Тыңғылықты дайындық қажет

Тыңғылықты дайындық қажетӨзен жағалай қоныс тепкен Сырдағы елді мекендерге дария суынан төнер қауіптің алдын алу үшін тыңғылықты дайындық керек. Бұл мәселе кеше облыс әкімдігінде өткен жиында талқыланды. Мәжіліске төрағалық еткен облыс әкімі Қырымбек Көшербаев тиісті сала басшыларына су тасқынына тосқауыл болар жоспардағы жұмыстарды уақытылы бітіріп, қауіпсіздікті нығайтуға тапсырма берді.
Мәжілісте алдымен Қызылорда облысы әкімі аппаратының «Жұмылдыру жұмыстары және дағдарыс жағдайындағы шұғыл талдау орталығы» коммуналдық мекемесінің басшысы Серік Сермағамбетов баяндама жасады. Оның айтуынша, анықталған қауіпті нысандар мен облыстағы 7 су қоймасының осал тұстарын қалыпқа келтіру жұмыстары жүргізілуде. Десе де, кезек күттірмейтін, қауіптілігі жоғары 4 қорғаныс бөгетінің қаржысы шешілмегендіктен алаңдатарлық күйде қалып отыр. Олар – Жаңақорғанда Төменарық тұсында, Арал, Жалағаш, Қазалы аудандарында орналасқан.
Аймақ басшысы бұл мәселеге орай аудан әкімдерінің уәжін тыңдады. Арал ауданының әкімі Абзал Мұхимов қауіпті қорғаныс бөгетін қалыпқа келтіру үшін аудандық бюджеттің шамасы жетпей отырғандығын айтты. Жалағаш ауданының әкімі Талғат Дүйсебаев болса, Қосбөгет қорғаныс бөгеті жанындағы елді мекен дария деңгейінен бір метр төмендікте орналасқанын, қажетті жұмыстарды жасауға қаржы қажеттігін мәлімдеді. Облыс әкімі Қырымбек Елеуұлы бұл мәселеге орай облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасына қаржы бөлуді тапсырды.
Аймақ басшысы одан кейін биылғы жылдың қаңтар айында «Шардара» су қоймасынан төменге жіберілетін су бөлінісінде сәйкессіздіктер орын алғанын айтты. Содан соң, жіберілер судың жай-жапсарына қатысты  «Арал-Сырдария» бассейндік инспекциясы» мекемесі басшысының орынбасары Жұмахан Нұрсейітовтің есебін тыңдады.
– Қаңтар айының басында келісім бойынша «Шардарадан» төменге жіберілер су секундына 900 текше метрді құрап, оның 300 текше метрін «Көксарай» су реттегіші қабылдап, қалғаны дарияға түсу керек болатын.  Десе де, «Көксарайға» су жіберілмей, мол су дарияға түсті. Мұны уақытында білген жоқпыз. Алдағы уақытта бұл келеңсіздік қайталанбас үшін «Көксарайды» «ҚазСуШар» РМК-нің меншігіне өткізу мақсатында жұмыстар жасалуда, – деді ол.
Жаңақорған ауданы тұрғындары үшін таудан ағар қарғын судан төнер қауіп жоқ емес, бар. Өткен жылдары таудан ентелеген су аудан орталығының шеткі аймақтарын шайып кеткен болатын. Жауын-шашын мол түссе, ондай оқиғаның қайталанбасына ешкім кепілдік бере алмайды. Ал, қауіптің алдын алу үшін қарғын судың бағытын көлдер жүйесіне бұруға жұмыстар жасалуы тиіс. Аймақ басшысы Жаңақорған ауданының әкімі Ғалым Әміреевтен бұл мақсатта атқарылып жатқан іс-шаралар жоспарын тыңдады. Сонан соң, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Еркебұлан Бекжанов каналдар мен көлдер жүйесіне қатысты жұмыстар жайында баяндап берді. Оның айтуынша, Арал ауданындағы «Сағымбай» каналына шлюз орнату үшін тиісті қаржы мәселесі шешілмей отыр. Аймақ басшысы өз кезегінде қажетті соманы бөлудің қам-қарекеті жасалатынын айтты.
Табиғи апаттардың көпшілігі ауа райының қолайсыздығынан орын алып жатады. Сондықтан, ауа райының қалай құбылатынын алдын ала біліп отырудың маңызы зор. Жиында «Қазгидромед» РМК-нің облыстық филиалы басшысы Жұлдыз Қалымбетова өз мәліметтерімен бөлісті. Ауа райы маманының айтуынша, биылғы қыста жауын-шашын мол болмақ. Сондай-ақ, ол алдағы үш күнде көк тайғақ күтіліп отырғандығын жеткізді.
Аймақ басшысы мұнан соң мұз қату кезінде орын алатын қайғылы оқиғалардың алдын алу жайын назарға алды. Халық арасында түсіндірме жұмыстарын өз деңгейінде жүргізуге аса мән беру керектігіне тоқталды. Жиын соңында ол атқарылған жұмыстар бойынша жауаптылар желтоқсан айында есеп беретіндігін, тапсырманы орындамағандардың жауапкершілігі қаралатынын айтты.
Нағымжан САУЯЕВ.
АҚПАРАТ 18 қазан 2016 г. 1 180 0