
Тәттіден бас тартатын адам жоқ шығар, сірә. Себебі оны балалар ғана емес, ересектер де сүйсініп жейді. Туған күн, үйлену тойы, басқа да салтанатты дастарханның сәнін келтіріп, тіл үйірер дәмімен есте қалатын тағам қазір дүкен сөрелерінде толып тұр. Көлемі, дәмі, безендірілуі жағынан бір-бірінен асып түседі. Бағасы қолжетімді болғанмен, өзіңнің ас үйіңде дайындаған тәттіге жетпейді. Егер қиялыңыз ұшқыр болса, оның түр-түрін жасап, табыс көзіне айналдыруға болады.
Кейіпкеріміз Аида Саткеева да түрлі тағам әзірлеуді жанына серік еткендердің қатарынан. Бүгінде жерлесіміз тапсырысқа торт пісіріп, ел ықыласына бөленіп жүр. Тұтынушыларын «инстаграм» әлеуметтік желісі арқылы жинаған Аиданың арнайы аспаздық білімі жоқ. Алайда ол қосымша курстардан-ақ мол тәжірибе жинап, тіл үйірер дәмділер жасауға бейімденген.
– Асханадағы ұстазым – әпкем. Үй шаруасына өте икемді. Күні бойы ас үйде жүріп, дәмділер дайындаудан жалықпайды. Содан көріп-білгенімді өзім жүзеге асыруға талпындым. Алғаш үйдегілерге арнап тәттілер пісірумен айналыстым. Бұл тірлігімді анам да құптап, маған қолғабыс етеді. ХХІ ғасыр – ұялы байланыстың дамыған заманы. Адамдар көбінесе ғаламтор арқылы тапсырыс береді. Кейде бір күнде 10-15 шақты тортқа дейін пісіремін. Түн ортасына дейін ұйықтамайтын кездер болады. Тәттілердің ойдағыдай шығуы үшін бар күшімді саламын. «Медовик» тортына көп тапсырыс түседі. Бұл торт бұрыннан келе жатқан балалық шақтың таныс дәмі болғандықтан, сұраныс көп. «Red velvet», яғни, «Қызыл бархат» тортын да жасағанды ұнатамын. Өйткені, оның майлылығы аз және өте дәмді, – дейді ол.
Сатып алушыларының алғысына бөленіп, қуанышына ортақтасуды мақсат ететін кейіпкеріміздің алдағы уақытқа жоспары көп. Жеке дүкенін ашып, өз өнімдерін сатылымға шығаруды армандайды. Сонымен қатар желтоқсан айында шеберлік сыныптарын ұйымдастырып, осы іске қызығушылық танытқандарға бар білгенін үйретуді қалайтынын айтады.
– Мен арнайы аспаздыққа баулитын оқу орнын тәмамдаған жоқпын, бұл өзімнің қызығушылығымның, ізденгенімнің арқасында жүзеге асып жатқан жұмысым. Келешекте кондитер оқуын оқып, тәттіге толы дүкен ашуды ойлаймын. Жоспарымда шеберлік сыныптарын ұйымдастыру да бар. Ал мына жұмысымның барлығы – бастапқы қадамымның бірі, – дейді Аида.
Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ.