаларды оңалту орталығында ұйымдастырылған мерекелік шара соның бір дәлелі.
Аталған балабақша құрылтайшысы Манат Кенбаева мен меңгерушісі Ақмоншақ Баймаханованың мұрындық болуымен өткен «Жарқырап кел, Жаңа жыл» атты мерекелік ертеңгілік оңалту орталығындағы 50 баланы айрықша көңіл күйге кенелтіп, шаттыққа бөледі.
Мерекелік шара барысында балабақшаның «Күншуақ» ересектер тобының балалары түрлі аңдар мен жануарлардың кейіпіне түсіп, Жаңа жыл иесі – Жылқыны қарсы алса, жаңа жылдың құрметіне өнерлі балғындар Аяз ата, Ақшақармен бірге ән салып, мың бұралта би биледі. Сонымен бірге, балабақша меңгерушісі Ақмоншақ Баймаханова оңалту орталығының емделушілерін келе жатқан Жаңа жылмен құттықтап, жылы лебізін білдірді. Сондай-ақ, оңалту орталығында ем алып жатқан 50 балаға тәттілер мен ойыншықтардан құралған сыйлықтар үлестірілді. Өз кезегінде орталық мамандары да «Жас-Нұр Шөмекей» шағын орталығына әдемі ертеңгілік ұйымдастырып, балаларға мерекелік көңіл күй сыйлағаны үшін ризашылықтарын жеткізіп, өнерлі балаларды дайындап, шараның мәнді де мағыналы болып өтуіне үлкен күш салған «Күншуақ» тобының тәрбиешілері Айгүл Қаламбаева мен Мөлдір Пірәлиеваға және ән-әуез жетекшісі Зүльфия Исабаеваға алғыстарын айтты.
Барлыбек БАТЫР.