ҒАСЫР ІНДЕТІНІҢ АЛДЫН АЛҒАН МАҢЫЗДЫ

Қызылорда қалалық аурухананың мәжіліс залында облыстық ЖИТС-ке қарсы күрес орталығы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арнап баспасөз мәслихатын өткізді.  
Жалпы, ҚР Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында үстіміздегі жылдың 11 қарашасы мен 10 желтоқсаны аралығы дүниежүзілік ЖИТС-ке қарсы күрес шарасы болып жарияланған болатын. Осының негізінде індеттің алдын алу, онымен күрес бағытында түрлі шаралар ұйымдастырылып, насихат жұмыстары жүргізілгені белгілі. 
Басқосуда орталық мамандары ғасыр індеті жайында, оның таралу деңгейі хақында кеңінен әңгімелеп, онан сақтану шаралары туралы түсіндірді. 
Бүгінгі таңда республика бойынша ЖИТС жұқтырып, тіркелгендер саны 21578 адамды құрап отырса, олардың 60,1 пайызы инъекциялық есірткі тұтынушылар, 33,8 пайызы жыныстық қатынас арқылы жұқтырғандардың үлесінде. Ал, өңірімізде АИТВ/ЖИТС оқиғасы анықталған сәттен бері тіркелген 84 адамның 51-і яғни, 61 пайызы облыс азаматы. Олардың 48,8 пайызын инъекциялық есірткі тұтынушылар құраса, 43 пайызы жыныстық қатынас арқылы жұқтырғандар. Орталықтың эпидқадағалау бөлімінің меңгерушісі Дина Қарымсақованың айтуынша, бүгінгі таңда біздің облысымыздағы аурушаңдық деңгейі республикалық көрсеткіштен әлдеқайда төмен, алайда, бізде  жыныстық қатынас арқылы жұғу кең етек алып отыр. «Ал, бұл әйелдер арасында аурушаңдықтың көбеюіне әкеліп соғады, әйелдер арасында артады деген сөз балалардың арасында таралу қаупі басым түседі дегенді білдіреді»,– дейді ол. Мәселен, үстіміздегі жылдың 10 айында ЖИТС инфекциясы анықталған 10 адамның бесеуі әйел екен.  Былтыр тіркелгендердің жалпы саны жетеу болған.  Дәл қазіргі уақытта диспансерлік есепте 35 науқас тұрса, оның біреуі бала. Індеттің алдын алу, оның зардабы туралы тиісті мағлұматтар беріп, аталған ауру туралы таным-түсініктерін арттыру, салауатты өмір салтын ұстанып, сол арқылы ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын қарастыруға үндеу бағытында мамандар тұрғындар арасында ақпараттық насихат жұмыстарын үздіксіз жүргізудің маңыздылығын алға тартады.  
Айнұр СӘРСЕНБАЙҚЫЗЫ. 

АҚПАРАТ 21 желтоксан 2013 г. 909 0