Мемлекет және қоғам қайраткері, экономика ғылымдарының докторы, профессор Бақберген Досманбетов Англияның Оксфорд университетінің «Ғылымдағы атағы үшін» номинациясы бойынша «Сократ» орденінің иегері атанды. Бұл марапат 27 ректордан тұратын «Еуропадағы ректорлар клубы» қауымдастығының шешімімен ғылыми журналдарда жазылған зерттеулері негізінде беріліп отыр.
Англиядағы ең беделді оқу орындарының бірі Оксфорд университеті жылына бір рет Еуропа мен Азияның 30-дан астам елдерінің ішінде ең үздік деп танылған ғылыми зерттеулерге талдау жасап отырады. Оның әр елдерде маркетинг жүргізіп отыратын 80-ге жуық өкілі бар. Арнайы мамандар қай елде ғылым саласы бойынша тың жаңалықтар бар, кімдер білім мен ғылымның озық жүйесін пайдаланатыны туралы зерттеулер жасап отырады. Соның негізінде жерлесіміз өзінің тың идеяларымен шетелдіктердің көзіне түссе керек. Ойламаған жерден Лондоннан шақырту алған Бақберген Сәрсенұлы бұл жүлдені еліміздің білім саласының дамуына үлкен мүмкіндік туғызатынын айтады.
– Жуырда ғана шетелдің ең маңдайалды жоғары оқу орындарының бірі Оксфорд университетінде өткен үлкен форумға барып қайттым. Онда әлемнің көптеген мемлекеттерінен инвесторлар, ғалымдар қатысты. Мен үшін салмағы биік сыйлық болса, келешек ұрпақ үшін білімнің көкжиегіне ашылған жол деуге болады. Біз ол жерде Еуропа мен Азияның бірнеше жоғары оқу орындарымен меморандумға қол қойдық. Бұл біздің студенттер үшін шетелде тіл дамыту үшін беріліп отырған үлкен мүмкіндік, олармен тәжірибе алмасуда жақсы бастама дер едім. Мен қазір өзімнен гөрі елдегі жастардың білім алуы мен заман талабына сай өсіп жетілуін көбірек ойлаймын. Сондықтан да бұл өңір жастары үшін де маңызы зор. Соңғы кезде облыстағы соны серпілістерді естіп қуанып жатырмыз. Жалпы, елде болып жатқан әрбір жаңалыққа, игі істерге құлақ түріп отырамыз. Облыс тұрғындарын алда келе жатқан жаңа жылдарымен құттықтаймын. Отбасыларына амандық, береке-бірлік тілеймін, – дейді жерлесіміз.
Біз де өңір жұртшылығы атынан Бақберген Сәрсенұлына ғылымдағы жетістігі үшін құттықтай отырып, зор денсаулық, толағай табыс тілейміз.
Айсәуле САҒАТБЕКҚЫЗЫ.