БОЛАШАҚ САРБАЗДАР САП ТҮЗЕДІ

Қызылорда облыстық әскери комиссариатында күзгі мерзімдік әскери қызметке шақыру науқанының соңғы шығарып салу рәсімі өтті. Бұл жолы қызылордалық елуден аса жас сарбаз Отан алдындағы міндетті борышын өтеуге аттанды. Сайдың тасындай іріктелген азаматтар Талдықорған қаласындағы Ішкі істер министрлігіне қарасты әскери бөлімге жолдама алды. 
Салтанатты шараға облыстық Қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары Ж.Ысқақов, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Е.Күмісқожаев, қалалық «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары М.Баекеев және облыстық ардагерлер кеңесінің өкілі А.Садықов қатысты. 
Әнұранды шырқап тұрған азаматтарды алда жауапты кезең күтіп тұр. Жас  сарбаздардың көңілінде толқыныс, қобалжу бар. Алайда оларды Отан алдындағы борыш пен асқақ арман алға жетелейді.
Мақсұтов Оразалы – әскери борышын өтеуші:
– Өте толқып тұрмын. Шынымды айтайын, қуаныштымын. Шығарып салушылар болғасын іште кішкене толқу бар. Бірақ, әскери қызметке бара жатқаныма қуаныштымын. Бұл ер азаматтың Отан алдындағы парызы ғой.
Биыл аймақта әскерге ниетті 1000-ға жуық сарбаз өтініш білдірген. Олардың барлығы да қатаң сынақтан өтіп, міндеттерін абыроймен атқарып жүр. Сарбаздар жаяу, ішкі әскер, шекара қызметі және Қорғаныс министрлігіне қарасты әскери бөлімдерде борыштарын өтеп жатыр. Сырбойылық жас сарбаздар республиканың барлық аймағындағы әскери бөлімдерге жіберілген.
Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.

АҚПАРАТ 26 желтоксан 2013 г. 1 296 0