Елтаңба, Ту, Әнұран секілді ұлттық құндылықтарымызды құрметтеу білім беру ұйымдарынан бастау алу керек. Өйткені, өскелең ұрпақтың патриоттық сезімін оятуда мемлекеттік рәміздердің маңызы зор. Тұрақты кеңестің кезекті отырысында осы және өзге де мәселелер сөз болды.
Тұрақты кеңес басталмас бұрын облыс әкімі Қырымбек Көшербаев облыс аппаратындағы кейбір ауыс-түйістерден хабардар етті. Облыс әкімінің өкімімен облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқарамасының басшысы лауазымына Марат Бәйімбетов, облыстық ішкі саясат басқармасы басшылығына Ербол Күмісқожаев тағайындалды. Өңір басшысы жаңадан тағайындалған басқарма басшыларына қызметте табыс тіледі.
Күн тәртібіндегі алғашқы мәселеге байланысты облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ербол Күмісқожаев баяндама жасады. Ол облыстағы бірқатар мемлекеттік мекемелердегі рәміздер туралы заңдылықтардың сақталуы жөнінде айтып өтті. Қараша айында облыс әкімдігі мен облыстық ішкі саясат басқармасының мамандары бірлесе отырып, мемлекеттік мекемелердің рәміздерді пайдаланудағы заңдылықтардың сақталуына мониторинг жасалғанын тілге тиек етті. Талдау нәтижелері көрсеткендей, білім беру ұйымдарында бұл мәселе қанағаттанарлық деңгейде екені белгілі болды. Үлгілі білім беру мекемелері қатарында Қазалы ауданындағы №249 орта мектеп, Қармақшы ауданындағы №121 орта мектеп және Қызылорда политехникалық колледжі лайық деп танылды. Ал, ең төменгі орында Жаңақорған ауданындағы жаңадан пайдалануға берілген 1200 орындық мектеп болып отыр.
Мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсету тек мекеме қызметкерлеріне ғана тиесілі емес, ол әрбір адамның борышы болып есептеледі. Сондықтан, рәміздердің заңнама аясында қолданылуы мен күтіп ұстауына барша тұрғын жауапты. Осы ретте егер рәміздерді пайдалануда кейбір заңсыздықтарға жол берілсе, оған ең бірінші сол мекеменің басшысы жауап беретін болады. Аймақ басшысы әсіресе, жеке білім беру ұйымдарында бұл мәселені қатаң бақылауға алу керектігін ескертті. Келешек иелеріне өз елін, жерін сүюге үйретуде мемлекеттік рәміздердің алар орны ерекше екені анық.
Мұнан кейін қаралған мәселе облыс әкімінің Татарстан Республикасына жұмыс сапары барысында берілген тапсырмаларының атқарылу барысы туралы өрбіді. Бұл жайында облыстық сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Ерлан Назаров хабарлама жасады.
Үстіміздегі жылдың қараша айында облыстың ресми делегациясы Ресей Федерациясының Татарстан Республикасында жұмыс сапарымен болды. Жұмыс сапарының негізгі мақсаты екі өңір арасындағы достық қатынастарды, ынтымақтастықты нығайту, өңіраралық экономикалық байланыстар орнату болып табылады.
– Татарстан Республикасы делегациясының облысқа келу сапарын ұйымдастыру барысында келіссөздер жүргізілуде. Бұл алдағы жылдың қыркүйек айына жоспарлануда. Сонымен қатар, өңірде татар халқының ұлттық мерекесі сабантойды өткізу мен ұйымдастырудың іс-шара жоспарын және ұйымдастыру комитетінің құрамын бекіту мақсатында іс-жоспар әзірленуде. Облыста ІТ-паркін құру жөнінде ұсыныстар енгізу мақсатында Татарстан Республикасының Өнеркәсіп және сауда министрлігімен бірлесіп жұмыстар жүргізілуде. Қазан қаласындағы ІТ-паркінің бизнес-инкубаторының және «Start-up» бағдарламасының жұмысы мен іс-тәжірибесін зерттеу мақсатында ұсыныстар жинақталуда, – деді Е.Назаров.
Осы орайда облыс жетекшісі Ресей Федерациясында Татарстан Республикасы ІТ технологиясы бойынша ең маңдайалды аймақ екенін алға тартты. «Олар бұл мәселеде әлдеқашан дамып кеткендігін көрсетуде. Сондықтан біз оларға қарап отырып, ақпараттық технологиялар басқармасын ашу туралы шешім қабылдадық. Бұл басқарманың ережесі ерекше болғаны дұрыс. Біз әлі ақпараттық сауаттандыру деңгейінде жүрміз. Ендігіде ІТ технологиясын тезірек игеріп алуымыз керек. ХХІ ғасырда онсыз болмайды. Уақыттың талабына сәйкес өмір сүреміз десек, Татарстандағы жасалып жатқан игі істерге ерекше көңіл бөліп, сол тәжірибені игеруіміз керек», – деді облыс әкімі.
Тұрақты кеңесте Қызылорда қаласында жүргізілген абаттандыру және жол жөндеу, жарықтандыру жұмыстары да сөз болды. Расында қазіргі күні шаһар келбеті жаңарып, өзгеше кейіпке енген. Көшелердің кеңеюімен қатар, жаңа аялдамалардың жасалуы, заман талабына сай қойылған бағдаршамдар қала көркінің әрін аша түсуде. Қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың айтуынша, биыл 94,4 шақырымды құрайтын 78 көшеге қайта жаңғырту, күрделі және орташа жөндеу жұмыстары жасалды. Қаладағы 31 көшеге энергия үнемдейтін бағдаршамдар орнатылды. Алдағы жылы жұмыстарды жалғастыру мақсатында облыстық бюджеттен қаралуға жоспарланған 1 млрд. теңге қаржыға қаланың «Сәулет», «Шанхай», «Ақмешіт», «Титов» және «КБИ» аудандарындағы 48 көшеге орташа жол жөндеу жұмыстарын атқару жоспарлануда. Бұдан бөлек, жалпы ұзындығы 4,9 шақырым құрайтын Әл-Фараби көшесін күрделі жөндеуден өткізуге биылғы жылы жоба-сметалық құжаттары әзірленді. Өткен жылы қаланың түнгі жарықтарын қайта жаңғыртуға жергілікті бюджеттен қаралған 534,7 теңге қаржыға 44 көшенің және қалаға қарасты ауылдық округтегі 11 көшенің жарықтандыру құрылғыларына қайта жаңғырту жұмыстары жасалды. Ал, келер жылы осындай 32 көшенің жарық шамдарын қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Сонымен қатар, қаланы абаттандыруға келер жылға қалалық бюджеттен 670,3 млн. теңге бөлінді.
Қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев тұрғындар арасында бір жөндеуден өткен көше аз уақыт өтпей жатып қайта қазылатыны жайында сын ескертпелердің жиі айтылатынын айтты. Осы ретте қала басшысы 2009 жылы жөнделген үш көшені биыл қайта қазуға тура келгенін алға тартты. Оның себебін де түсіндіріп өтті. Оның айтуынша, Әуезов, Сүлейменов көшелері қиылысынан бастап Сүлейменов пен Шымбай көшелерінде ауыз су құбырында апатты жағдай орын алған. «Бұл мәселе толығымен шешімін тапты. Мұндай жағдай биыл асфальтталған Есімханов көшелерінде де кездесті. Газ таратушы мердігер мекеме біздің келісімімізді алмастан көшенің 350 метр жерін қазған. Біздің тиісті бөлімдеріміз бұл кемшілікті дер кезінде анықтап, мердігер мекемені міндеттеп «Қыран» мекемесіне 5 млн. теңге төлетіп, Есімханов көшесін толығымен асфальттаттық», – деп бұл істің мән-жайын түсіндіріп өтті.
Облыстағы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына жаңадан тағайындалған Марат Бәйімбетов те тұрақты кеңес отырысында баяндама жасады. Ол келер жылы сала бойынша атқарылатын жұмыстардан хабардар етті. Басқарма басшысы алдағы екі жылға арналған бюджет жобасын қалыптастыру мақсатында облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын салуға және қайта жаңғыртуға республикалық бюджеттен арнайы трансферттер арқылы 14575 млн. теңге қаржы бөлуге ұсыныс берілгенін тілге тиек етті. 2012 жылы Сырдария ауданындағы Шаған елді мекенінің тұсынан Сырдария өзені арқылы көпір құрылысы басталғаны белгілі. Бүгінде жобаны аяқтауға 845,6 млн. теңге қажет. Оның құрылыс-монтаж жұмыстарын аяқтау 2014 жылдың тамыз айына дейін ұзартылды. Келер жылы республикалық маңыздағы «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» дәлізі құрылысын аяқтау жоспарлануда.
Тұрақты кеңес отырысын қорытындылаған облыс әкімі Қырымбек Көшербаев халықаралық автобан құрысының сапасына осы басқарманың тікелей жауапты екенін қадап айтты. Сондай-ақ, Ғ.Мұратбаев көшесінің соңы мен Сырдария өзені арқылы өтетін көпір құрылысын келер жылы бастау керектігін де алға тартты. Алдағы жылдың қаңтар айына дейін әр басқарма өздерінің іс-шара жоспарын бекітіп, тиісті ұсыныстарын берулерін ескертті.
Айсәуле ҚАРАПАЕВА.