Кеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен облыстың мал шаруашылығын дамыту мәселелері бойынша кеңейтілген мәжіліс болып өтті. Басқосуға ауыл шаруашылығы басшылары мен мамандары, аудан, қала әкімдері қатысты.
Мәжілістің алғашқы сөзін облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев алып, аймақтағы төрт түлікті дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Оның айтуынша, қазіргі сәтте облыс бойынша 243,2 мың бас мүйізді ірі қара, 596,3 мың бас қой мен ешкі, 75,1 мың бас жылқы, 33,8 мың бас түйе және 108 мың құс өсірілуде. Бұл өткен жылмен салыстырғанда МІҚ - 1,6, жылқы 8,2 пайызға көбейсе, түйе – 1,9, уақ мал 11,5 және құс 25,8 пайызға төмендеп отыр. Мұндай төмен көрсеткіштер аудандарда да орын алуда. Дегенмен, мал шаруашылығын дамыту мақсатында республика бюджетінен үстіміздегі жылы 640 млн. теңге бөлініп, біршама мал басы көбейтілген. Сондай-ақ, бүгінгі күні «Ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін дамыту» жобасы аясында өңірімізде жыл басынан бері төрт түлік санын арттыру жұмыстары 123,1 пайызға орындалған.
«Сыбаға» бағдарламасының негізгі жоспарының бірі мал бордақылау алаңдарын ұйымдастыру болса, аталмыш жұмыстар Қазалы ауданы мен Қызылорда қаласында жүзеге асуда. Қазалы ауданы бойынша құны 206 млн. теңгені құрайтын «Сыр маржаны» ЖШС-на 500 бас мүйізді ірі қараға арналған мал бордақылау алаңын салу жоспарланған. Ал, Қызылорда қаласында «Жирен» ШҚ-да бордақылау алаңы салынып, ел игілігіне берілген. Қазіргі уақытта 100 бас ірі қара малы осы алаңда бордақылануда.
Десек те, мал шаруашылығы саласында шешімін таппай тұрған мәселелер жеткілікті. Мал азығы базасының төмендігі, елді мекендердің маңайында орналасқан жайылымдық жерлердің тозып, құнарлығын жоғалтуы, қолда бар мал басының негізгі бөлігі жеке тұрғындардың үлесінде болуы, асыл тұқымды мал басының үлес салмағының төмендігі секілді келелі мәселелер мал басын асылдандыру, өнімділік сапасын арттыруда, селекциялық жұмыстарды жүргізу мен шұбат, қымыз өнімдерін өндіруде кері әсерін тигізуде.
«Жыл сайын 650 мың тонна көлемінде шөп дайындалып жүр. Оның үстіне құрама жем республиканың өзге аймағынан қымбат бағамен алынатындықтан, бұл да қиыншылық тудыруда. Алайда, алдағы жылы қуаттылығы тәулігіне 80 тонна құрайтын құрама жем зауытын іске қосу жоспарлануда. Сол кезде мал азығы дақылдарының көлемін 2 мың гектарға дейін көбейтетін боламыз. Мәселен, бір ғана Қазалы ауданында 1000 гектар сүрлем жүгері егілетін болады. Бұл мәселеге басқа аудандарда аса мән беріп, ерекше көңіл бөлсе. Сондай-ақ, бірқатар аудандардағы су тоспаларын қалпына келтіре отырып, Қараөзек арнасы реттелсе, 90 мың гектар табиғи жайылымдықтар мен шабындықтарды суландыруға қол жеткіземіз. Бұл ҚР Қоршаған ортаны қорғау және Ауыл шаруашылығы министрлігіне ұсыныс жіберілу арқылы қолдау табуда. Осыған байланысты аудан әкімдері қазірден бастап шалғайдағы жайылымдықтарға шығатын мал басын анықтап, шаруашылықтар бойынша сызбасын әзірлеуі керек»,-деді хабарламашы Т.Дүйсебаев.
Басқарма басшысының баяндамасынан соң аудан әкімдері аталмыш сала бойынша ауылды жерлерде атқарылып жатқан жұмыс жайын баяндады. Барлығын егжей-тегжейлі тыңдаған аймақ басшысы мал шаруашылығы саласы дамуының сын көтермейтіндігін баса айтты. «Төрт түлікті арттыруда тоқмейілсуге болмайды. Қазан айында өткен мәжілісте барлығыңызға нақты тапсырмалар жүктелген болатын. Сол кездегі міндеттеме орындалуы тиіс. Яғни, барлық елді мекен бағдарламамен толық қамтылып, ауыл шаруашылығын әртараптандыру қажет. Статистиканы өзгертуді қойып, саланы ұйымдастыруда сапалы жұмыс атқаруға тиіспіз. Сондықтан қаңтар айында өтетін басқосуда облыс әкімдігіне аудан әкімдері ауылды жерлердің есептерін тыңдап, қорытындысын баяндайсыздар», - деді облыс әкімі Қ.Көшербаев. Мұнан кейін орынбасары Р.Нұртаев пен облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Т.Дүйсебаевқа мал шаруашылығын дамыту бағытында қажет қаржы мәселесіне байланысты ұсынысты тез арада беруді тапсырған өңір жетекшісі жиынды қорытындылады.
Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ.