Сегіз мектеп таза сумен қамтылды

Сегіз мектеп таза сумен қамтылдыБіріккен Ұлттар Ұйымы, Еуропалық одақ және «Жасыл экономиканы қолдау және G-Global-ды дамыту» Коалициясы Арал ауданында «Жасыл экономикаға» бағытталған бірнеше жобаны жүзеге асыруда. Мәселен, ауданның сегіз елді ме¬кенінде ауыл балалары мектеп қабырғасында таза ауыз суды тұтынады. Арал ауданындағы «Өрлеу-Консалтинг» жастар қоғамдық бірлестігі Еуропалық Одақ, Біріккен Ұлттар Ұйымы жобасы аясында жұмыс істеп келеді.
Жоба «жасыл» экономиканың табысты қағидаларын жүзеге асыру мен Еуропалық Одақтың «Жасыл технологиялар» саласындағы Қазақстандағы су ресурстарын тиімді пай¬далану бағдарламасы аясындағы тәжірибелерімен бөлісуге жәрдемдеседі.  Осы мақсатта Біріккен Ұлттар Ұйымы елімізге 600 000 еуро қайта¬рымсыз грант бөлген еді.
Су мәселесін шешу мақсатында аталған бағдар¬ламаға қатысқан аралдық «Өрлеу-Консалтинг» жастар қоғамдық бірлестігі ауданға қарасты білім ошақтарына мембраналық қондырғы орнату жобасын жеңіп алып, қомақты қаржыға құрылғылар алынды. Қазіргі кезде жоба «Жасыл технологиялар» бағдарламасы аясында жүзеге асуда.
Бірлестік төрағасы Дастан Жұпанның айтуынша, мектептерді таза ауызсумен қамтамасыз ету жобасы 2015 жылы қолға алынған. Нәтижесінде Аралқұм, Тоқабай, Бөген, Шөмішкөл, Бекбауыл, Ақбай, Жаңақұрылыс, Қара¬ша¬лаң ауылдық округтерінің мектептері таза ауыз¬сумен қамтамасыз етілген. Қоғамдық бірлестік мүше¬лері су тазалағыш құрылғыны орнату барысында елді мекендердегі ауызсудың құрамын зерттеп, жағдайы мүшкіл сегіз мектепті таңдап алған.
Жобаны жүзеге асырып жатқан сегіз білім ошағының бірі – Бөген ауылындағы З.Шүкіров атындағы орта мектеп. Қазірге таңда мұнда 253 оқушы білім алады. Оқушылар енді су тазалағыш құрылғының көмегімен мөлдір суды мейірі қанғанша ішуге бейіл. Д.Жұпан сапалы технологияның жұмысымен таныстырды. «Бұл құрылғылар Германияда шығарылған. Суды екі кезеңмен сүзгіден өткізеді. Оның біріншісі – механикалық, екін¬шісі – мембраналық», – дейді. Алғашқысында су ұсақ тастар мен құмнан тазартылады сосын ауыр металдар, микробтар шығарылады. Құрылғы күніне екі жүз литрден астам су тазалауға қауқарлы.
Мектеп директоры Клара Мадиярова ізгі тілегін жасырмады. «Оқушылар таза ауызсуды үйлеріне де алып кетеді. Жоба мақсаты – оқушыларды таза ауызсумен қамтамасыз ету. Келешекте ауыл тұрғындары да сапалы ауызсуға қол жеткізсе», – деген ниетін білдірді. 
Елімізде «Жасыл технологиялар» осылайша қар¬қынды дами берсе, болашақта шалғай ауылдар да сапалы ауызсуға қол жеткізетіні анық.  Әзірге Еуро¬одақтың қолдауымен аралдық оқушылардың арманы орындалды.
Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.
Арал ауданы, Бөген ауылы.
АҚПАРАТ 29 қараша 2016 г. 2 629 0