Биылғы қыс құбылмалы ауа райымен ерекшеленіп отыр. Бұл өз кезегінде дария деңгейінің мінез көрсетуіне себепші болуда. Желтоқсанның 4-күні Жалағаш ауданындағы Ақсу елді мекені тұсында су арнасынан асып, Әшірман қорғаныс бөгетінің бұзылуына әкеп соқты. Әйтеуір, елді мекенге қауіп төндірмеген, шығын тіркелмеген. Бүгінде бұзылған бөгет қалпына келтіріліп, жағдай қатаң бақылауда. Бұл жайында Өңірлік коммуникациялар орталығында тиісті сала мамандары хабарлады.
– Иінде мұз кептелісі пайда болып, нәтижесінде су арнасынан асқан. Дер кезінде тиісті жұмыстар жүргізіліп, бүгінде қорғаныс бөгеті қалпына келтірілді. Судың арнасынан асу оқиғасы Далдабай ауылы тұсында да орын алды. Қазіргі таңда жағдай бақылауда, дария бойындағы осал саналатын 56 қауіпті учаске күндіз-түні кезекшілікпен ұдайы қадағалануда, – деді облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы Серік Сермағамбетов.
Әрине, жайылған су Жалағаш пен Қармақшы ауданын жалғайтын автокөлік жолына өз зиянын тигізген. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысы Марат Бәйімбетовтің айтуынша, бүгінде жол жабылған. Су екі жарым шақырым жолды, сондай-ақ, су өткелін шайып кеткен. Оны қалпына келтіру жұмыстары жер кепкен соң ғана қолға алынатын болады. Бүгінде келген шығын есептелуде.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Омар Бержанов тұрғындарды мұз үстімен жүрмеуге шақырып отыр. Өйткені, мұз қалыңдығына сенім жоқ. Кешегі оқиға кезінде жағдайды қалыпқа келтіру үшін барлығы 168 адам мен 20-дан аса техника жұмылдырылған. Сондай-ақ, тікұшақпен су басуы мүмкін аумақта қалған екі малшы құтқарылыпты.
Мамандар бүгінгі күні «Шардара» су қоймасынан секундына 600 текше метр су жіберіліп жатқанын айтты. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда артық. Сондықтан да, дария бойы үздіксіз бақылауға алынған.
Нағымжан САУЯЕВ.