ҒАЛЫМНЫҢ ЖАҢА КӨКЖИЕГІ

Облыс бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының директоры, физика-математика ғылымдарының кандидаты, белгілі ғалым, жерлесіміз Бауыржан Елеусінов Халықаралық Ақпараттандыру академиясының толық мүшесі болып сайланды.
Б.Елеусінов Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда пединститутын, Киев ұлттық университетінің аспирантурасын бітірген. Қазіргі Қызылорда мемлекеттік университетінде аға оқытушы, факультет деканы, ректордың көмекшісі, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ҰУ Қызылорда филиалының директоры, «Болашақ» университетінің ректоры секілді білім саласының бірсыпыра басшылық қызметінде болды.
Оның қаламынан туған орта және жоғары мектептерге арналған оқу құралдары қазақ, орыс, өзбек, ұйғыр тілдерінде жарық көрген. 2 монографияның авторы.
Ізденгіш ғалымның қоғамның түрлі мәселелерін қамтыған мақалалары Ресей, Өзбекстан, Испания, Корея елдерінің баспасөздерінде жарияланған. Осының өзінен-ақ Б.Елеусіновтің қолға алған тақырыбын ғылыми тұрғыдан терең қамтып, қоғамдық санаға әсер ете білетін біліктілігі көрініп тұрады.
Өзінің осындай еңбегімен елене білген жерлесімізді біз жаңа ғылыми атағымен құттықтай отырып, оған шығармашылық табыс, шырайлы өмір иесі бола бергейсіз деген ақжолтай тілегімізді арнаймыз.
Туған Отанымыздың ғылымын жаңа белестерге көтере беріңіз, жас ұрпақ тәрбиелеу ісіндегі ілгерішілдігіңіз жемісті болғай.
Р.ДYЙСЕНҰЛЫ.

АҚПАРАТ 28 желтоксан 2013 г. 1 110 0