Мерез – қауіпті дерт

Мерез – созылмалы жұқпалы індет. Көбіне мерез жыныстық жолмен жұғады: Күнделікті тұрмыстық қарым-қатынас арқылы әсіресе тері, кілегей қабықтарында жарақаттар болса. Мерезбен ауыратын адамның қанын дені сау адамға құю кезіндегі жұғуды – гемотрансфузиялық жұғу жолы деп атайды. Науқас анадан жатыр арқылы баласына жұғады, нәтижесінде туа біткен мерезге шалдыққан құбыжық нәресте дүниеге келеді – плацентарлы жұғу жолы. Ауыз қуысында мерездің жаралары болған жағдайда, науқастың сілекейі арқылы (сүйісу, бір ыдыстан су ішу, тіс щеткасын пайдалану арқылы).
Мерез дертін жұқтырған науқастың жыныс мүшелері аймағының терісінде, ауыз қуысында, жалпы тері жабындыларында ауырмайтын жара, бөртпелер пайда болады. Тері жабындыларында себепсіз түрлі көлемді қызғылт түсті бөртпелер, ағарған дақтар пайда болып, аймақтық лимфа түйіндері (бездердің) ұлғаяды, бірақ ауырмайды. Сонымен қатар шаштары түсе бастайды, даусы себепсіз қарлығады, жұтынғанда көмейінде кедергі сезеді, бірақ ауырғаны байқалмайды.
Жыныстық жолмен жұғатын аурулардан қалай қорғануға болады Егер сіз 12 жасқа толсаңыз міндетті түрде жылына 1 рет мерезге тексеріліп тұруыңыз қажет. Кездейсоқ жыныстық қатынастан аулақ болыңыз. Жеке басыңыздың тазалығын сақтаңыз және өзіңізбен жыныстық байланыста болған адамыңыздан да осыны талап етіңіз . Бөтен адамның жеке бас тазалығына арналған заттарын пайдаланбаңыз. Жыныс жолымен жұғатын инфекциялар – ауыз қуысы және тік ішек арқылы да жұғатындығын қаперіңізде сақтаңыз. Мүшеқап, залалсыздандырғыш заттар пайдаланыңыз, бірақ олардың жыныстық жолмен жұғатын жұқпалардан қорғаудан 100 пайыз кепілі жоқ екені естеріңізде болсын. Қорғанудың тиімді жолы - бір адаммен ғана жыныстық байланыста болу, жұбайыңызға адалдық сақтау.
Егер де Сіз өзіңізді ыңғайсыз сезінсеңіз немесе күтпеген жерден жыныстық қатынаста болсаңыз: жыныстық жолмен жұғатын инфекцияны жұқтырған жағдайда жоғарыда айтылған шағымдар бірден білінбеуі де мүмкін немесе әлсіз белгілері байқалуы ықтимал. Сол себептен әрбір күтпеген жыныстық қатынастан кейін - жыныстық жолмен жұғатын инфекцияға тексеріліп тұру керек. Өз бетіңізше ем жасамаңыз.
Есте сақтаңыз: нақты диагнозын тек арнайы маман венеролог қояды. Ем қабылдаған уақытта дәрігердің айтқандарының барлығын бұлжытпай, жыныстық қатынаста болған серіктесіңізбен бірге ем алғаныңыз дұрыс.
Мерез ауруының адам ағзасына келтіретін ең қауіпті әсерлері: Жанұя мушелеріне жұқтыру ең үлкен қауіп болып табылады. Сондай-ақ тұрмыстық жағдайда жұғуынан сақтана білу қажет. Жатырда жатқан баланың анасынан ауру жұқтырып – іште өліп қалуы, түсік тастауы, бала дүниеге келгенде түрлі ауытқушылықтардың болуы әбден мүмкін.
Сөз соңында айтарымыз мерез қауіпті ауру және қарқынды емделуді талап етеді. Аурудың алғашқы белгілері байқалса дәрігерге көрініңіз. Сіздің денсчаулығыңыз өз қолыңызда.
Ғаламның денсаулығы – адамның денсаулығы
Салауатты өмір салтын бұзатын зиянды әдеттерге құмарлық болса, сол құмарлықтан туындайтын, қазіргі кезде «Ғасыр дерті» болып белең алып бара жатқан ЖИТС ауруына тоқталып өтсек.
ЖИТС вирусы адамнан адамға қан арқылы еніп, ол қанның лимфоцит клеткаларының ішіне кіріп, клетканың генетикалық аппараттарына жабысып, тез көбейе бастайды. Осының әсерінен клетка жарылып өледі. Одан шыққан вирустар жаңа клеткалар мен табысып, өткен процесті қайталайды. ЖИТС вирусының қанға бірден түсуі арқылы жұғуы қазіргі кезде ерекше алаңдатушылық туғызып отыр. Себебі, тамырға наркотиктер енгізгенде ортақ шприцті пайдаланатын нашақорлардың саны көбейіп келеді. Әрине, қолданатын инелерін олар тиісті өңдеуден өткізбейді. Егерде ЖИТС-пен науқастанған немесе вирус тасымалдаушы нашақорлар қауымына қосылса, вирус оның инедегі қанының қалдығымен сау адамның ағзасына түседі. Вирус аурулардың 20 % осындай жолмен жұғады. ЖИТС-ке байланысты мәселелер баспасөз беттерінде тұрақты түрде көтеріліп отырғанына қарамастан, бұл проблемаға тиісті көңіл бөлмеуде.
АИТВ - инфекциясымен күресуде ДДҰ «Әдепсіздік нәтижесінде өзіңді өлімге апарма!» деген ұранға сүйенеді. Егерде сілекейден, көз жасы сұйығынан вирус табылса, оның жұғу мүмкіндігі қандай деген сауалға келсек, мұндай жолмен жұғу бүгінгі күнге дейін еш жерде кездескен емес.
«ЖИТС жұғудан қалай сақтанады?» бұл бірінші байлығына немқұрайлы қарамайтын әрбір адамды мазалауы хақ. Енді осы сұраққа жауап іздесек. Әртүрлі инфекциялардан сақтанудың ең тиімді тәсілі – вакцина егу. Алайда вакцина дайындау бағытында тыңғылықты зерттеулер жүргізіліп жатса да, ондай профилактикалық препарат алу әзірше қолдан келмей отыр.
Тұрғындар арасында ЖИТС жөнінде санитарлық ағарту жұмыстарын жүргізудің ерекше маңызы бар. Әркім аурудың қалай тарайтынын, одан қалай сақтану қажет екенін жетік білуі тиіс. Жалпы халықты, әсіресе балалар мен жастарды өнегелікке, дұрыс жыныстық қатынас жасауға тәрбиелеу мәселесін жолға қоймайынша ЖИТС-пен күресу мүмкін емес. Жеке бас профилактикасы қарапайым әрі денсаулық үшін ұтымды. Оларға мыналар жатады:
- Салауатты, әдепті өмір сүру,
- Кездейсоқ жыныстық қатынастан сақ болу,
- Залалсыздандырылмаған немесе кездейсоқ біреудің шприцін, қайшысын сақал алғышын және басқа да құрал-жабдықтарын пайдаланбау
- Қан құйғанда немесе донор қанынан дайындалған препараттар қабылданғанда олардың АИТВ-инфекциясына тексерілгеніне көз жеткізу,
ЖИТС-пен ауырған не вирусын тасымалдаушы шет ел азаматтары Республика аумағынан шығарылып жіберіледі, ал еліміздің азаматтары емделуге кешендік тексерістерден өтуге міндетті. Оларды қызметтен, жұмыстан, бизнестен, заңға қайшы келмейтін іс-әрекеттің қай түрінен болмасын шеттетуге болмайды. Тек медицина фармацевтика тұрмыстық қызмет көрсету саласы қыхметкерлері жұмысын ауыстыруы қажет. Олар үшін ЖИТС-пен ауыру, вирус тасымалдаушы болу – кәсіби ауру болып табылады, сондықтан біраз жеңілдіктер жасау жайы қарастырылған.Осындай қатерлі дерттен еліміздің болашағын сақтандыруымыз қажет. Ал оның бірден бір жолы жоғарыда атап өткендей ел болошағы болып саналатын жасөспірімдерді салауатты өмір салтын ұстануға шақыру, тәрбиелеу болып табылады. Жас ұрпаққа адамның тіршілік әрекеті және гигиенасы жайындағы білімдерді тиімді жолдармен жеткізіп, аурулардан сақтану, жұқпалы және венерологиялық аурулардың эпидемиологиясы, алғашқы медициналық көмек, зиянды әдеттердің адам организміне тигізер әсері жайында білуі қажет.
Халық санының өсуі , оның сапасы, денінің саулығы мемлекет әл – ауқатының дамуына мұрындық болады. Ел болашағын ойлайтын әрбір азамат ең алдымен өз денсаулығын ойлауы қажет. Әрбір адам өз денінің саулығын қамтамасыз етсе ғалам денінің саулығын құрайды. Бұл әрбір азаматтың басты парызы.
Зәуреш МАХАМБЕТОВА,
облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының маманы.