Жуырда қаладағы «Алпамыс» балабақшасында «Нұр болашақ» мектепке дейінгі ұйымдар одағы» Заңды тұлғалар бірлестігі мүшелерінің қатысуымен оқу курсы ұйымдастырылды. Облыстық оқу орталығының ұйытқы болуымен өткен «Мектепке дейінгі ұйымдардағы нормативтік-құқықтық база» тақырыбындағы шарада қала және аудан балабақшаларының меңгерушілері, әдіскерлері мен тәрбиешілері тәжірибелерімен бөлісті.
Шара басында сөз алған облыстық оқу орталығы директорының орынбасары Гүлнар Диқанбаева мектепке дейінгі оқыту жүйесінде әдістемелік жұмысты дамыту мәселелеріне тоқтала келе, курсқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
«Нұр болашақ» мектепке дейінгі ұйымдар одағы» заңды тұлғалар бірлестігінен келген өкілдер өз тәжірибелерін ортаға салды. Яғни, мектепке дейінгі мекемелердегі құжаттама мәселелеріне жеке-жеке тоқталып, оның үлгілерімен таныстырды. Сондай-ақ, шарада стандартты жүзеге асыру жағдайында педагогикалық үдерісте басқару мен бақылау мәселесі төңірегінде баяндама оқылды.
Оқу курсына қатысушылар «Нұр болашақ» мектепке дейінгі ұйымдар одағы» заңды тұлғалар бірлестігінің сертификаттарына ие болды.
Х.АЙДАР.