«ЖАСЫЛ БЕЛДЕУ» ЖҮЗЕГЕ АСПАҚШЫ

Облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен Қызылорда қаласы маңында «жасыл белдеу» құру туралы мәжіліс болып өтті. 
Естеріңізде болса, Елбасы  республиканың барлық қалалар мен елді мекендерінің айналасын жасыл белдеуге айналдыруға тапсырма берген болатын. Аталмыш мәселе бойынша облысымызда 7 қазанда мәжіліс болып, онда тіректі елді мекендерді ескере отырып, аймақтың «Жасыл белдеу» кешенді іс-шаралар жоспарын қайта  қарауды облыс әкімі тиісті мамандарға тапсырған. Бүгінде жасыл белдеу бағытында атқарылатын жұмыстарды жүзеге асыру мақсатында жұмысшылар тобы құрылып, Қызылорда қаласы мен Шымкент көлік жолы бойындағы жұмыстардың жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде. Бұл жайында облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бауыржан Шәменов мәлімдеді. 
Оның айтуынша, жобалық-сметалық құжатты әзірлеуге облыстық бюджеттен  2014 жылға 29 млн. теңге қаржы қарастырылған. Сондай-ақ, Қызылорда-Шымкент бағытындағы көлік жолының көпірден бастап екі жағына ұзындығы 7 шақырым болатын «Батыс Қытай-Батыс Еуропа» жолымен қиылысқан жерге дейінгі аралықтағы жалпы көлемі 28 гектарды құрайтын жер таңдалған. «Аталған жерді таңдауымыздың бірнеше себептері бар. Біріншіден, желдің бағыты, екіншіден, жолдың солтүстік беткейінде орналасқан орталық бейіт пен қаланың орталық полигонының алдын жабу, яғни, сол арқылы полигоннан шығатын зиянды, лас ауаның қалаға  келуін барынша азайту еді. Қазіргі күні бұл жерлер тиісті мамандармен бірнеше рет зерттелді. Ал, қалған жерлер Қызылорда қаласының бас жоспарына еніп, болашақта жеке тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар бой көтеретін болады. Сонымен қатар, бүгінде «Қызылорда қаласы мен әуежай» көлік жолының бойында 4 гектар жерге тамшылатып суару жүйесін пайдалану арқылы жасыл белдеу құруға облыстық бюджеттен 160 млн. теңге қаржы  қаралып отыр», – деді Б.Шәменов.
Айта кету керек, аймағымыздың ауа райының құбылмалығы мен топырақтың құнарсыздығына байланысты бұл жерлерде жасыл белдеу жұмыстары екі бағыт бойынша, Қызылорда – Айдарлы жол қиылысынан әуежайға дейін және саяжай жолының сол жақ қапталы арқылы тамшылатып суару тәсілімен жүзеге аспақшы. Осы ретте өңірімізде іс-сапармен болып, өздерінің тәжірибелерімен бөліскен израильдік ғалымдардың пікірлері ескеріліп, олардың тәжірибесін енгізу арқылы жасыл белдеу құру жоспарлануда. «Біз «Жасыл белдеу» құру арқылы Қызылорда да жақсы климат қалыптастыратын боламыз. Мұны жүзеге асыруда облыстың барлық тұрғындары қатыса алады, –деген аймақ басшысы Қ.Көшербаев. – Осыған орай, жуық арада жобалық-сметалық құжаттарды бітіріп, жобаны іске асыруымыз керек», – деді. Осылайша, жиын соңында атқарылатын жұмыстар нақтыланып, тиісті мекеме басшыларына тапсырмалар жүктелді. 
Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ.

АҚПАРАТ 28 желтоксан 2013 г. 1 139 0